ҚМГ басшысы Жаңаөзендегі гибридті электр станциясының құрылыс барысымен танысты
23.06.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде Жаңаөзендегі гибридті электр станциясының құрылыс алаңына барды. Бұл жоба ҚМГ-ның Төмен көміртекті даму бағдарламасы аясында италиялық Eni компаниясымен бірлесіп іске асырылуда.
Жалпы қуаты 247 МВт болатын жоба үш генерация көзін біріктіреді:
- күн электр станциясы – 50 МВт,
- жел станциясы – 77 МВт,
- газ станциясы – 120 МВт.
Бұл Қазақстанда осындай гибрид форматындағы алғашқы энергетикалық кешен.
Қазіргі уақытта газ электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Алаңда Wartsila компаниясы шығарған барлық алты газ поршенді агрегат монтаждалды, машина залының ғимараты бой көтерді. Алаңішілік инженерлік желілер салынып, негізгі жабдықты іске қосу және оларды бір-бірімен технологиялық тұрғыдан байланыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қуаты 110 кВ қосалқы станцияның құрылысы аяқталып, іске қосу-баптау іс-шаралары басталды.
Жел электр станциясы бойынша ерте құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жел турбиналарының бөлшектері жасалып жатыр.
2025 жылғы қыркүйек айында ҚМГ мен Eni күн электр станциясын іске қосқан болатын. Ол өңірде күн генерациясының тиімділігін растай отырып, осы уақытқа дейін 50 млн кВт·сағ астам электр энергиясын өндірді. Жалпы станция жылына шамамен 86 млн кВт·сағ таза электр энергиясын өндіретін болады.
Жаңа нысан декарбонизациялау және көміртегі ізін азайтуға бағытталған стратегиясын қолдай отырып (гибридті станцияда өндірілетін электр энергиясының шамамен 40% толығымен «жасыл» болады), Маңғыстау облысындағы ҚМГ-ның еншілес компанияларын, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «ҚазГӨЗ» ЖШС-ін электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуді жолға қоюға мүмкіндік береді.
Құрылысқа 1000-нан астам адам жұмылдырылған, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 70-ке дейін жаңа жұмыс орны ашылады.