ҚМГ басшысы Қытай компанияларын Қазақстандағы жаңа геологиялық барлау және мұнай-газ химиясы жобаларына қатысуға шақырды
02.09.2025
Бейжіңде (ҚХР) Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы өтті. Іс-шара барысында энергетика секторы мен тұрақты «жасыл» дамуды ілгерілету, логистикалық және өндірістік тізбектерді кеңейту мәселелері талқыланды. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Энергетика саласындағы практикалық ынтымақтастықты тереңдету және тұрақты жасыл дамуға қолдау» тақырыбындағы панельдік сессиясының жұмысына қатысып, сөз сөйледі.
Атап айтқанда, бүгінде ҚазМұнайГаз Қазақстандағы нарықтық капиталдандыруы ең жоғары компания саналады — оның құны $22,7 млрд бағаланған. ҚМГ халықаралық қаржы нарықтарының мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеуде және жиынтық көлемі 15 млрд юаньға дейін Дим Сам облигация шығару бағдарламасын бекітуді жоспарлап отыр.
— ҚМГ барлық бағыт бойынша ірі қытайлық компаниялармен тиімді ынтымақтастық орнатқан. Тек биылдың өзінде геологиялық барлау саласында Sinopec компаниясымен Березовский кен орны бойынша (БҚО), CNOOC-пен Жылыой учаскесі бойынша (Атырау облысы) келісімшарттар жасасты. Сонымен қатар CNODC компаниясымен бірлесіп, Достық учаскесін (Каспий маңы алабының Шығыс борты) зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Қытайлық серіктестер еліміздегі Береке (Атырау облысы) және Шу-Сарысу (Ұлытау) сияқты басқа да перспективті геологиялық жобаларға қызығушылық танытуда, — деді А.Хасенов.
Бұл ретте жаңа инвестиция үшін үлкен мүмкіндік бар, өйткені 15 шөгінді алабының ішінен өндіру жұмыстары тек бесеуінде ғана жүргізілуде. ҚМГ басшысы қытайлық компанияларды еліміздегі жаңа учаскелерді зерттеуге шақырды.
Мұнай өндіру саласына тоқталсақ, бүгінде ҚМГ-мен бірлескен жобалардағы қытайлық компаниялар үлесіне тиесілі мұнай өндірудің көлемі жылына 5,5 млн тоннаны құрайды.
— Біз операциялық активтерде өндіру деңгейін ұлғайту үшін жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз, — деп атап өтті А.Хасенов.
Сондай-ақ ҚМГ басшысы қытайлық серіктестермен мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастық туралы айтты. Қазіргі кезде «Полиэтилен» (жылына 1,25 млн тонна өнім) және «Карбамид» (жылына 880 мың тонна өнім) жобаларын бірлесіп іске асырылуда. CNPC-мен бірге қолға алынған маңызды әрі ірі жобалардың бірі — Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру.
Бұдан бөлек ҚМГ қытайлық серіктестерімен IT саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруда.