Атырау облысында газ сепарациялау кешенін салу жөніндегі EPC-келісімшартқа қол қойылды
05.08.2025
«KMG PetroChem» ЖШС (ҚМГ-ның еншілес ұйымы) Италияның Tecnimont S.p.A. және Ливанның Consolidated Contractors International Company (CCIC) компанияларының консорциумы Атырау облысында газ сепарациялау кешенін (ГСК) салу жөніндегі EPC-келісімшартқа (инжиниринг, жабдықтау және құрылыс) қол қойды.
EPC-келісімшарт өңдеу қуаты жылына 9,1 млрд м³ болатын ГСК-ны жобалауды, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді және толық ауқымды құрылыс жұмыстарын қамтиды. Бұл еліміз үшін бірегей жоба, өйткені Қазақстанда мұндай көлемдегі кешен бұрын болмаған. Ол Теңіз кен орнында салынады.
ГСК жобасы «Силлено» ЖШС-нің полиэтилен зауытын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етуді және қосымша 360 мың тоннаға дейін пропан өндіруді көздейді. Бұл фракциялар «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін тазартылған құрғақ газды сепарациялау арқылы бөлініп алынады.
2025 жылғы мамырда басталған ерте құрылыс-инжиниринг жұмыстары — жобаны іске асыру мерзімінің сақталуын қамтамасыз ететін маңызды кезең екенін атап өткен жөн.
ГСК жобасы Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамытып, қосылған құны жоғары өнім шығару үшін тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру кезінде жергілікті қамтуға басымдық беріледі: құрылысқа, қызмет көрсетуге және тауар жеткізуге қазақстандық кәсіпорындар кеңінен тартылады.
Бұдан бөлек келісімшарттың міндеттемелері аясында ГСК іске қосылғаннан кейін пайдалану және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын орындайтын қазақстандық мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама көзделген.
Анықтама:
«KMG PetroChem» ЖШС — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100% еншілес кәсіпорны, мұнай-газ химиясы жобаларын іске асырады және үйлестіреді.
Tecnimont S.p.A. — Maire Group-тың еншілес кәсіпорны, өңдеу өнеркәсібі үшін инжиниринг саласындағы әлемдік көшбасшы компаниясы.
Consolidated Contractors International Company (CCIC) — 1952 жылы құрылған, мұнай-газ, мұнай-химия және инфрақұрылым салаларындағы ірі жобаларға маманданған халықаралық EPC компаниясы.