ҚМГ басшысы Новороссийск қаласындағы Каспий құбыр консорциумының нысандарын аралады
03.06.2026
Бүгін, 2026 жылғы 3 маусымда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов ҚМГ еншілес кәсіпорындарының өкілдерімен бірге Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында болды. Делегацияны өндірістік нысандарда КҚК бас директоры Николай Горбань және консорциумның басқа да басшылары бастап жүрді.
Делегация теңіз терминалының өндірістік нысандарын, соның ішінде негізгі басқару орталығын, теңіз және жағалау инфрақұрылымын, сондай-ақ резервуарлар паркін аралап көрді.
Қатысушыларға теңіз терминалының жұмыс қағидаттары мен жабдықтары таныстырылды. Магистральды құбыр арқылы жеткізілген мұнай алдымен таулы аймақта орналасқан теңіз терминалының резервуарлар паркіне түседі. Бұл - жалпы сыйымдылығы 1 млн тоннаға дейін жететін мұнай сақтау қоймасы. Мұнай буларының ауаға таралуын болдырмау үшін резервуарлар қатты әрі екі деңгейлі тығыздағышы бар қалқымалы қақпақтармен жабылған. Одан кейін мұнай резервуарлардан алаңаралық құбыр арқылы жағалаудағы нысандарға жеткізіліп, суасты құбырлар арқылы жағалаудан 5 шақырым қашықтықта орналасқан жылжымалы айлақ құрылғыларына айдалады. Сол жерден танкілерге тиеледі.
Бірлескен отырыста консорциумның өндірістік қауіпсіздік мәдениетін дамытудағы жетістіктері атап өтілді. Тараптар күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсету бағдарламаларын уақтылы орындау мәселелерін, сондай-ақ консорциум нысандарының сенімді жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы ҚМГ мен КҚК арасындағы өзара іс-қимылды талқылады.