ҚМГ мен CITIC Group арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге шықты
31.07.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Бейжің қаласына (ҚХР) жұмыс сапары барысында CITIC Group корпорациясының Директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуамен кездесті.
Тараптар Маңғыстау облысындағы бірлескен өндіруші кәсіпорын — «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) қызметін талқылады. Бірінші жартыжылдықта компания 1 млн 18 мың тонна мұнай өндірді.
ҚБМ-ның негізгі басымдықтарының бірі — ресурстық қорды толықтыру болып қала береді. Айта кетсек, бүгінде Теңіз жағалауы аймағы қарқынды дамуда. Ол өзінің тиімділігін растап, кен орнын одан әрі игеруге жаңа серпін берді. Учаскеде 8 бағалау және 12 пайдалану ұңғымалары бұрғыланды. Жобаны іске асыру аясында геологиялық қор көлемі 12 млн тоннаға дейін, ал өндірілетін қор 3 млн тоннаға дейін ұлғайды. Теңіз жағалауы аймағындағы бұрғылау жұмыстарының бастапқы жоспарында 25 ұңғыма қамтылған еді. Жүргізілген жұмыстардың сәтті нәтижелері ескеріліп, ұңғыма саны 48 дейін өсті. Күтілетін қосымша мұнай өндіру көлемі 50 мың тоннаны құрайды, жоспар бойынша 21 мың тонна.
Сонымен қатар ҚМГ мен CITIC арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды нәтижесі – Ақтаудағы «CASPI BITUM» зауытын ауқымды жаңғырту болды. Кәсіпорында мұнай өңдеу қуаты жылына 1,5 млн тоннаға, ал жол битумын шығару жылына 750 мың тоннаға жетті. Бүгінгі таңда жаңартылған зауыт ішкі сұранысты өтеп, нарықты жоғары сапалы отандық битуммен тұрақты түрде қамтамасыз етіп келеді. Бұл еліміз бойынша инфрақұрылымдық жобалар санының өсіп жатқанын ескерсек, ерекше маңызға ие.
— CITIC Group-пен бірлескен бастамаларды одан әрі іске асыру қолданыстағы активтердің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді және компаниялар арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтудағы маңызды қадам болады, — деді ҚМГ басшысы.