ҚМГ мен CITIC Group ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады
31.08.2025
Бейжіңде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов CITIC Group компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуамен кездесу өткізді. Атап айтқанда, кездесу барысында тараптар Маңғыстау облысындағы бірлескен өндіруші кәсіпорын — «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметін, оның ішінде Қаражанбас кен орнында мұнай өндіру тиімділігін арттыруды, жерүсті инфрақұрылымды және технологиялық жабдықты жаңарту мен жаңғыртуды талқылады. Сонымен қатар қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері сөз болды.
Қабат суын тұщыту зауытының жұмысы қаралды. Бұл кәсіпорын Астрахань — Маңғышлақ магистралды құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемін өңір халқының қажетіне бағыттауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта тәулігіне тұщытылған судың көлемі 13 мың текше метрді құрайды.
Бұдан бөлек, кездесуде тараптар Қазақстанда жергілікті өндірісті локализациялау және мұнай-газ-химиясы саласында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады.
— ҚазМұнайГаз және CITIC компанияларын өзара сенім, құрмет және стратегиялық серіктестікке негізделген ұзақ жылғы ынтымақтастық байланыстырады. Екі компанияның өзара тиімді ынтымақтастығы энергетика секторын дамытуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосуда, — деді А.Хасенов.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың маусым айында «Орталық Азия-Қытай» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында ҚазМұнайГаз және CITIC Group стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын.
Анықтама: CITIC Group
(CITIC, China International Trust Investment Corporation) — 1979 жылы құрылған Қытайдың ірі мемлекеттік конгломераттарының бірі. CITIC Group Қазақстанда энергетика, химия өнеркәсібі, қаржы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы жобаларды іске асырады.