Dunga Operating GmbH компаниясы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау мекемелерін заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етті
20.01.2025
Dunga Operating GmbH компаниясы (ҚазМұнайГаздың еншілес ұйымы) Маңғыстау облысының денсаулық сақтау мекемелерін заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етті
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына 15 су жаңа медициналық техника, соның ішінде жаңа туған нәрестелерге арналған өкпені жасанды жолмен желдету, Shelly инкубаторлары және TrueCool сұйықтық айналымы бар гипотермия аппараттары жеткізілді. Бұл жабдықтар нәрестелерге дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетуде аса маңызды.
Неонатолог дәрігер Умид Рашидов гипотермия аппараты ауыр асфиксия жағдайында туған сәбилердің өмірін сақтап, ми зақымдану қаупін азайтуға көмектесетінін атап өтті.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына рентген-хирургиялық құрал-жабдық берілді. Бұл жабдықтың көмегімен төрт ай ішінде 60-қа жуық балаға ота жасалып, өңірде балалар хирургиясының деңгейі жақсара түсті.
Dunga Operating GmbH өзінің әлеуметтік міндеттері аясында балалар денсаулығын қорғау мен халыққа ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ерекше назар аудара отырып, өңірдегі медициналық мекемелерге қолдау көрсетуді жалғастырады.