ҚМГ мен ExxonMobil ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын қарастырды
10.11.2026
Вашингтон қаласында (АҚШ) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «ExxonMobil» аға вице-президенті Питер Ларденмен кездесу өткізді.
Тараптар Теңіз және Солтүстік Каспий жобаларының іске асу барысын талқылады. Аталған жобаларға екі компания да қатысады. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастықтың, геологиялық барлау, тасымалдау, озық технологияларды енгізу саласындағы өзара іс-қимылдың және мұнай-газ секторындағы өндірістік тиімділікті арттырудың перспективалары қаралды.
— ExxonMobil компаниясының мол тәжірибесі мен технологиялық сараптамасын ескере отырып, ҚМГ стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға мүдделі. Біз америкалық әріптестерімізбен қазіргі жобалар бойынша да және Қазақстанның мұнай-газ секторын тұрақты дамыту жолындағы болашақ бастамалары аясында да ортақ жұмысты жалғастыруға дайынбыз, — деді А.Хасенов.
Кездесу соңында тараптар негізгі қызмет бағыттары бойынша өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге ниетті екенін растады.