ҚМГ мен Eni Қашаған мен Қарашығанақты игеру және гибридті электр станциясының құрылыс барысын қарастырды
02.07.2026
Астана қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Eni S.p.A. компаниясының жаһандық табиғи ресурстарды барлау мен өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен кездесті.
Кездесуде Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын одан әрі игеру мәселелері қаралып, өндіру көлемін арттыру, жергілікті қамту үлесін арттыру және отандық кадр санын ұлғайтуға баса назар аударылды.
Сонымен қатар тараптар Маңғыстау облысындағы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станция құрылысы жөніндегі бірлескен жобаның іске асу барысын талқылады. Осы жоба аясында Жаңаөзен қаласында қуаты 50 МВт күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Ол 2025 жылы 11,6 млн кВт•сағ электр энергиясын өндірді. Биыл қаңтар-маусым айларындағы өндіріс көлемі 38,7 млн кВт•сағ құрады. Станция толық қуатына шыққаннан кейін жылына шамамен 86 млн кВт•сағ таза электр энергиясын өндіреді.
Бүгінде қуаты 120 МВт болатын газ электр станциясы бойынша құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары жалғасуда. Жобаның жалпы ілгерілеу көрсеткіші 95% асады. Нысан биылғы III тоқсанда пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жел электр станциясы (77 МВт) бойынша ерте құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жел турбиналарының бөлшектері жасалуда.
Жалпы, жаңа нысан ҚМГ-ның өңірдегі еншілес компанияларын, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «ҚазГӨЗ» ЖШС-ін электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуді жолға қоюға мүмкіндік береді.