Ресурстық базаны толықтыру: Қызылордада геологиялық барлау жоспарлары талқыланды
05.05.2026
Қызылорда қаласында өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің қатысуымен геологиялық барлауды дамыту мәселелері бойынша жиын өтті.
Отырыста геологиялық зерттеулердің нәтижелері және Қызылорда облысының ресурстық базасын толықтыру бағытындағы ұлттық компанияның жоспарлары қаралды. ҚМГ-ның 2026-2029 жылдарға арналған ауқымды геологиялық барлау бағдарламасы 23 жобаны қамтиды, оның ішінде 2 жоба осы өңір аумағында орналасқан.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚМГ өткен жылы Торғай Палеозой учаскесінде алғашқы терең ұңғыманы (5585 м) өз күшімен бұрғылап, жыныстар астында палеозой шөгінді кешенінің қабаттасып жатқанын растады. Алынған деректерді талдау нәтижелері бойынша ары қарай зерттеу перспективалары анықталды.
Ұлттық компания Оңтүстік Торғай бассейнін зерттеуді жалғастыруда және «Торғай Палеозой №2» жобасын бастауға ниетті. Минималды жұмыс бағдарламасының көлемі 1000 бойлық км 2D және 3000 шаршы км көлеміндегі 3D сейсмикалық барлаудың тарихи деректерін қайта өңдеуді қамтиды. Кешенді талдау жүргізіп және перспективті аймақты анықтағаннан кейін 250 шаршы км көлемінде 3D сейсмикалық барлау жүргізіп, тереңдігі 4500 м болатын ұңғыманы бұрғылау жоспарлануда.
Келесі стратегиялық маңызды жоба — «Белес». Ол өңір үшін көмірсутек шикізатының жаңа түрі — тақтатас мұнайын игеруге бағытталған. Белес учаскесі Қызылордадағы ірі кен орындардың бірі — Құмкөлге жақын орналасқан. Тақтатас мұнайын игеру перспективаларын айқындау мақсатында жоба аясында тереңдігі 3500 метр болатын ұңғыма бұрғыланады және мұнай түзуші жыныстардан керн алынып, геохимиялық зерттеулер жүргізілетін болады.
Жалпы, А.Хасенов атап өткендей, ҚазМұнайГаз ұлттық компания ретінде ресурстық базаны толықтыру үшін өз қызметін жүргізетін өңірлерде және аз зерттелген шөгінді бассейндер бойынша геологиялық барлаудың ғылымға негізделген жүйелі бағдарламасын іске асыруды жалғастырады.