Болашақ мамандарды даярлау: ҚазМұнайГаз Атырауда ерекше оқу полигонын салып жатыр
14.05.2025
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның (ЕМГ — ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы) қаржылық қолдауымен Атырауда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университеті (АтМГУ) үшін оқу-өндірістік полигоны салынуда. Жоба жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарт міндеттемелерін орындау және ЕМГ мен университет арасындағы серіктестік аясында қолға алынды.
Оқу полигоны — жер қойнауын барлаудан бастап, көмірсутек өңдеуге дейінгі өндірістік процестердің толық циклі бар мұнай-газ өндіру мекемесінің шағын моделі. Оның ауданы — 2 гектар. Құрылыс 2024 жылдың екінші жартысында басталған.
Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстарының 70% атқарылды. Жерасты жөндеу жұмыстарын жүргізуді үйрету үшін тереңдігі 80 және 20 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланды. 15 оқу алаңы салынды, онда студенттер практикалық тапсырмаларды орындайтын болады.
Қазіргі уақытта полигон аумағын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс сапасы тұрақты бақылануда. Нысан 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Оқу полигоны электргазбен дәнекерлеуші, темір жонушы, машинист, оператор және тағы да басқа сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аса маңызға ие. Әкімшілік ғимаратта химиялық талдау зертханасы мен оқу кабинеттері ашылады.
Оқу-өндірістік алаң пайдалануға берілгеннен кейін АтМГУ осындай заманауи технологиялық базасы бар Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны болады. Жоба диплом алған мамандарға еңбек жолын бастауда үлкен көмек береді.