ҚМГ мен CNPC бірлескен жобаларды іске асыру барысын қарастырды
02.07.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Астана қаласында Қытайдың CNPC компаниясының вице-президенті Сун Даюнмен кездесті.
Тараптар Қазақстандағы бірлескен жобаларды іске асыру барысын, соның ішінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (ММГ) қызметін қарады. Компания 2025 жылы 6,1 млн тонна мұнай өндірді. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша өндірілген мұнай көлемі - 2 млн 504 мың тонна. Қазіргі таңда ММГ өндірістік тиімділікті арттыруға бағытталған кешенді шараларды қолға алды. Атап айтқанда, биыл 140 жаңа ұңғыма бұрғыланады деп жоспарланған.
«Өріктау» жобасы аясында кен орнын толық көлемде игеру үшін дайындық жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта қажетті жабдықтар сатып алынып, кен орнынан газды Ақтөбе облысындағы Жаңажол газ өңдеу зауытына (операторы – «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ) жеткізуге арналған нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Табиғи газ қоры 29,4 млрд текше метрді құрайтын Орталық Өріктау кен орнының газконденсатты бөлігі 2026 жылдың соңында өнеркәсіптік пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бастапқы кезеңде, 2027 жылы шамамен 400 млн текше метр газ өндіру көзделген. Жоба толық қуатына шыққаннан кейін газ өндіру көлемі жылына 1 млрд текше метрге дейін жетеді.
Бұл жоба Мемлекет басшысының қолданыстағы өңдеу кәсіпорындарының қуатын толығымен пайдалану және жаңа газ кен орындарын жедел игеру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар бұл ҚМГ-ның көмірсутек шикізатының перспективті кен орындарын игеруге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі, яғни жаңа өндірістік активтерді кезең-кезеңімен іске қосу көзделген.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын кеңейту жобасы бойынша қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленіп, оңтайлы конфигурация, технологиялық схема және лицензия берушілер таңдалуда. ҚМГ басшысы ТЭН әзірлеу жұмыстарын тездетіп, жобаны белгіленген мерзімде іске асырудың маңызына тоқталды.
Кездесу барысында геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Бұған дейін геологиялық деректермен алмасу жөніндегі жұмыс тобының қорытындысы бойынша тараптар бірлесіп зерттеу үшін Каспий маңы алабының Шығыс бортында орналасқан Достық учаскесін таңдаған болатын. Сонымен қатар қытайлық серіктестер ҚМГ-ның өзге де перспективті геологиялық барлау жобаларына қызығушылық білдіруде.