Ембімұнайгаз өндірудің жаңа технологияларын енгізіп, ресурстық базасын кеңейтуде
14.10.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (ЕМГ) өндірістік нысандарын аралап, мұнай мен газ өндірудің тиімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
ҚМГ басшысы Шығыс Молдабек кен орнында Цифрлық телнұсқа жобасы аясында деректерді жинау және өңдеу жұмыстарына тартылған нысандардың жұмысымен танысты. Олардың арасында автоматтандырылған топтық өлшеу қондырғылары, интеллектуалды басқару станциялары, мұнайды дайындау және айдау нысандары, сондай-ақ өндірістік процестерді жедел басқару орталықтары бар.
Қазіргі уақытта кен орнындағы барлық стационарлық автоматтандырылған топтық өлшеу қондырғыларынан деректер қашықтан жиналады. Сонымен қатар өндіруші ұңғымалардың 99% интеллектуалды басқару станцияларымен жабдықталған. Бұл ұңғымалардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға, жабдықтарды қашықтан басқаруға және негізгі өндірістік көрсеткіштерді үздіксіз қадағалауға мүмкіндік береді. Ендігі кезеңде өндірісті басқару мен мониторингтеудің цифрлық құралдарын біріктіретін Интеграцияланған операциялар орталығын құру жоспарлануда.
Шығыс Молдабек кен орнында цифрлық телнұсқаны енгізу алынуы қиын мұнай қорының 12 млн тоннасын игеруге мүмкіндік береді.
Осындай жүйе С.Нұржанов кен орнында да енгізілуде. Жалпы, ҚМГ 2028 жылдың соңына дейін цифрлық телнұсқа технологиясын компаниялар тобы бойынша мұнай өндірудің 90%-дан астамын қамтамасыз ететін 12 ірі кен орнында енгізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Асхат Хасенов биыл тамыз айында салынған жаңа әкімшілік ғимаратты және жақын уақытта пайдалануға берілетін 150 орындық асхананы аралап көрді. ЕМГ өндірістік персоналдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырып келеді.
Өндіріс мәселелеріне арналған кеңес барысында ЕМГ басшылығы компания қызметінің нәтижелері мен алдағы даму жоспарларын баяндады. Биылғы тоғыз айда 2 млн 237 мың тонна мұнай мен конденсат өндіріліп, жоспарлы көрсеткіштен 57 мың тоннаға артық болды.
Компанияның негізгі басымдықтарының бірі – ресурстық базаны толықтыру. 2026–2031 жылдарға арналған қосымша барлау бағдарламасы С.Нұржанов, Гран, Досмұхамбетов, Батыс Прорва, Шығыс Мақат, Уаз, Қаратон, Терең-Өзек және Оңтүстік-Шығыс Новобогатинск кен орындарын қамтиды. Нәтижесінде алынатын мұнай қорының көлемі 15 млн тоннаға ұлғаяды деп күтілуде.
Алынуы қиын қорларды игеруге тарту мақсатында 2026–2028 жылдары Терең-Өзек, Қарсақ және Гран кен орындарында сағасы көлбеу 30 ұңғыманы бұрғылау жоспарланып отыр. Бұл қосымша 3 млн тоннаға дейін алынатын мұнай қорын игеруге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, ЕМГ-нің алынуы қиын мұнай қорының әлеуеті 43 млн тоннаға бағаланып отыр.
ЕМГ өндіру көлемін ұлғайту және шығынды азайту мақсатында жаңа технологиялық шешімдерді енгізіп келеді. Биыл С.Нұржанов, Досмұхамбетов және Батыс Прорва кен орындарында жоспарланған он ұңғыманың бесеуінде көлденең бүйір оқпандарын бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бір тәулікте мұнай өндіру көлемі қосымша 130 тоннаға артты. Осындай жұмыстардың құны жаңа көлденең ұңғымаларды бұрғылауға қарағанда екі еседен астам төмен.
Терең-Өзек кен орнында Slim Hole технологиясын қолдана отырып, бес айдау ұңғымасының құрылысы жүргізілуде. Бұл әдіс шығындарды шамамен 15%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.
«Батыс Прорва» газ жобасының іске асырылу барысы да қаралды. 2025 жылы бірінші іске қосу кешені пайдалануға берілді, ол жылына 160 млн м³ дейін газ өңдеуге қауқарлы. Ал 2027 жылы оның қуатын жылына 920 млн м³ дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы, ескі кен орындарында қосымша барлау жұмыстарын жүргізу және жаңа технологияларды енгізу еліміздің ресурстық базасын толықтыруға бағытталған. Жиын қорытындысы бойынша Асхат Хасенов негізгі жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, заманауи технологияларды енгізуді және ЕМГ қызметінің тиімділігін одан әрі арттыруды тапсырды.