«Baku Energy Week»: ҚазМұнайГаз басшысы компанияның стратегиялық басымдықтары туралы айтты
03.06.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Baku Energy Week» аясында Баку энергетика форумының жұмысына қатысты.
Іс-шараға 39 елден 267 компанияның өкілдері жиналды. Форумға қатысушылар көмірсутекті барлау, өндіру, тасымалдау саласындағы тенденцияларды, сондай-ақ «жасыл» энергетика перспективалары мен инвестициялық климат мәселелерін талқылады.
ҚМГ басшысы «Көшбасшылар диалогы: Тұрақты энергетикалық экожүйеге жол» атты панельдік пікірталасқа қатысып, сөз сөйледі. А.Хасенов Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көмірсутек бизнесін дамыту қажеттілігін сақтай отырып, жаһандық энергияның жаңа көздеріне көшу жағдайындағы ұлттық компанияның стратегиясы туралы айтып берді.
Оның сөзінше ҚазМұнайГаз бәсекеге қабілетін арттыру үшін шығын көлемін қысқартуға және өндіріс сенімділігін арттыруға ықпал ететін процестерді оңтайландыру, цифрлық шешімдер мен озық технологияларды енгізу арқылы операциялық тиімділік мәселесіне ерекше көңіл бөлуде.
ҚМГ дәстүрлі бизнесте геологиялық барлауға басымдық бере отырып, жобаларға серіктес ретінде жетекші әлемдік компанияларды тартуда. Технологиялардың дамуына және еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығына ықпал ететін тағы бір сала — мұнай-газ химиясы.
Сонымен қатар ҚМГ Маңғыстау облысында қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясын және Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр станциясын салу сияқты жаңартылатын әрі баламалы энергетиканың ауқымды жобаларына инвестиция құя отырып, Қазақстанның төмен көміртекті даму болашағына өз үлесін қосып келеді.
Бұдан бөлек ҚМГ сутегі энергетикасын дамыту бағытына ерекше назар аударады. Бірнеше жыл бұрын республикада осы салада алғашқы «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС-нің құзыреттілік орталығы ашылды. Атырауда озық құрал-жабдық орнатылған сутегі технологияларының бірегей зертханасы жұмыс істейді. Ол жерде «жасыл» сутекті өндіру бойынша пилоттық жобасы іске асырылуда.
Бұл бастамалардың барлығы шығарынды көлемін азайтып қана қоймай, Қазақстанның технологиялық базасын нығайтады және еліміздің жаңартылатын энергия көздеріне көшудегі ҚМГ-ның үлесін көрсетеді.