Доңға кен орнында биыл жарты жылда мұнай өндіру көлемі 340 мың тоннаға жетті
09.07.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде Түпқараған ауданындағы Доңға кен орнында болды.
ҚМГ басшысы «Dunga Operating GmbH» компаниясында өндіріс мәселелеріне арналған жиналыс өткізді. Кен орнын одан әрі игеру іс-шараларын іске асыруға айрықша мән берілді. Жаңа газ компрессорларын жеткізу және салу мәселелері, сондай-ақ ұзындығы 18 шақырым болатын экспортқа бағдарланған мұнай құбыры жобасының қазіргі жай-күйі қаралды.
Сонымен қатар А.Хасеновке «Dunga Operating GmbH» жұмысының өндірістік нәтижелері туралы есеп берілді. 2025 жылдың І жартыжылдығында кен орнында мұнай өндіру көлемі 340 мың тоннаға жетіп, жоспармен салыстырғанда 7 мың тоннаға асып түсті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 630 мың тонна мұнай өндірілді, ал биылғы жоспарлы көрсеткіш — 649,3 мың тонна.
Компания операциялық тиімділікті арттыру үшін өндіру деңгейін ұлғайту мен сақтап тұруға бағытталған бастамалар кешенін іске асырып жатыр, соның ішінде қосымша геологиялық-техникалық іс-шаралар бар.
Жиын қорытындысы бойынша ҚМГ басшысы 2025 жылға арналған өндірістік және қаржылық көрсеткіштерді орындау, кен орнын игеру жобасын жаңарту және жаңа технологиялық қондырғыларды белгіленген мерзім ішінде пайдалануға беру бойынша міндеттер қойды.
Анықтама:
2023 жылы ҚМГ TotalEnergies француздық концернінен жобаның 60% үлесін сатып алған. Мәміле аясында операциялық компанияның атауы Dunga Operating GmbH болып өзгертілді.