ҚМГ басшысы «Ембімұнайгаз» АҚ-дағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты
10.06.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) Прорва кен орындары тобына барып, мұнай мен газ өндірудің тиімділігін арттыру және операциялық шығынды қысқарту жөніндегі жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
ҚМГ басшысы Жылыой ауданындағы Батыс Прорва кен орнының газ ұңғымаларын игеру бойынша бірінші іске қосу кешенінің құрылыс алаңында болды. Жобаның аясында газ кен орындарын дамыту жұмыстары жүргізіліп, С.Нұржанов кен орнын көміртегі газын пайдалану үшін дамыту жоспарланған. Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі мұнай өндіру көлемін жылына 45 мың тоннаға және газ өндіруді 160 млн текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Екінші және үшінші кезеңдер 2026-2027 жылдары іске асырылады. Бұл Батыс Прорвада газ өндіру көлемін 600 млн текше метрге дейін жеткізуді қамтамасыз етеді.
А.Хасенов Исатай ауданындағы Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында жылдық қуаты 80 млн текше метр болатын газды кешенді дайындау қондырғысын (ГКДҚ) салу жөніндегі инвестициялық жобаның іске асырылу барысымен танысты. Қондырғыны пайдалануға беру 2026 жылдың көктеміне жоспарланған. Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнын игеру басталғаннан кейін, ең жоғары деңгейде жылына 100 мың тоннадан астам мұнай өндіруге мүмкіндік болады.
Сондай-ақ ҚМГ басшысы ЕМГ-нің қаржылық қолдауымен салынып жатқан С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің оқу-өндірістік полигонында болды. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары 95% аяқталды. Студенттердің жерасты жөндеу жұмыстарын жүргізу дағдыларын меңгеруі үшін бұрғылау ұңғымалары қазылды. Барлығы 15 оқу алаңы салынды, онда студенттер практикалық тапсырмаларды орындайтын болады. Нысанды тапсыру 2025 жылдың соңына жоспарланған.
Сонымен қатар А.Хасенов ЕМГ-де өндірістік мәселелерге арналған кеңес өткізді. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша компания 1 млн 140 мың тонна мұнай өндіріп, жоспарды шамамен 14 мың тоннаға асыра орындады. 2025 жылға арналған мұнай өндіру жоспары — 2 млн 813 мың тонна.
Жиын барысында игеріліп жатқан және тиімділігі төмен кен орындарын барлау мәселелері, Батыс Қарасор кен орнын дамыту жұмыстары қарастырылды. Бұл жерде биыл мұнай өндіру басталмақшы, мұнда мұнай қоры — 3 млн 102 мың тонна, газ қоры — 96 млн текше метр. Сондай-ақ Қисымбай мен Ақінген кен орындарындағы газ қабаттарын игеру, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланды.
ҚМГ басшысы Ембімұнайгаз алдына мұнай мен газ өндіру көлемін арттыру үшін қазіргі инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру, сондай-ақ компанияның тұрақты дамуы үшін операциялық шығынды оңтайландыру бойынша бірқатар міндет қойды.