ҚМГ басшысы Абу Дабидегі мұнай-газ форумында компанияның стратегиялық басымдықтары туралы айтып берді
04.11.2025
Абу Даби қаласында (БАӘ) өткен ADIPEC халықаралық конференциясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Қазақстан таза энергия көздеріне көшу жолында: тұрақты даму мен жаңару бағыты» тақырыбында сөз сөйледі.
ҚМГ басшысы өз сөзінде жаһандық энергетикалық трансформация жағдайында компания әлемдік нарықтағы өзгерістерге белсенді бейімделіп, тұрақты дамудың ұзақ мерзімді стратегиясын белгілеп жатқанын атап өтті.
— Ұлттық компанияның стратегиясы құны жоғары өнімнің барлық тізбегін дамытуға бағытталған. Мұнай мен газ өндіру — Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінің негізі және экономикалық өсудің қуатты қозғаушы күші болып қала береді. Сонымен қатар энергетика саласындағы жаһандық өзгерістер бізден бизнесті одан әрі дамытуды және әртараптандыруды талап етеді. Өз қызметімізді көшбасшы болып отырған барлық секторларда кеңейтіп, компания портфелін алдағы сын-қатерлерге дайындап, барынша тұрақты етудеміз, — деді А.Хасенов.
Бүгінде ҚМГ елдің минералды-шикізат базасын толықтыру үшін геологиялық барлау жұмыстарын өз күшімен және халықаралық жетекші компаниялармен ынтымақтаса отырып, белсенді жүргізуде. Бұл серіктестік тек инвестиция ғана емес, сонымен қатар технология мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Жалпы іске асырылып жатқан геологиялық барлау жобаларының әлеуеті шамамен 800 млн тонна мұнай эквивалентін құрайды.
Сондай-ақ ұлттық компания энергия ресурстарын сенімді жеткізушісі ретінде әлемдік энергетикалық нарықтағы өз позициясын нығайтып келеді. А.Хасенов ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға және мұнай-химиясы жобаларын дамытуға қомақты қаражат салып жатқанын айтты. Бұл жобалар көмірсутекті жоғары сапалы өнімдерге айналдыра отырып, компанияны нарықтағы тұрақсыздықтан қорғауға өз үлесін қосады.
— Мұнай-газ химиясы — жаңа өсу нүктесі және ел экономикасы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. ҚМГ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясы саласын жүйелі дамытып келеді. Бұл сала индустрияландырудың және шикізат экспортынан терең өңдеуге көшудің негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Атырау облысында полипропилен шығаратын KPI интеграцияланған газ-химиясы кешені жұмыс істейді, сонымен қатар полиэтилен өндіретін ірі зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта ПЭТФ (полиэтилентерефталат) және Карбамид жобаларын іске асыру жоспарда бар. Мұның бәрі Қазақстанның импортқа тәуелділігін төмендетуге және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті ҚМГ басшысы.
А.Хасенов «жасыл» энергетиканы дамыту мәселесіне жеке тоқталды. ҚМГ халықаралық компаниялармен серіктесе отырып, жаңартылатын энергия көздері бағытындағы жобаларды іске асырып жатқаны белгілі.
— Біз үшін әртараптандыру мұнай мен газдан бас тарту деген сөз емес, керісінше технология, серіктестік және инновациялық шешімдер арқылы мұнай әлеуетінің жаңа бағыттарын ашу. Мұнай — біздің стратегиялық ресурсымыз және отандық өнеркәсіпті одан әрі дамытуға өз үлесін қоса береді, — деп түйіндеді А.Хасенов.