ҚМГ басшысы Жаңаөзендегі гибридті электр станциясының құрылысымен танысты
24.05.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Жаңаөзен қаласындағы гибридті электр станциясының құрылыс алаңына барды. Бұл ҚМГ мен италиялық Eni S.p.A. компаниясының бірлескен жобасы. Ол ұлттық компанияның төмен көміртекті даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Қуаты 247 МВт болатын электр станциясы күн (50 МВт), жел (77 МВт) және газ (120 МВт) энергиясында жұмыс істейді. Мұндай гибридті жоба Қазақстанда алғаш рет іске асырылуда.
Декарбонизация стратегиясын қолдаудан және көміртегі ізін төмендетуден басқа (гибридті станцияда өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 40%-ы толығымен «жасыл» болады) жаңа нысан бұл өңірдегі ҚМГ-ның еншілес компанияларын, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «ҚазГӨЗ» ЖШС-ін энергия қуатымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Гибридті электр станциясының құрылыс жұмыстарына 800-ге жуық адам тартылды, нысан пайдалануға берілген соң 70-ке дейін жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазіргі уақытта газ электр станциясының құрылыс алаңында ерте жұмыстар аяқталды. Уақытша электр энергиясымен жабдықтау және вахталық қалашықты жайластыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ алты қозғалтқыштың 4-уіне зауыттық сынақтар жүргізілді. Сыртқы инженерлік желілердің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Күн электр станциясында 81,3 мың фотоэлектрлік панельді монтаждау аяқталды. Жел электр станциясының жел турбиналарын жеткізетін компанияны таңдау рәсімі жүріп жатыр.
Күн электр станциясы 2025 жылдың III тоқсанында, ал газ және жел электр станциясын 2026 жылы іске қосу жоспарланған.