ҚазМұнайГаз және Honeywell технологиялық серіктестікті нығайтуда
21.09.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Нью-Йоркте (АҚШ) Honeywell Process Automation компаниясының (америкалық Honeywell корпорациясының бөлімшесі) жаһандық мәселелер жөніндегі президенті және бас атқарушы директоры Джеймс Массомен кездесті.
Тараптар технологияларды лицензиялау, өнеркәсіпті автоматтандыру және жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу саласындағы серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Бүгінде компаниялар озық технологияларды, соның ішінде технологиялық қондырғыларды тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша ынтымақтастық орнатты.
Атап айтқанда, ҚМГ зауыттарында технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері, технологиялық қондырғыларды басқаратын «автопилот» жүйелері (APC — Advanced Process Control), компьютерлік тренажер кешендері, сондай-ақ өндірісті жедел басқару жүйесі — MES (Manufacturing Execution System) және жабдықтарға мониторинг жүргізу жүйесі (Asset Performance Management) нәтижелі жұмыс істеп тұр.
Тараптар технология саласындағы ынтымақтастықтың табысты екенін атап өтіп, өндіріс тиімділігін арттыру үшін өнеркәсіпте ЖИ енгізу мәселелерін талқылады. Мұндағы негізгі бағыт — жабдықтың істен шығуын алдын алу үшін болжамды сараптамалық жүйелерді пайдалану. Қазіргі кезде Атырау мұнай өңдеу зауытында осы саладағы пилоттық жоба сынақтан өткізіліп жатыр.
Кездесу қорытындысы бойынша екі компанияның басшылары екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жандандыруға дайын екенін жеткізді.
ҚазМұнайГаз өзінің өндірістік кәсіпорындарында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізіп келеді. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, жасанды интелектіні өнеркәсіптік мақсаттарда кеңінен қолдану ерекше маңызға ие. ҚМГ серіктестерімен бірлесіп, мұнай-газ саласындағы цифрлық трансформацияны жалғастыратын болады, — деді А.Хасенов.