ҚазМұнайГаз және CNODC бірлескен жобалардың іске асырылу барысын талқылады
15.05.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов CNODC (CNPC еншілес компаниясы) бас директоры Хе Виньянмен кездесті.
Тараптар геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ҚМГ мен CNPC арасында 2024 жылы қол қойылған мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы негіздемелік келісім аясында Каспий маңы ойпатының шығыс бортын бірлесіп зерттеудің ағымдағы жағдайы қаралды.
Сонымен қатар Қызылорда облысындағы Торғай Палеозой жобасы бойынша терең ұңғыманы бұрғылау нәтижелері, сондай-ақ Оңтүстік Торғай бассейнінің палеозой шөгінділерін одан әрі зерттеу перспективалары қозғалды.
Тараптар бірлесіп бақыланатын кәсіпорын - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспарларын талқылады (50% - ҚМГ, 50% - CNPC тиесілі).
ҚМГ мен CNPC арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі - Ақтөбе облысында іске асырылып жатқан «Карбамид» бірлескен жобасы. Оның алдын ала құны - $1,2 млрд. Бұл бастама еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызға ие. Қытайлық серіктестермен бірлесіп іске асырылатын жоба өнеркәсіптік әлеуетті нығайтуда жаңа перспективаларға жол ашады.
Кездесудің тағы бір тақырыбы «КМГ Инжиниринг» компаниясы мен CNODC-дің RIPED еншілес ғылыми-зерттеу институты арасында бірлесіп игерілетін кен орындарындағы қабаттардың мұнай беруін арттыру әдістері саласындағы ынтымақтастықты кеңейту болды.