«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2024 жылғы қаржы нәтижелері
20.03.2025
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі — «ҚМГ», «Компания»), Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясы тәуелсіз аудитордың есебімен қоса, 2024 жылға арналған халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (ХҚЕС) сәйкес дайындалған шоғырландырылған қаржылық есептілікті жариялады.
[1]2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылғы негізгі қаржылық көрсеткіштер:
- Түсім 8 320 млрд теңгемен (18 236 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 8 330 млрд теңгені (17 750 млн АҚШ доллары) құрады;
- EBITDA көрсеткіші 2 007 млрд теңгемен (4 398 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 2 001 млрд теңгені (4 264 млн АҚШ долл.) құрады;
- Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесті есептегенде, Компанияның таза пайдасы 927 млрд теңгемен (2 031 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 1 094 млрд теңгені (2 332 млн АҚШ долларын) құрады.
- Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлеске түзетілген таза пайда 1 012 млрд теңгемен (2 219 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 1 264 млрд теңгені (2 694 млн АҚШ долларын) құрады;[2]
- Бос ақша ағымы 984 млрд теңгемен (2 157 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 1 199 млрд теңгені (2 555 млн АҚШ долларын) құрады;
- 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жалпы қарыз 2023 жылғы 31 желтоқсандағы 3 757 млрд теңге (8 265 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі көрсеткішпен салыстырғанда 3 967 млрд теңгені (7 555 млн. АҚШ доллары) құрады;
- 2024 жылғы 31 желтоқсанда Компанияның таза қарызы 2023 жылғы 31 желтоқсандағы 1 645 млрд теңге (3 620 млн АҚШ доллары) мөлшеріндегі көрсеткішпен салыстырғанда 1 163 млрд теңге (2 214 млн АҚШ доллары) құрады.
Көрсеткіштің атауы | Өлшем бірлігі | 2024 | 2023 [3] | % |
---|---|---|---|---|
Мұнай, Dated Brent[4] | $/барр | 80,76 | 82,64 | -2,3% |
Мұнай, Dated Urals[4] | $/барр | 70,76 | 64,69 | 9,4% |
Мұнай, KEBCO[4] | $/барр | 80,73 | 81,74 | -1,2% |
Орташа бағам | теңге/АҚШ доллары | 469,31 | 456,21 | 2,9% |
Түсім | млрд. теңге | 8 330 | 8 320 | 0,1% |
Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес | млрд. теңге | 531 | 534 | -0,6% |
Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд | млрд. теңге | 701 | 620 | 13,1% |
Таза пайда | млрд. теңге | 1 094 | 927 | 18,1% |
Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардағы үлеске түзетілген таза пайда | млрд. теңге | 1 264 | 1 012 | 24,9% |
EBITDA[5] | млрд. теңге | 2 001 | 2 007 | -0,3% |
EBITDA түзетілген көрсеткіші[6] | млрд. теңге | 2 171 | 2 092 | 3,8% |
Күрделі шығындар (есептеу әдісі бойынша) | млрд. теңге | 716 | 804 | -10,9% |
Күрделі шығындар (кассалық әдіс бойынша) | млрд. теңге | 645 | 683 | -5,7% |
Бос ақша ағымы[7] | млрд. теңге | 1 199 | 984 | 21,8% |
Жалпы қарыз[8] | млрд. теңге | 3 967 | 3 757 | 5,6% |
Таза қарыз [9] | млрд. теңге | 1 163 | 1 645 | -29,3% |
2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылдың басты өндірістік көрсеткіштері[10]:
- ҚМГ көмірсутектерінің дәлелденген және ықтимал қорлары (2P) 2,4%-ға төмендеп, 716 млн тонна м.э. құрады;
- Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 1,3%-ға өсіп, 23 837 мың тоннаны құрады;
- Мұнай тасымалдау көлемі 3,9%-ға ұлғайып, 83 478 мың тоннаға жетті;
- Қазақстан және Румын мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын (КСШ) өңдеу көлемі өткен кезеңдегі 19 593 мың тоннамен салыстырғанда 19 158 мың тоннаны құрады.
2024 (ҚМГ үлесіне) | 2023 (ҚМГ үлесіне) | % | |
---|---|---|---|
Мұнай өндіру, мың тонна | 23 837 | 23 532 | +1,3% |
Газ өндіру, млн м³ | 9 554 | 9 459 | +1,0% |
Мұнай тасымалдау, мың тонна | 83 478 | 80 359 | +3,9% |
Мұнай өңдеу, мың тонна | 19 158 | 19 593 | -2,2% |
2024 жылғы қаржылық нәтижелерге шолу
Түсім
Компанияның 2024 жылғы түсімі 8 330 млрд теңгені (17 750 млн АҚШ долларын) құрады, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 0,1%-ға жоғары. Түсімнің тұрақтылығына бірқатар факторлар ықпал етті, соның ішінде мұнай өндіру мен тасымалдау көлемдерінің өсуі. Бұл Кашаган кен орнында шикі газды айдау компрессорларын жөндеу және слаг-кэтчерді ауыстыру бойынша жүргізілген жөндеу жұмыстары салдарынан шикі мұнай сатылымының төмендеуі нәтижесіндегі, сондай-ақ KMG International-дың Петромидиа мұнай өңдеу зауытында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты мұнай өнімдері сату көлемінің азаюынан болған теріс әсерін өтеді.
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес 0,6%-ға азайып, 531 млрд теңгені (1 132 млн АҚШ долл.) құрады. Бұған негізінен Сағалық қысымды басқару жобасының нысандарын пайдалануға беру есебінен амортизация шығыстарының ұлғаюына байланысты «Теңізшевройл» ЖШС-нен түсетін пайданың 37 млрд теңгеге (80 млн АҚШ долл.), яғни 303 млрд теңгеге дейін (647 млн АҚШ доллары) азаюы ықпал етті. . Сондай-ақ, «ҚазРосГаз» ЖШС пайдасындағы үлес 40,7%-ға 19 млрд теңгеге (41 млн АҚШ долл.) төмендеді, бұның себебі — газ сату бағасының арзандауы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ пайдасындағы үлес те мұнайды экспортқа сату көлемінің азаюына байланысты 6,6%-ға 36 млрд теңгеге дейін (76 млн АҚШ доллары) төмендеді.
EBITDA
2024 жылы EBITDA көрсеткіші 2 001 млрд теңгені (4 264 млн АҚШ долларын) құрап, 0,3%-ға төмендеді. Көрсеткіштің динамикасына оң және теріс факторлар әсер етті. Оң факторларға теңгенің АҚШ долларына қатысты орташа бағамының 456,21-ден 469,31-ге дейін ұлғаюы, сондай-ақ Доңға кен орнын консолидацияға қосылуы кірді. Теріс факторлар ретінде өндірістік жұмыстар мен қызметтерге жұмсалатын шығындардың артуы, сондай-ақ еңбекақы шығыстарының көбеюі атап өтіледі.
EBITDA түзетілген көрсеткіші
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың кірістеріндегі үлестің орнына бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд мөлшерін көрсететін EBITDA түзетілген көрсеткіші 3,8%-ға өсіп, 2 171 млрд теңгені (4 626 млн АҚШ долл.) құрады.
Таза пайда
Компанияның таза пайдасы 2023 жылмен салыстырғанда 18,1%-ға ұлғайып, 1 094 млрд теңгені (2 332 млн АҚШ доллары) құрады. Пайданың өсуіне оң бағамдық айырмашылық, басқа қаржылық кірістер, сондай-ақ негізгі құралдардың, материалдық емес активтердің құнсыздану шығындарының, негізгі құралдарды салуға берілген ұзақ мерзімді аванстардың және барлау шығындарының төмендеуі себеп болды. Басқа қаржылық кіріске оны түрлендіруге байланысты қаржы құралының әділ құнындағы өзгерісті тану[11] және қарыз бойынша міндеттемелерді тануды тоқтату әсер етті[12].
Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардағы үлеске түзетілген таза пайда
Бірлескен бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардағы үлеске түзетілген таза пайда 1 012 млрд теңгеден (2 219 млн АҚШ долл.) 24,9%-ға, яғни 1 264 млрд теңгеге (2 694 млн. АҚШ доллары) артты.
Сатып алынған мұнайдың, мұнай өнімдерінің және өзге материалдардың өзіндік құны
Есепті кезеңде сатып алынған мұнай, газ, мұнай өнімдері және басқа да материалдардың өзіндік құны 5,9%-ға төмендеп, 4 347 млрд теңгені (9 263 млн АҚШ долларын) құрады. Бұған негізінен мұнай бағасының төмендеуі себеп болды.
Операциялық шығыстар
Өндірістік шығыстар 14,7%-ға өсіп, 1 399 млрд теңгені (2 980 млн АҚШ долл.) құрады, бұл көрсеткішке компания қызметін жүргізетін өңірлерде («Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «ПМХЗ» ЖШС) өндірістік персоналдың жалақысын төлеу бойынша шығыстардың өсуі, сондай-ақ өндірістік сипаттағы жұмыстар мен қызметтерге жұмсалатын шығыстардың және ішкі логистикаға ауыспалы шығындардың өсуі және дайын өнім мен аяқталмаған өндірістегі өзгерістер ықпал етті.
Есепті кезеңде тасымалдау және сату шығыны 268 млрд теңгені (571 млн АҚШ долларын) құрап, 2023 жылғы көрсеткіштен 9,1%-ға жоғары болды. Шығындардың өсуі негізінен KMG International және «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС бойынша жүктеу, тасымалдау және сақтау шығыстарының артуымен байланысты.
Жалпы және әкімшілік шығыстар 53,2,%-ға артып, 254 млрд теңгені (542 млн АҚШ долларын) құрады. Бұл көрсеткіш «ҚазРосГаз» ЖШС-де 50% қатысу үлесін сенімгерлік басқару қызметі үшін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес ұйымы «QazaqGaz» ҰК АҚ сыйақысын 53,3 млрд. теңге (114 млн АҚШ доллары) мөлшерінде есептеумен, сондай-ақ 2024 жылдың сәуір-мамырында су тасқынынан зардап шеккендерге Samruk-Kazyna Trust арқылы 10,0 млрд. теңге мөлшерінде демеушілік көмек көрсетумен байланысты өсті.
Табыс салығынан басқа салықтар 593 млрд теңгені (1 264 млн АҚШ долларын) құрады. 2024 жылы KMG International Румынияның № 296/2023 Заңына сәйкес айналым салығын 28,5 млн евро (14 млрд теңгеге немесе 31 млн АҚШ долларына тең)[13] көлемінде төледі.
Негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің құнсыздануы
2024 жылы негізгі құралдардың, материалдық емес активтердің, құрылысқа берілген ұзақ мерзімді аванстардың және барлау шығындарының құнсыздану сомасы 70 млрд теңгені (149 млн АҚШ долларын) құрады. Ұзақ мерзімді активтер бойынша құнсыздану шығындары 48 млрд теңгені (102 млн АҚШ долларын) құрады, олардың басым бөлігі Жаңаөзен қаласындағы теңіз суын тұщыландыру зауыты мен оған қатысты инфрақұрылымның құнсыздануымен байланысты. Барлау және бағалау активтері бойынша құнсыздану шығындары 22 млрд теңгені (46 млн АҚШ долларын) құрады, олардың басым бөлігі «Абай» жобасына тиесілі – 18 млрд теңге (38 млн АҚШ долларын).
Күрделі шығындар
Есептеу әдісі бойынша күрделі шығындар 716 млрд теңгені (1 526 млн АҚШ долларын) құрады және «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын реконструкциялау мен кеңейтуді аяқтау нәтижесінде «ҚазТрансОйл» АҚ-да күрделі шығындардың азаюына байланысты 10,9%-ға төмендеді.
Ақша ағымдары бөлінісінде күрделі шығындар 645 млрд теңгені (1 374 млн. АҚШ), яғни 5,7%-ға төмендегенін көрсетті. Негізгі құралдарды, материалдық емес активтерді және барлау және бағалау жөніндегі активтерді сатып алуға жұмсалатын шығыстардың азаюына корпоративтік орталық деңгейінде барлау және бағалау активтерін сатып алуға жұмсалатын шығыстардың төмендеуі және «ҚазТрансОйл» АҚ-да негізгі құралдарды сатып алуға жұмсалатын шығыстардың төмендеуі себеп болды.
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдастырылған компаниялардан алынған дивидендтер 701 млрд теңгені (1 494 млн АҚШ долларын) құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 13,1%-ға өсті. Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдастырылған компаниялардан алынған дивидендтердің өсуі, негізінен, 2024 жылы ММГ тарапынан 45 млрд теңге немесе 95 млн АҚШ доллары көлемінде дивидендтердің төленуімен, сондай-ақ «ҚазРосГаз» ЖШС-дан алынған дивидендтердің ұлғаюымен байланысты (2024 жылы 53 млрд теңге немесе 114 млн АҚШ доллары, ал 2023 жылы – 553 млн теңге немесе 1 млн АҚШ доллары). Сонымен қатар, ПКИ төлеген дивиденд 15 млрд теңгеге (32 млн АҚШ долларына) өсіп, 18 млрд теңгеге (38 млн АҚШ долларына) жетті.
Бос ақша ағымы
Бос ақша ағымы 2023 жылмен салыстырғанда 21,8%-ға ұлғайып, 1 199 млрд теңгені (2 555 млн АҚШ долларын) құрады. Көрсеткіштің өсуі операциялық қызметтен алынған таза ақша ағымдарының өсуіне, соның ішінде бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд көлемінің өсуіне, сондай-ақ күрделі шығындардың төмендеуіне байланысты.
Қарызды басқару
Борыштық жүктеменің көрсеткіштері
Көрсеткіштің атауы | Өлшем бірлігі | 2024 жылғы 31 желтоқсан | 2023 жылғы 31 желтоқсан | % |
---|---|---|---|---|
Облигация | млрд. теңге | 3 288 | 3 046 | 7,9% |
Қарыз | млрд. теңге | 679 | 711 | -4,4% |
Жалпы қарыз | млрд. теңге | 3 967 | 3 757 | 5,6% |
ҚМГ-ның жалпы қарызы негізінен АҚШ долларымен номинацияланған (2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 75%). Есепті кезең ішінде Компания 2023 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда борыш көлемін доллармен есептегенде 8,6%-ға 7 555 млн АҚШ долларына дейін төмендетті. . Теңгемен есептегенде жалпы қарыз 3 967 млрд теңгені құрап, 2023 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 5,6%-ға ұлғайды. Теңгедегі көрсеткіш есепті кезеңде ұлттық валюта бағамының өзгеруіне, сондай-ақ 2022 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ пайдасына ҚМГ шығарған облигациялардың купондық мөлшерлемесінің 3%-дан 9,3%-ға дейін артуына байланысты өсті.
2024 жылы 12 қыркүйекте Компания 750 млн АҚШ доллары (358 млрд теңгеге тең) сомасына 2027 жылы өтелуі тиіс облигацияларды мерзімінен бұрын ішінара өтеді.
Қарыздар «АМӨЗ» ЖШС, «ПМХЗ» ЖШС және KMG International қарыздарын ішінара өтеуді көрсете отырып, 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 4,4%-ға, 679 млрд теңгеге (1 294 млн АҚШ долларына) дейін төмендеді. KMG International жалпы сомасы 72 млн АҚШ долл. (34 млрд теңгеге тең) синдикатталған қарызды ішінара өтеді, сондай-ақ ING Bank NV-ден алынған жалпы сомасы 29 млн АҚШ долларына (14 млрд теңгеге тең) қарызды өтеді. «АМӨЗ» ЖШС және «ПМХЗ» ЖШС жалпы сомасы 47 млрд теңгеге Қазақстанның Даму банкінен алған қарызды ішінара өтеді. «АМӨЗ» ЖШС және «ҚазТрансОйл» АҚ жалпы сомасы 21 млрд теңгеге «Қазақстанның Халық банкі» АҚ қарызын ішінара өтеді.
2024 жылы KMG International қолданыстағы кредиттік желілер аясында Bank of Tokyo-Mitsubishi UFJ, Ltd. банкінен айналым капиталын қаржыландыру үшін жалпы сомасы 36 млн АҚШ доллары (17 млрд теңгеге тең) көлемінде қарыз алды. 2024 жылы «ҚазГӨЗ» ЖШС 2022 жылы газ өңдеу зауытын салу мақсатында жасалған кредиттік желі шеңберінде «Қазақстан Халық Банкінен» алғашқы транш ретінде 48 млрд теңге алды.
2024 жылы ҚР Энергетика министрлігінің Жеңіс жобасы бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты бұзу туралы хабарламасы негізінде Компания Лукойл Қазақстан Апстримнен 48 млрд теңге сомаға алынған қарызды (carry-қаржыландыру) тануды тоқтатты.
Таза қарыз
2024 жылғы 31 желтоқсандағы таза қарыз 2023 жылғы 31 желтоқсанға қарағанда теңгемен 29,3%-ға және доллармен 38,8%-ға төмендеп, 1 163 млрд теңгені (2 214 млн АҚШ долларын) құрады.
Ақша қаражаты
Шоғырландырылған ақша қаражаты мен олардың баламалары, сондай-ақ депозит түріндегі ақша қаражаты
Көрсеткіштің атауы | Өлшем бірлігі | 2024 жылғы 31 желтоқсан | 2023 жылғы 31 желтоқсан | % |
---|---|---|---|---|
Ақша қаражаты және олардың баламалары | млрд. теңге | 1 216 | 1 051 | 15,8% |
Ұзақ мерзімді депозиттер | млрд. теңге | 74 | 64 | 16,3% |
Қысқа мерзімді депозиттер | млрд. теңге | 1 514 | 997 | 51,8% |
Ақша қаражаты, олардың баламалары және депозит түріндегі ақша қаражаты | млрд. теңге | 2 805 | 2 112 | 32,8% |
Шоғырландырылған ақша қаражаты, олардың баламалары, оның ішінде 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша депозит түріндегі ақша қаражаты 2023 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 32,8%-ға артып, 2 805 млрд теңгені құрады. Доллармен есептегенде бұл көрсеткіш 2023 жылғы 31 желтоқсанмен салыстырғанда 15,0%-ға ұлғайып, 5 341 млн АҚШ долларына жетті.
2024 жылғы негізгі корпоративтік оқиғалар:
- 2024 жылы 18 қаңтарда Рим қаласында (Италия) ҚМГ және Eni S.p.А. Жаңаөзен қаласында гибридті электр станциясын салу жобасын іске асыру туралы бірлескен шешімге қол қойды. Жоба Eni Plenitude еншілес компаниясымен бірлесіп, Жаңаөзен қаласында жел электр станциясын (77 МВт) және күн электр станциясын (50 МВт), сондай-ақ қуаты 120 МВт газ электр станциясын салуды көздейді.
- 2024 жылыы 21 ақпанда ҚМГ және «Татнефть» ЖАҚ «Karaton Operating Ltd.» ЖК жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 50%-ын сатып алу-сату шартына, Акционерлер келісіміне және «Қаратон Подсолевой» жобасы бойынша қаржыландыру туралы келісімге қол қойды.
- 2024 жылыы 11 наурызда ҚМГ мен SOCAR Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы Қазақстан мұнайы транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісімге және Қазақстан мұнайын сатып алу-сату жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
- 2024 жылы 29 наурызда «Sinopec» компаниясының (Қытай) Атырау облысында қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаға 30% қатысу үлесімен заңды түрде кіруі аяқталды, осылайша жобаға қатысушылардың үлесі мынадай болды: ҚМГ – 40% (шоғырландырылған), СИБУР – 30%, Sinopec – 30%.
- 2024 жылы 28 мамырда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Акционерлерінің жылдық жалпы жиналысының қорытындысы бойынша Асхат Ғалымұлы Хасенов ҚМГ-ның Басқарма төрағасы болып тағайындалды. 2024 жылдың басынан ҚМГ Басқарма құрылымында жаңа тағайындаулар болды. 2024 жылғы қарашадағы жағдай бойынша ҚМГ Басқарма құрамы 10 адамнан тұрады (Хасенов А.Ғ. - Басқарма төрағасы, Есқазиев Қ.О., Абдулғафаров Д.Е., Зәкіров Б.Қ., Лавренов В.С., Мағауов Ә.М., Арысова Д.А., Брекешев С.А., Абайылданов Б.Қ. және Балықбаев Р.А.)
- 2024 жылғы 20 маусымда Fitch халықаралық рейтингтік агенттігі ҚМГ-ның "BBB" деңгейіндегі ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін растады, болжам «Тұрақты» .
- 2024 жылыы 26 маусымда ҚМГ акционерлерге 2023 жылға арналған дивиденд төлеуді аяқтады. Дивидендтердің жалпы сомасы 300 млрд теңгені құрады. Бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері — 491,71 теңге.
- 2024 жылы 16 шілдеде Жаңаөзенде қуаты 247 МВт болатын болашақ гибридті электр станциясының құрылысын бастау рәсімі өтті. Гибридті жоба жаңартылатын энергия көздерінен (жел мен күн) электр энергиясын біріктіріп өндіруді көздейді. Күн электр станциясының қуаты 50, жел – 77 МВт және газ – 120 МВт құрайды.
- 2024 жылы 11 қыркүйекте Атырау облысында қуаты жылына 1,25 млн тонна және инвестиция көлемі шамамен 7,4 млрд АҚШ долларын құрайтын полиэтилен өндіретін зауыттың ерте құрылыс жұмыстары басталды.
- 2024 жылы 11 қыркүйекте Moody ' s Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі ҚМГ кредиттік рейтингін «Baa2»-ден «Baa1»-ге дейін көтерді, болжам «Тұрақты» болып өзгертілді. ҚМГ рейтингі Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингіне тең.
- 2024 жылыы 12 қыркүйекте ҚМГ 750 млн АҚШ доллары сомасына облигацияларды ішінара мерзімінен бұрын өтеді. Ішінара мерзімінен бұрын өтеу қорытындысы бойынша купондық төлемдерді үнемдеу сомасы 92,7 млн. АҚШ долларын құрады. Мерзімінен бұрын өтеу облигациялар ұстаушылардың ҚМГ-ның жария ұсынысына дауыс беру нәтижелері бойынша жүргізілді.
- 2024 жылы 14 қазанда «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС мен Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі арасында ҚМГ кепілдігімен 3,5 жыл мерзімге 26,6 млрд теңге сомаға қарыз туралы келісімге қол қойылды. Қарыз қаражаты «Қазақстанның Халық банкі» АҚ-дан теңгемен алынған қарызды қайта қаржыландыруға бағытталды.
- 2024 жылы 22 қазанда ҚМГ және China National Offshore Oil Corporation International Limited (CNOOC) «Жылыой» жер қойнауын пайдаланудың жаңа жобасы бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды.
- 2024 жылы 12 қарашада ҚМГ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы (SOCAR) климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ негіздемелік конвенциясы тараптарының 29-шы конференциясы аясында декарбонизация мәселелері жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойды.
- 2024 жылы 23 қарашада ҚМГ және «Татнефть» ЖАҚ Атырау облысындағы Қаратон Подсолевой учаскесінде тереңдігі 5500 метр болатын алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауға кірісті.
- 2024 жылы 11 желтоқсанда «KMG PetroChem» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы) және «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) құрғақ газды сатып алу-сату туралы жаңартылған шартқа қол қойды, бұл құжат шикізатты жеткізуге жақсартылған қосымша кепілдіктерді көздейді.
- 2025 жылы 8 қаңтарда «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау облысындағы Тайсойған учаскесінде алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауды бастады.
- 2025 жылы 24 қаңтарда «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО, үлесінің 20%-ы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға тиесілі) Болашақ кеңейту жобасын іске асырудың маңызды кезеңін аяқтады – Теңіз кен орнындағы жаңа үшінші буын зауытында (ҮБЗ) шикі мұнай өндіру басталды.
Көрсеткіштер және есептеу нәтижелері жуықтап көрсетілген. Сонымен қатар кезеңдерді салыстыру кезінде жуықталмай, нақты мәндер қолданылды. Компанияның пікірінше, дөңгелектеуге қатысы бар кез келген ықтимал түзетулер қаржылық нәтижелерге материалдық әсер етпеуі керек.
Толық ақпаратты мына сілтеме бойынша оқи аласыз: https://www.kmg.kz/investors/reporting/
Байланыс: ir@kmg.kz, тел: +7 7172 78 64 34
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ туралы
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ — Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және мамандандырылған қызметтерді ұсынуға дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. 2002 жылы құрылған Компания еліміздің мұнай-газ саласында Қазақстанның мүддесін қорғайды.
ҚМГ-ның негізгі активтері:
- Барлау және өндіру: Өзенмұнайгаз (ӨМГ) – 100%, Ембімұнайгаз (ЕМГ) – 100%, Қазақтүрікмұнай (ҚТМ) – 100%, ҚазМұнайТеңіз – 100%, Өріктау (ӨО) – 100%, Доңға – 60%, Урал Ойл энд Газ (ООГ) – 50%, Маңғыстаумұнайгаз (ММГ) – 50%, Қазгермұнай (ҚГМ) – 50%, Қаражанбасмұнай (ҚБМ) – 50%, Қазақойл Ақтөбе (ҚОА) – 50%, ПетроҚазақстан Инк (ПҚИ) – 33%, Теңізшевройл (Теңіз) – 20%, Қарашығанақ – 10%, Қашаған – 16,88%.
- Тасымалдау: ҚазТрансОйл – 90%, Қазақстан-Қытай Құбыры (ҚҚҚ) – 50%, МұнайТас-51%, Батуми мұнай терминалы – 100%, Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) – 20,75%, Қазақтеңізкөлікфлоты – 100%.
- Өңдеу және басқалары: ПМХЗ – 100%, АМӨЗ – 99,53%, ПҚОП – 49,72%, KMG International – 100%, Caspi Bitum – 50%, Петромидия – 54,63%, Вега – 54,63%, ҚазРосГаз – 50%, Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк. - 49,5%, Силено — 40%.
[1] Сомалар тиісті кезеңдегі орташа айырбас бағамы бойынша ыңғайлы болу үшін АҚШ долларымен көрсетілген (2024 және 2023 жылдардағы орташа бағамдар бір АҚШ долларына шаққанда 469,31 және тиісінше 456,21 теңгені құрайды; 2024 жылғы 31 желтоқсанға және 2023 жылғы 31 желтоқсанға – кезең соңындағы бағамдар АҚШ долларына шаққанда 525,11 және тиісінше 454,56 теңгені құрайды). [2] Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардағы пайданың үлесіне түзетілген таза пайда = Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан ұйымдардан алынған дивидендтерді қосқандағы, бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесін шегергендегі таза пайда. [3] ҚМГ бизнесті біріктірудің бастапқы есебін аяқтау мақсатында сатып алу күніне Dunga Operating GmbH таза сәйкестендірілетін активтері мен міндеттемелерінің әділ құнын бағалауды аяқтады. Сатып алу күніне Dunga Operating GmbH таза сәйкестендірілетін активтері мен міндеттемелерінің әділ құны 156 млрд теңгені құрады, бұл алдын ала бағалаудан 10 млрд теңгеге төмен. Бұл нәтиже сатып алынған күннен бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін табыс салығы бойынша негізгі құралдар мен шығыстардың амортизациясының тиісінше 2 млрд теңгеге және 566 млн теңгеге төмендеуіне әкелді. 2023 жылғы салыстырмалы ақпарат осы түзетулерді көрсету үшін қайта есептелді. [4] Дереккөз: S&P Global Platts. [5] EBITDA = түсім плюс бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың кірістеріндегі үлес минус сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдерінің және басқа материалдардың өзіндік құны минус өндірістік шығыстар минус жалпы және әкімшілік шығындар минус тасымалдау және өткізу бойынша шығыстар минус табыс салығынан басқа салықтар. [6] EBITDA түзетілген көрсеткіші = түсім плюс бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер минус сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдерінің және басқа материалдардың өзіндік құны минус өндірістік шығыстар минус жалпы және әкімшілік шығыстар минус тасымалдау және өткізу бойынша шығыстар минус табыс салығынан басқа салықтар. [7] Бос ақша ағымы = негізгі құралдарды, материалдық емес активтерді, инвестициялық жылжымайтын мүлікті және барлау мен бағалау активтерін сатып алуды алып тастағанда операциялық қызметтен алынған ақша ағымы. Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер операциялық қызметтен алынған ақша ағымына енгізілген. [8] Есепті кезеңнің соңындағы жалпы борыш = облигациялар плюс қарыздар (қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді). Берілген кепілдіктер есепке енгізілмеген. [9] Таза қарыз = облигациялар плюс қарыздар минус ақша қаражаттары және олардың баламалары, минус банктік салымдар (қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді) кезеңнің соңында. Берілген кепілдіктер есепке енгізілмеген. [10] Өндірістік көрсеткіштер бірлескен және қауымдасқан компаниялардағы ҚМГ-ның иелену үлесіне және шоғырландырылған еншілес ұйымдар үшін көрсеткіштердің 100%-ына сәйкес көрсетілген. Толық ақпаратты 2024 жылғы өндірістік нәтижелер туралы баспасөз хабарламасынан оқи аласыздар: https://www.kmg.kz/ru/investors/reporting/ [11] 2024 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ 2022 жылы сатып алған облигациялардың купондық мөлшерлемесі 3,00%-тен 9,30%-ке дейін ұлғайтылды, бұл елеулі түрлендіруге әкелді. Түрлендіру күніне тануды тоқтатуға жататын облигациялардың баланстық құны мен әділ құны арасындағы 60 млрд теңге мөлшеріндегі айырмашылық өзге қаржылық кірістердің құрамында көрсетілді. [12] 2024 жылы ҚР Энергетика министрлігінің Жеңіс жобасы бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты бұзу туралы хабарламасы негізінде Компания Лукойл Қазақстан Апстримнен (carry-қаржыландыру) 48 млрд теңге сомаға алынған қарызды тануды тоқтатты. [13] Айналымы 50 млн евродан асатын мұнай-газ секторының компаниялары 2024-2025 жылдардағы табыс салығына қосымша 0,5% мөлшерінде айналымға қосымша салық төлеуге міндетті.