ҚМГ мен қытайлық CNODC ынтымақтастық мәселелерін талқылады
23.07.2024
23 шілдеде Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов бейнеконференция форматында CNODC Қытай ұлттық мұнай-газ барлау және игеру компаниясының (CNPC еншілес компаниясы) бас директоры Хэ Вэньюанмен кездесу өткізді.
Тараптар ай басында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің жетінші отырысында ҚМГ мен CNPC арасында қол қойылған мұнай-газ саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты арттыру жөніндегі келісімнің іске асырылу барысын талқылады.
Аталған келісімде тараптар Орталық Өріктау кен орнында өндірілетін көмірсутек шикізатын Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінде (СНПС-Ақтөбемұнайгаз) өңдеу мүмкіндіктерін зерттеуді көздейді.
Бұдан басқа, мұнай-газ химиясы, Каспий маңы алабында мұнай мен газды барлау және өндіру жобаларына, жер қойнауының жаңа учаскелеріне геологиялық барлау жүргізуге қатысты ынтымақтастық перспективаларын зерделеуге ниетті.
Сондай-ақ, келіссөз барысында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның алдағы қызметіне қатысты мәселелер талқыланды.
Анықтама:
CNODC (China National Oil and Gas Exploration and Development Company) - Қытай ұлттық мұнай корпорациясының (CNPC) еншілес компаниясы. 1981 жылы негізі қаланған CNODC халықаралық деңгейде мұнай мен табиғи газды барлауға, игеруге және өндіруге маманданған. Компания CNPC корпорациясының мұнай-газ секторындағы шетелдік инвестициялары мен операцияларына жауап береді.