«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2025 жылғы қаржы нәтижелері
26.03.2026
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «ҚМГ», «Компания»), Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясы тәуелсіз аудитордың есебімен қоса, 2025 жылға арналған халықаралық қаржы есептіліктің стандарттарына (ХҚЕС) сәйкес дайындалған шоғырландырылған қаржы есебін жариялады.
2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылғы негізгі қаржылық көрсеткіштер[1]:
- Түсім 8 330 млрд теңгемен (17 750 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 9 371 млрд теңгені (17 977 млн АҚШ доллары) құрады;
- EBITDA көрсеткіші 2 001 млрд теңгемен (4 264 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 2 393 млрд теңгені (4 591 млн АҚШ доллары) құрады;
- Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесін қоса алғанда, Компанияның таза пайдасы 1 094 млрд теңгемен (2 332 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 1 072 млрд теңгені (2 056 млн АҚШ доллары) құрады;
- Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесіне түзетілген таза пайда[2] 1 264 млрд теңгемен (2 694 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 1 277 млрд теңгені (2 449 млн АҚШ доллары) құрады;
- Бос ақша ағымы 1 199 млрд теңгемен (2 555 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 1 233 млрд теңгені (2 365 млн АҚШ доллары) құрады;
- Жалпы қарыз 2024 жылғы 31 желтоқсандағы 3 967 млрд теңге (7 555 млн АҚШ доллары) мөлшеріндегі көрсеткішпен салыстырғанда 2025 жылғы 31 желтоқсанда 3 522 млрд теңгені (6 967 млн АҚШ доллары) құрады;
- Компанияның таза қарызы 2024 жылғы 31 желтоқсандағы 1 163 млрд теңге (2 214 млн АҚШ доллары) көрсеткішімен салыстырғанда 2025 жылғы 31 желтоқсанда 375 млрд теңгені (742 млн АҚШ доллары) құрады.
| Көрсеткіштің атауы | Өлш. бірл. | 2025 | 2024 | % |
| Мұнай, Dated Brent [3] | $/барр. | 69,10 | 80,76 | -14,4% |
| Мұнай, KEBCO3 | $/барр. | 69,88 | 80,73 | -13,4% |
| Орташа бағам | теңге/ АҚШ долл. | 521,31 | 469,31 | 11,1% |
| Түсім | млрд теңге | 9 371 | 8 330 | 12,5% |
| Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес | млрд теңге | 781 | 531 | 46,9% |
| Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд | млрд теңге | 985 | 701 | 40,5% |
| Таза пайда | млрд теңге | 1 072 | 1 094 | -2,0% |
| Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлеске түзетілген таза пайда | млрд теңге | 1 277 | 1 264 | 1,0% |
| EBITDA[4] | млрд теңге | 2 393 | 2 001 | 19,6% |
| EBITDA түзетілген көрсеткіші[5] | млрд теңге | 2 598 | 2 171 | 19,7% |
| Күрделі шығындар (есептеу әдісі бойынша) | млрд теңге | 682 | 716 | -4,7% |
| Күрделі шығындар (кассалық әдіс бойынша) | млрд теңге | 668 | 645 | 3,5% |
| Бос ақша ағымы[6] | млрд теңге | 1 233 | 1 199 | 2,8% |
| Жалпы қарыз[7] | млрд теңге | 3 522 | 3 967 | -11,2% |
| Таза қарыз[8] | млрд теңге | 375 | 1 163 | -67,7% |
2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылғы негізгі өндірістік көрсеткіштер[9]:
- ҚМГ көмірсутегінің дәлелденген және ықтимал қоры (2P) 1,1% өсіп, 724 млн тонна м.э. құрады;
- Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 10,0% өсіп, 26 211 мың тоннаға жетті;
- Мұнай тасымалдау көлемі 0,2%-ға төмендеп, 83 330 мың тоннаны құрады;
- Қазақстандық және румыниялық мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 9,5%-ға өсіп, 20 980 мың тоннаны құрады.
| 2025 (ҚМГ үлесі) | 2024 (ҚМГ үлесі) | % | |
| Өндіру: | |||
| Мұнай және конденсат, мың тонна | 26 211 | 23 837 | +10,0% |
| Газ, млн м3 | 11 450 | 9 554 | +19,8% |
| Тасымалдау, мың тонна | 83 330 | 83 478 | -0,2% |
| Өңдеу, мың тонна | 20 980 | 19 158 | +9,5% |
2025 жылғы қаржылық нәтижелерге шолу
Түсім
Компанияның 2025 жылғы түсімі 9 371 млрд теңгені (17 977 млн АҚШ доллары) құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 12,5% жоғары болды. Әлемдік мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, түсімнің өсуі теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреуімен, сондай-ақ KMG International және КМГ Корпоративтік орталығы деңгейінде мұнай өнімдерін өткізуден түсетін кірістердің артуымен байланысты болды. Есепті кезеңде KMG International зауыттарында өңдеу көлемі 2024 жылы жүргізілген жоспарлы күрделі жөндеуден кейін өндірістік қуаттардың қалпына келуі және жеңіл гидрокрекинг қондырғысының қайта іске қосылуы есебінен айтарлықтай артты. Сонымен қатар «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС деңгейінде мұнай өңдеуден түсетін кірістердің төмендеуі байқалды, бұл негізінен мұнай өңдеудің орташа өлшенген тарифінің төмендеуімен және өңдеу көлемдерінің қысқаруымен байланысты. Бұдан бөлек, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС деңгейінде түсімнің төмендеуі негізінен КҚК тарапынан Aframax үлгісіндегі танкерлер үшін партияларды бөлу жоспарының өзгеруі нәтижесінде мұнайды теңіз арқылы тасымалдау көлемінің қысқаруына байланысты болды.
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес 46,9% ұлғайып, 781 млрд теңгені (1 497 млн АҚШ доллары) құрады. Өсім негізінен «Теңізшевройл» ЖШС-ның пайдасындағы үлестің 109 млрд теңгеге (209 млн АҚШ доллары) ұлғаюымен байланысты, бұл Болашақ кеңейту жобасы аясында жаңа Үшінші буын зауытының сәтті іске қосылуы және қуаттардың ұлғаюы аясында түсімнің өсуіне байланысты. Сондай-ақ өсім Каспий Құбыр Консорциумындағы үлестің 101 млрд теңгеге (195 млн АҚШ доллары) ұлғаюымен байланысты болды, бұл Теңіз кен орнынан мұнай тасымалдау көлемдерінің артуы және теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының өзгеруі нәтижесінде қалыптасты. Бұдан бөлек, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-дағы үлес 21 млрд теңгеге (41 млн АҚШ доллары) ұлғайды, бұл 2024 жылғы жоспарлы жөндеумен салыстырғанда есепті кезеңде зауыттың үздіксіз жұмыс істеуі нәтижесінде көмірсутек шикізатын өңдеу көлемдерінің артуымен байланысты.
EBITDA
2025 жылы EBITDA көрсеткіші 2 393 млрд теңгені (4 591 млн АҚШ доллары) құрап, 19,6% өсті. Өсім негізінен Шикі мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеу және өткізу сегментінде және ҚМГ Корпоративтік орталығы деңгейінде түсімнің ұлғаюымен, сондай-ақ Мұнай мен газды барлау және өндіру, Мұнай тасымалдау және Шикі мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеу және өткізу сегменттерінде бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлестің артуымен байланысты.
EBITDA түзетілген көрсеткіші
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлестің орнына бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд мөлшерін көрсететін EBITDA түзетілген көрсеткіші 19,7% артып, 2 598 млрд теңгеге (4 984 млн АҚШ доллары) жетті.
Таза пайда
Компанияның таза пайдасы 2024 жылмен салыстырғанда 2,0% төмендеп, 1 072 млрд теңгені (2 056 млн АҚШ доллары) құрады. Таза пайданың төмендеуі теріс бағамдық айырманың қалыптасуымен[10], өндірістік шығыстардың және тозу, сарқылу және амортизация бойынша шығыстардың өсуімен, сондай-ақ басқа да қаржылық кірістің төмендеуімен[11] байланысты.
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлеске түзетілген таза пайда
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесіне түзетілген таза пайда 1,0% өсіп, 1 277 млрд теңгені (2 449 млн АҚШ доллары) құрады.
Сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдері мен басқа да материалдардың өзіндік құны
Сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдері мен басқа да материалдардың өзіндік құны 15,9% артып, 5 040 млрд теңгені (9 667 млн АҚШ доллары) құрады. Көрсеткіштің өсуі негізінен KMG International деңгейінде Петромидия зауытында өңдеу көлемдерінің артуына байланысты өңдеуге сатып алынатын шикі мұнай көлемдерінің ұлғаюымен байланысты.
Операциялық шығындар
Өндірістік шығыстар 13,6% өсіп, 1 589 млрд теңгені (3 047 млн АҚШ доллары) құрады. Өсім компанияның қызметі жүзеге асырылатын өңірлерде өндірістік персоналдың жалақы бойынша шығыстарының артуымен, негізінен KMG International, «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС деңгейінде электр энергиясына шығыстардың ұлғаюымен, сондай-ақ «KMG Systems & Services» ЖШС және «Өзенмұнайгаз» АҚ деңгейінде жөндеу және қызмет көрсету бойынша шығыстардың өсуімен байланысты.
Есепті кезеңде тасымалдау және өткізу шығыстары 319 млрд теңгені (612 млн АҚШ доллары) құрап, 2024 жылғы көрсеткіштен 19,1% жоғары болды. Өсім негізінен «ҚМГ Қашаган Б.В.» ЖШЖК және KMG International деңгейінде мұнайды тиеу, тасымалдау және сақтау бойынша шығыстардың ұлғаюымен байланысты.
Жалпы және әкімшілік шығыстар 14,0% азайып, 219 млрд теңгені (419 млн АҚШ доллары) құрады, бұл негізінен сенімгерлік басқару бойынша шығыстарының азаюымен байланысты. 2025 жылы Компания «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес ұйымы «QazaqGaz» ҰК АҚ-ға «ҚазРосГаз» ЖШС бірлескен кәсіпорнындағы 50% қатысу үлесін сенімгерлік басқару қызметі үшін 19 млрд теңге (37 млн АҚШ доллары) мөлшерінде сыйақыны есепке жазды, ал 2024 жылы бұл шығыстар 53 млрд теңгені (114 млн АҚШ доллары) құраған болатын.
Табыс салығынан басқа салықтар 593 млрд теңгені (1 137 млн АҚШ доллары) құрап, 2024 жылғы деңгейде сақталды. Бұл ретте 2025 жылы жеңіл мұнай өнімдерін өткізу көлемінің артуына және мұнай өнімдеріне акциз мөлшерлемесінің өсуіне байланысты ҚМГ Корпоративтік орталығы деңгейінде акциз бойынша шығыстардың ұлғаюы «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ деңгейінде шикі мұнай экспортына рента салығы бойынша шығыстардың төмендеуімен, сондай-ақ мұнай бағасының төмендеуі нәтижесінде «ҚМГ Қашаган Б.В.» ЖШЖК деңгейінде шығыстардың азаюымен өтелді.
Негізгі құралдардың, материалдық емес активтердің және барлау шығыстарының құнсыздануы
2025 жылы негізгі құралдардың, материалдық емес активтердің және негізгі құралдарды салу үшін берілген ұзақ мерзімді аванстардың, сондай-ақ барлау шығыстарының құнсыздану жалпы сомасы 36 млрд теңгені (69 млн АҚШ доллары) құрады. Негізгі құралдар бойынша құнсыздану шығыстары 15 млрд теңгені (30 млн АҚШ доллары) құрап, негізінен Жаңаөзен қаласындағы теңіз суын тұщыту зауыты мен жеткізуші инфрақұрылымның құнсыздануына қатысты болды. Барлау және бағалау активтері бойынша құнсыздану шығыстары 20 млрд теңгені (39 млн АҚШ доллары) құрады, оның ішінде негізінен «Торғай Палеозой» жобасы бойынша 19 млрд теңге (36 млн АҚШ доллары).
Күрделі шығындар
Есептеу әдісі бойынша күрделі шығындар 682 млрд теңгені (1 309 млн АҚШ доллары) құрап, өткен кезеңмен салыстырғанда 4,7% төмендеді, бұл негізінен күрделі шығындардың төмендеуімен байланысты:
– Мұнай мен газды барлау және өндіру сегментінде «Өзенмұнайгаз» АҚ («Ak Su KMG» ЖШС), «ҚМГ Қашаган Б.В.» ЖШЖК және Dunga Operating GmbH компанияларының инвестициялық жобаларын іске асырудың жекелеген кезеңдерінің аяқталуына байланысты;
– ҚМГ Корпоративтік орталығы деңгейінде 2024 жылы Абай ұңғымасын бұрғылауға жұмсалған шығыстардың болуына байланысты;
– Шикі мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеу және өткізу сегментінде, бұл негізінен 2024 жылы KMGInternational зауытында жүргізілген күрделі жөндеумен байланысты.
Ақша ағымдары бөлінісінде күрделі шығындар 668 млрд теңгені (1 281 млн АҚШ доллары) құрап, 3,5% өсті. Көрсеткіштің өсуі негізінен «KMG PetroChem» ЖШС, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ деңгейінде негізгі құралдарды сатып алуға жұмсалған шығыстардың ұлғаюымен байланысты.
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер 2024 жылғы 701 млрд теңгемен (1 494 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 40,5% өсіп, 985 млрд теңгені (1 890 млн АҚШ доллары) құрады. Өсудің негізгі драйверлері «Теңізшевройл» ЖШС-дан алынған дивидендтердің 390 млрд теңгеден (831 млн АҚШ доллары) 684 млрд теңгеге (1 311 млн АҚШ доллары) дейін ұлғаюы, Каспий құбыр консорциумы жобасы бойынша дивидендтердің 35,8% өсіп, 144 млрд теңгеге (276 млн АҚШ доллары) жетуі, сондай-ақ «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС және «Қазгермұнай» БК» ЖШС-дан алынған дивидендтердің ұлғаюы болды.
Бос ақша ағымы
Бос ақша ағымы 2024 жылмен салыстырғанда 2,8% өсіп, 1 233 млрд теңгені (2 365 млн АҚШ доллары) құрады. Көрсеткіштің өсуі операциялық қызметтен алынған таза ақша ағымдарының ұлғаюымен, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтердің өсуі есебінен байланысты болды..
Қарызды басқару
Борыштық жүктеме көрсеткіштері
| Көрсеткіштің атауы | Өлш. бірл. | 2025 жылғы 31 желтоқсан | 2024 жылғы 31 желтоқсан | % |
| Облигация | млрд теңге | 3040 | 3288 | -7,5% |
| Қарыз | млрд теңге | 482 | 679 | -29,0% |
| Жалпы қарыз | млрд теңге | 3522 | 3967 | -11,2% |
ҚМГ-ның жалпы қарызы негізінен АҚШ долларымен номинацияланған (2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 69%). Есепті кезеңде Компания қарыз көлемін 2024 жылғы 31 желтоқсандағы деңгеймен салыстырғанда доллармен 7,8% төмендетіп, 6 967 млн АҚШ долларына дейін және теңгемен 11,2% төмендетіп, 3 522 млрд теңгеге дейін қысқартты.
2025 жылғы қазанда Компания 1 250 млн қытай юані мөлшерінде, купондық мөлшерлемесі 2,95%, кірістілігі 3,15% және өтеу мерзімі 5 жыл болатын қытай юанімен номинацияланған облигациялар шығарды. Шығарылым Гонконг қор биржасында және Астана халықаралық биржасында тіркелді.
2025 жылғы желтоқсанда Компания өтеу мерзімі 2047 және 2048 жылдарға тиесілі, Лондон қор биржасында орналастырылған облигацияларды жалпы номиналды құны 500 млн АҚШ доллары көлемінде ішінара мерзімінен бұрын сатып алуды жүзеге асырды.
2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қарыздар 29,0% төмендеп, 482 млрд теңгені (954 млн АҚШ доллары) құрады. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Халық банкінен алынған қарызды, пайыздарды қоса алғанда, 65 млрд теңге сомасында толық өтеді. KMG International Bank of Tokyo-Mitsubishi UFJ, Ltd. банкінің қарызын пайыздарды қоса алғанда, 76 млн АҚШ доллары (40 млрд теңгеге баламалы) сомасында ішінара өтеді.
2025 жылы ҚР Энергетика министрлігінің Абай жобасы бойынша жер қойнауын пайдалану шартының тоқтатылғаны туралы хабарламасына сәйкес Компания Эни Исатайдан алынған қарызды, пайыздарды қоса алғанда, 25 млрд теңге сомасында тануды тоқтатты.
Таза қарыз
2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша таза қарыз 375 млрд теңгені (742 млн АҚШ доллары) құрады, 2024 жылғы 31 желтоқсанмен салыстырғанда теңгемен 67,7% және долларлық мәнде 66,5% төмендеді.
Ақша қаражаты
Шоғырландырылған ақша қаражаты мен олардың баламалары, сондай-ақ депозит түріндегі ақша қаражаты
2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша шоғырландырылған ақша қаражаты мен олардың баламалары, оның ішінде депозиттер түріндегі ақша қаражаты 2024 жылғы 31 желтоқсанмен салыстырғанда 12,2% ұлғайып, 3 147 млрд теңгені құрады. Долларлық мәндегі көрсеткіш 2024 жылғы 31 желтоқсанмен салыстырғанда 16,6% артып, 6 225 млн АҚШ долларын құрады.
2025 жылғы басты корпоративтік оқиғалар:
- 2025 жылғы 8 қаңтарда «Ембімұнайгаз» АҚ-да Атырау облысындағы Тайсойған учаскесінде алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылау басталды.
- 2025 жылғы 24 қаңтарда «Теңізшевройл» ЖШС Болашақ кеңейту жобасын іске асырудағы маңызды кезеңді аяқтады – Теңіз кен орнындағы жаңа үшінші буын зауытында шикі мұнай өндіру ісі басталды.
- 2025 жылғы 10 ақпанда ҚМГ-ға 2023 жылға арналған Carbon Disclosure Project халықаралық рейтингінде «В» рейтингі берілді. Бұрын баға «С» деңгейінде болған.
- 2025 жылғы 7 наурызда ҚМГ Маңғыстау облысында орналасқан «Болашақ» жер қойнауы учаскесіндегі күрделі жоба бойынша Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен ҚМГ арасында көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа қол қойды.
- 2025 жылғы 11 наурызда «CASPI BITUM» БК» ЖШС-де мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайта отырып, жаңғырту жобасын іске асырудың соңғы кезеңі басталды. Бұл жоба Т-1102 вакуумдық колоннаны монтаждауды да қамтиды.
- 2025 жылғы 17 наурызда Компания мен «СИБУР Холдинг» ЖАҚ «Полимер Продакшн» ЖШС жарғылық капиталына 60% қатысу үлесін сатып алу-сату шартына қол қойды.
- 2025 жылғы 7 сәуірде «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС, LanzaJet. Inc. және «KazFoodProducts» ЖШС компаниялары Sustainable Aviation Fuel (SAF) экологиялық авиациялық отын өндіретін зауыт салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қатысты келісімге қол қойды.
- 2025 жылғы 30 сәуірде ҚМГ мен CNOOC «Жылыой» жер қойнауын пайдалану жобасын бірлесіп іске асыру шарттары мен стратегиялық серіктестікті бекітетін Бірлескен қызмет туралы келісім мен Қаржыландыру туралы келісімге қол қойды.
- 2025 жылғы 29 мамырда өткен Акционерлердің жылдық жалпы жиналысының (АЖЖЖ) нәтижелері бойынша акционерлер Компанияның дивиденд саясатын, Директорлар кеңесінің ұсынымын басшылыққа ала отырып, 2024 жылғы аудит жүргізілген қаржылық көрсеткіштер негізінде 2024 жылғы пайдадан төленетін бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшерін 491,71 теңге көлемінде бекітті. 25 маусымдағы жағдай бойынша ҚМГ 2024жылға жиынтық сомасы 300 млрд теңге мөлшеріндегі дивиденд төлеуді аяқтады.
- 2025 жылғы 16 маусымда ҚМГ мен SINOPEC компаниялары «Березовский» барлау жобасы бойынша бірлескен қызмет туралы және қаржыландыру туралы келісімдерге қол қойды.
- 2025 жылғы 27 маусымда S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі ҚМГ-ның кредит қабілеті мен қаржылық орнықтылығының жақсаруына байланысты ҚМГ кредиттік рейтингін «ВВВ-» деңгейіне көтерді, болжам «тұрақты».
- 2025 жылғы 3 шілдеде «Петромидия» (Румыния) МӨЗ-дегі қуаты 80 МВт/сағ болатын жаңа жылу электр станциясының технологиялық сынақтары сәтті аяқталды.Нәтижесінде МӨЗ қажеттіліктері толық қамтамасыз етіледі, электр энергиясы шығындары 43% төмендейді.
- 2025 жылғы 4 тамызда ҚМГ хорват порты Омишаль арқылы Мажарстандағы MOL Group мұнай өңдеу зауытына 85 мың тонна көлемінде Қазақстан мұнайын бірінші рет жөнелтті, жүк «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық тасымалдаушысының «Alatau» танкерімен жеткізілді. ҚМГ, MOL Group және JANAF өкілдерінің кездесу қорытындысы бойынша болашақ мұнай жеткізу туралы Негіздемелік келісімге қол қойылды.
- 2025 жылғы 5 тамызда «KMG PetroChem» ЖШС Теңіз кен орнында қуаты жылына 9,1 млрд м3 құрғақ газ болатын газ сепарациялау кешенін салуға Consolidated Contractors International Company (CCIC, Ливан) консорциумымен Tecnimont S.p.A. (Италия) компаниясымен EPC‑келісімшарт жасасты.
- 2025 жылғы 6 тамызда «Ембімұнайгаз» АҚ Оңтүстік-Батыс Қамысты кен орнында қуаты 4,8МВт болатын газ поршенді электр станциясын іске қосып, ілеспе мұнай газын кәдеге жарату жобасын іске асырды, бұл электр энергиясы шығындарын 55% қысқартады және өндірістің экологиялық тиімділігін арттырады.
- 2025 жылғы 13 қыркүйекте ҚМГ Баку – Тбилиси – Жейхан құбыр жүйесі арқылы мұнай экспортын қайта бастады. Ақтау портынан 8,8 мың тонна Қашаған мұнайы жөнелтілді.
- 2025 жылғы 17 қыркүйекте «KMG Barlau» ЖШС ҚМГ ресурстық базасын ұлғайтуға бағытталған 2025-2027 жылдарға арналған жер қойнауын геологиялық зерттеу бағдарламасы шеңберінде Атырау облысындағы Береке учаскесінде 3D және Ұлытау облысындағы Шу-Сарысу учаскесінде 2D сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізеді.
- 2025 жылғы 22 қыркүйекте ҚМГ және америкалық LanzaJet компаниясы Қазақстанда тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіретін зауыт салу жобасын іске асырудың келесі кезеңіне өту туралы Негіздемелік келісімге қол қойды. Құжат аяқталған техникалық-экономикалық негіздеменің нәтижелерін бекітті және жобалау кезеңіне (FEED) жол ашты.
- 2025 жылғы 27 қыркүйекте ҚМГ және Eni Жаңаөзенде қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясын іске қосты. Бұл ҚМГ Төмен көміртекті даму бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын күн, жел және газ электр станцияларын қамтитын жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті энергия кешенінің бірінші кезеңі.
- 2025 жылғы 30 қазанда Қытай юанінде номиналданған, жылдық 2,95% купондық мөлшерлемесі және 3,15% кірістілігі бар облигациялар шығарылды. Аталған облигациялар Гонконг қор биржасында (HKEX) және Астана халықаралық биржасында (AIX) тіркелген жаңа орта мерзімді облигациялар бағдарламасы аясында орналастырылып, жалпы сомасы 1 250 млн қытай юанін құрады және өтеу мерзімі 5 жылды қамтиды.
- 2025 жылғы 17 желтоқсанда ҚМГ-ның 2024 жылдың қорытындысы бойынша Carbon Disclosure Project (CDP) халықаралық жүйесіндегі климаттық рейтингі «B» деңгейінде расталды.
- 2025 жылғы 22 желтоқсанда ҚМГ өтеу мерзімі 2047 және 2048 жылдарға тиесілі облигациялардың бөлігін тиісінше 250 млн және 249,875 млн АҚШ доллары сомасында мерзімінен бұрын сатып алуды аяқтады.
- 2025 жылғы 23 желтоқсанда «KMG PetroChem» ЖШС China Petroleum Pipeline Engineering Co., Ltd. басқаратын консорциуммен, CITIC Construction Co., Ltd. және «ЧППИ Қазақстан» ЖШС қатысуымен Атырау облысындағы мұнай-газ химиясы кластерін шикізатпен қамтамасыз ету үшін әрқайсысының ұзындығы 210 км болатын этан және пропан магистральдық құбыржолдарын салуға EPC-келісімшарт жасалды.
Көрсеткіштер мен есептеу нәтижелері жуықтап көрсетілген. Сонымен қатар кезеңдерді салыстыру кезінде жуықталмай, нақты мәндер қолданылды. Компанияның пікірінше, дөңгелектеуге қатысы бар кез келген ықтимал түзетулер қаржылық нәтижелерге материалдық әсер етпеуі керек.
Толығырақ ақпаратты төмендегі сілтемеге өтіп, оқи аласыздар: https://www.kmg.kz/investors/reporting/
Байланыс телефондары: ir@kmg.kz, тел: +7 (7172) 78 64 34
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ туралы
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және мамандандырылған қызметтерді ұсынуға дейінгі бүкіл өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. 2002 жылы негізі қаланған компания еліміздің мұнай-газ саласында Қазақстанның мүддесін қорғайды.
ҚМГ-ның негізгі активтері:
- Барлау және өндіру: «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) – 100%, «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) – 100%, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС (ҚТМ) – 100%, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС (ӨО) – 100%, Доңға [12]– 60%, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (ММГ) – 50%, «Қазгермұнай» БК» ЖШС (ҚГМ) – 50%, PetroKazakhstan Inc. – 33%, «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) – 50%, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС (ҚОА) – 50%, «Урал Ойл энд Газ» ЖШС (УОГ) – 50%, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) – 20%, Қарашығанақ [13]– 10%, Қашаған[14] – 16,88%.
- Тасымалдау: «ҚазТрансОйл» АҚ – 90%, «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ – 100%, «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС (ҚҚҚ) – 50%, «МұнайТас» СЗТҚ» ЖШС – 51%, Каспий Құбыр Консорциумы[15] (КҚК) – 20,75%, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚТКФ) – 100%.
- Өңдеу және маркетинг: «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС (ПМХЗ) – 100%, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (АМӨЗ) – 99,53%, KMG International N.V. – 100%, Петромидия – 54,62%, Вега – 54,62%, «KMG PetroChem» ЖШС – 100%, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» (ПҚОП)[16] – 49,72%, «Caspi Bitum» БК» ЖШС (Capsi Bitum) – 50%, «KC Energy Group» ЖШС – 49%, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI) – 49,5%, «Силлено» ЖШС[17] – 40%.
- Басқалары: «KMG Drilling & Services» ЖШС – 100%, «Oil Services Company» ЖШС – 100%, «Oil Construction Company» ЖШС – 100%, «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС – 100%, «KMG Systems & Services» ЖШС – 100%, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС (ҚазГӨЗ) – 100%, «ҚазРосГаз» ЖШС (ҚРГ) – 50%.
[1] Қолайлы болу үшін сомалар тиісті кезеңдегі орташа айырбас бағамы бойынша АҚШ долларында көрсетілген (2025 және 2024жылдардағы орташа бағамдар сәйкесінше 521,31 және 469,31 теңге/АҚШ долл. құрады; кезең соңындағы бағамдар – 2025 жылғы 31 желтоқсанда және 2024 жылғы 31 желтоқсанда сәйкесінше 505,53 және 525,11 теңге/АҚШ долл. құрады). [2] Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлеске түзетілген таза пайда =" Таза пайда + бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер минус бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес. [3] Дереккөз: S&P Global Platts. [4] EBITDA =" түсім плюс бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес, нетто, минус сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдерінің және басқа материалдардың өзіндік құны минус өндірістік шығыстар минус жалпы және әкімшілік шығыстар минус тасымалдау және сату жөніндегі шығыстар минус табыс салығынан басқа салықтар. [5] EBITDA түзетілген көрсеткіші =" түсім плюс бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер минус сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдерінің және басқа материалдардың өзіндік құны минус өндірістік шығыстар минус жалпы және әкімшілік шығыстар минус тасымалдау және сату жөніндегі шығыстар минус табыс салығынан басқа салықтар. [6] Бос ақша ағымы =" операциялық қызметтен алынған таза ақша ағымы минус негізгі құралдарды, материалдық емес активтерді, инвестициялық жылжымайтын мүлікті және барлау және бағалау активтерін сатып алу. Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер операциялық қызметтен алынған ақша ағымына енгізілген. [7] Есепті кезеңнің соңындағы жалпы қарыз =" облигациялар плюс қарыздар (қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді). Берілген кепілдіктер есепке енгізілмеген. [8] Таза қарыз =" кезең соңындағы облигациялар плюс қарыздар минус ақша қаражаты және олардың баламалары, минус банктік салымдар (қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді). Берілген кепілдіктер есепке енгізілмеген. [9] Өндірістік көрсеткіштер бірлескен және қауымдасқан компаниялардағы ҚМГ-ның иелену үлесіне сәйкес және толығымен шоғырландырылған еншілес ұйымдар үшін 100% көрсеткіш көрсетілген. Толық ақпарат 2025 жылғы өндірістік нәтижелер туралы баспасөз хабарламасында мына сілтеме бойынша жарияланған: https://www.kmg.kz/investors/reporting/ [10] 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жыл қорытындысы бойынша Компанияда шетел валюталары бағамының теңгеге қатысты тұрақсыздығына байланысты 84 млрд теңге (161 млн АҚШ доллары) мөлшерінде таза теріс бағамдық айырма қалыптасты. [11] 2024 жылы 2022 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алған облигациялар бойынша купондық мөлшерлеме 3,00%-дан 9,30%-ға дейін ұлғайтылды, бұл айтарлықтай модификацияға әкелді. Модификациялау күніне тануды тоқтатуға жататын облигациялардың баланстық құны мен әділ құны арасындағы 60 млрд теңге (127 млн АҚШ доллары) мөлшеріндегі айырма қаржылық кірістер құрамында көрсетілді. [12]Dunga Operating GmbH — Доңға жобасы бойынша Өнімді бөлу туралы келісімдегі 60% үлеске иелік ететін 100%шоғырландырылған еншілес ұйым. [13]«ҚМГ Қарашығанақ» ЖШС — Қарашығанақ жобасы бойынша Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімдегі 10% үлеске иелік ететін 100% шоғырландырылған еншілес ұйым. [14]«ҚМГ Қашаған Б.В.» — Солтүстік Каспий жобасы бойынша Өнімді бөлу туралы келісімдегі 16,88% үлеске иелік ететін 100% шоғырландырылған еншілес ұйым. [15]19% үлес КМГ-ға тікелей тиесілі, 1,75% — «Қазақстан Пайплайн Венчурс» КҰ бірлескен кәсіпорны арқылы. [16]49,72% — Valsera Holdings B.V. компаниясындағы 50% иелік ету арқылы жүзеге асырылатын жанама қатысу үлесі, ол өз кезегінде «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ПҚОП) компаниясының 99,43%-ына иелік етеді. ПҚОП-қа қатысты Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік нәтижелерін бағалау кезінде өндірістегі 50% қатысу үлесі ескеріледі. [17] 29,9% үлес КМГ-ға тікелей тиесілі, 10,1% — «KMG PetroChem» ЖШС еншілес ұйымы арқылы.