ҚМГ басшысы Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауытына арналған жабдықтарды дайындау барысымен танысты
04.07.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары кезінде Жаңаөзендегі жаңа газ өңдеу зауытына арналған негізгі жабдықтарды жасап жатқан Hangzhou Fortune Gas Cryogenic Group (Ханчжоу қаласы) кәсіпорнына барды.
Атап айтқанда, А.Хасенов жабдықтарды дайындау, модульдерді құрастыру барысымен, сапаны бақылау жүйесімен және Қазақстанға жөнелту кестесімен танысты.
Бүгінгі таңда ұзақ уақыт жасалатын жабдықтар дайындығының жалпы ілгерілеу көрсеткіші 48,3% құрап отыр. Барлығы 259 позициясының 92-сі аяқталды, 167-сі әзірленуде.
Сонымен қатар ҚМГ басшысы Янтай қаласындағы жалпы ауданы 1 млн шаршы метрді құрайтын модульдерді құрастыру зауытында болды. Өндіріс цехының жеке айлағы және теңізге шығар жолы бар. Жиналған модульдер Қазақстанға тікелей осы жерден жөнелтілетін болады.
Бұдан бұрын хабарлағандай, Жаңаөзен қаласындағы зауыттың құрылысында модульдік әдісі қолданылуда, бұл оны елдегі осыған ұқсас басқа кәсіпорындардан ерекшелендіреді. Басты технологиялық модульдер тапсырыс берілген зауытта дайындалып, кейін құрылыс алаңына жеткізіледі. Ол жерде модульдердің іргетасы қаланып, монтажы орындалады. Бұл дайындық деңгейін арттырып, жұмыс көлемін азайтады.
Жалпы салмағы 30 мың тоннаға жуық 38 модуль әзірленеді деп жоспарлануда. Олардың ұзындығы 45 метрге, ені 9 метрге және биіктігі 11,5 метрге жетеді.
А.Хасенов жабдықтардың уақтылы жасалып, оны Қазақстанға белгіленген мерзімде жеткізілуін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
Ірі жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылуда және жылына 900 млн м³ дейін табиғи және ілеспе газды өңдей алатын заманауи өндірістік кешен құруды көздейді. Зауыт Маңғыстау облысының халқы мен өнеркәсіптік нысандарын құрғақ газбен, сұйытылған мұнай газымен және пентан-гексан фракциясымен қамтамасыз етеді.