ҚМГ басшысы Жаңаөзендегі жаңа газ өңдеу зауыты құрылысының барысын тексерді
07.04.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде Жаңаөзендегі жаңа газ өңдеу зауытының құрылыс алаңында болды.
Қазіргі уақытта сыртқы электрмен жабдықтау нысаны салынып бітті, іске қосу мен баптау іс-шараларын өткізу үшін дайындық жүріп жатыр.
Инфрақұрылымдық нысандарды, соның ішінде өрт сөндіру бекеті, зертхана, қоймалар, әкімшілік-тұрмыстық корпус, оператор бөлмелері және резервуарларды салу жұмыстары жалғасуда.
Құрылыс алаңына жеңіл көмірсутектің кең фракциясын сақтауға арналған көлемі 500 м³ болатын үш сфералық резервуар және өртке қарсы су қорына арналған көлемі 6000 м³ екі резервуар жеткізілді. Сұйытылған көмірсутек газын сақтау үшін көлемі 2000 м³ төрт дана сфералық резервуарлардың бір бөлігі жеткізілді, қалғаны жолда келе жатыр. Бұл жабдықтарға арналған іргетас толық дайын болды.
Айта кетсек, зауытты салу кезінде модульдік құрылыс әдісі қолданылуда, бұл оны елдегі осыған ұқсас басқа кәсіпорындардан ерекшелендіреді. Басты технологиялық модульдер тапсырыс берілген зауытта дайындалып, кейін құрылыс алаңына жеткізілетін болады. Ол жерде олардың іргетасы мен негізі қаланып, сондай-ақ модульдерді құрастыру жұмыстары орындалады.
Өндіруші зауытта ұзақ уақыт дайындалатын 259 жабдық позициясының 53-і жасалды.
Болашақ кәсіпорынның айрықша маңызды элементі — Siemens газ турбинасының қозғалтқышы Швециядан ҚХР-ға жеткізіліп, сонда Siemens компрессорымен бірге құрастырылатын болады.
Құрылыс алаңына тартылған персоналдың жалпы саны шамамен 150 адамды құрайды.
Ірі жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылуда және жылына 900 млн м³ дейін табиғи және ілеспе газды өңдей алатын заманауи өндірістік кешен құруды көздейді. Зауыт Маңғыстау облысының халқы мен өнеркәсіптік нысандарын құрғақ газбен, сұйытылған мұнай газымен және пентан-гексан фракциясымен қамтамасыз етеді.