ҚМГ-да геолог күні қарсаңында сала ардагерлері мен үздік қызметкерлер марапатталды
03.04.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов кәсіби мереке қарсаңында сала ардагерлерімен және ҚМГ компаниялар тобының геологтарымен кездесті.
ҚМГ басшысы өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанда аға буын мұнайшы геологтардың ерен еңбегінің арқасында көптеген стратегиялық кен орындар ашылғанын атап өтті. Бүгінде олардың даңқты жолын жас геолог мамандар жалғастырып, еліміздің ресурстық базасын толықтыруда.
— Соңғы жылдары ҚазМұнайГаз геологиялық барлау қызметін жандандырып келеді. Ұлттық компанияның стратегиясы терең қабаттар мен аз зерттелген учаскелерге бағытталып, күрделі жобалар іске асырылуда. Өздеріңіз білетіндей, біз бес негізгі шөгінді бассейннің модельдеуін сәтті жасадық. Бүгінгі таңда ҚМГ геологиялық барлау портфелі 20-дан астам перспективті жобалардан тұрады, олардың жиынтық ресурстық базасы 4,7 млрд тонна шартты отынды құрайды. Сондай-ақ республикада бұрын-соңды қолданылмаған инновациялық технологиялар жан-жақты енгізілуде. Сіздерге еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өркендеуі жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін, — деді А.Хасенов.
Геолог күніне орай «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның «Үздік геолог» төсбелгісімен ардагерлер марапатталды, атап айтқанда Исатай Жолдасқалиұлы Досмұхамбетов, Ақсанғали Жұмабайұлы Байымбетов, Келтір Мағрұпұлы Шәненов, Махамбет Жолдасқалиұлы Досмұхамбетов және Мәнсия Нұрғалиқызы Бабашева.
Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының қызметкерлеріне «KAZENERGY» қауымдастығының медальдары, алғыс хаттары, құрмет грамоталары, ҚМГ-ның естелік белгілері, сондай-ақ «Үздік геолог» төсбелгілері табысталды.