ҚМГ еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы шараларды күшейтуде
28.11.2025
Ақтауда еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне арналған жыл сайынғы HSE-2025 форумы өтті. Іс-шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы, ҚМГ еншілес компанияларының, Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В, Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В. өкілдері және сарапшылар қатысты.
Форумға қатысушылар өндірістік жарақаттануды азайту, қауіпсіздік мәдениетін жақсарту мәселелерін талқылап, цифрлық шешімдерді енгізу бойынша өзара тәжірибе алмасты.
ҚМГ басшысы Асхат Хасенов ұлттық компания еңбекті қорғау мен өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келіп жатқанын атап өтті. ҚМГ компаниялары тобында тәуекелдерді төмендетуге және «жарақаттану деңгейін нөлге жеткізуге» бағытталған шаралар кешені іске асырылып, жасанды интеллект негізінде цифрлық жобалар енгізілді.
Атап айтқанда, ҚМГ еншілес кәсіпорындарында ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу, қауіпті технологиялық операцияларды жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «TUMAR» автоматтандырылған интеллектуалды жүйесі енгізілуде.
Сонымен қатар электронды нарядтар жүйесі қауіптілігі жоғары жұмыстарды бақылауға мүмкіндік берді.
— Еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік мәселелері — ҚМГ үшін негізгі басымдық. Ұлттық компания тәуекелдерді азайтуға, оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіздік мәдениетін арттыруға мүмкіндік беретін интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізуде. Біз қызметкерлердің құзыретін дамыту және өндірістік алаңдарымызда цифрлық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстарды жалғастырамыз, — деді А.Хасенов.
Форум қорытындысы бойынша келесі жылға арналған негізгі міндеттер айқындалып, «жарақаттану деңгейін нөлге жеткізу» және қауіпсіздік мәдениетін нығайту бойынша ҚМГ-ның және серіктестердің бірлескен жоспарлары анықталды. Басымдықтардың қатарында — бірыңғай талаптарды қамтамасыз ететін және өндірістік процестердің барлық қатысушыларының жауапкершілігін арттыратын мердігерлік ұйымдармен жұмыс жөніндегі жаңартылған корпоративтік стандартты енгізу бар.