ҚМГ мен CITIC Group басшылары ортақ жобаларды одан әрі іске асыру барысын талқылады
18.12.2024
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов ҚХР-ға жұмыс сапары барысында CITIC Group Директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуамен кездесу өткізді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, кездесуде Caspi Bitum зауытының қуатын жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін арттыру туралы сөз болды. Бұл жол битумы өндірісін қазіргі жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаңғырту жұмыстарын жобаның бас мердігері CITIC Construction компаниясы (CITIC Group-тың еншілес ұйымы) биылғы қарашадан бастап жүргізіп жатыр. Жұмыстар 2025 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.
Caspi Bitum қуатын кеңейту жұмыстарын жүргізу кезінде Қазақстанда битум өндірісі жалғасады, себебі бұл салада ҚМГ-ның басқа да кәсіпорындары, атап айтқанда «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бар. Бұл зауытта 2024 жылдың қаңтарынан бастап жол битумын өндіру көлемі 15%-ға ұлғайды. Сонымен қатар елімізде битумды жекеменшік зауыттар да шығарады.
Сондай-ақ Caspi Bitum зауытына «Қаражанбасмұнай» АҚ-дан (ҚБМ - ҚМГ-ның еншілес кәсіпорны) мұнайды үздіксіз жеткізу мәселелеріне ерекше ден қойылды.
Биыл тамызда жобалық қуатына шығып, тәулігіне 17 мың текше метр қабат суын беретін ҚБМ су тұщыту зауытының жұмысына қатысты мәселелер де талқыланды. Жобаны іске асыру Астрахань-Маңғышлақ магистральды су құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемін өңір халқының қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік берді.
«ҚазМұнайГаз CITIC Group-пен мұнай-газ саласында жемісті ынтымақтасып, елеулі инвестиция тартып, ел үшін маңызды жобаларды іске асыруда. Алдағы уақытта да өзара тиімді серіктестік жалғасын табады», - деп атап өтті А.Хасенов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық маңызды бағыт бойынша жұмысты күшейтуге келісті.
Анықтама:
«Caspi Bitum» БК» ЖШС — Қазақстанда тотықтырылған және модификацияланған битум өндіруге маманданған, жол битумын өндіретін ірі компания. Серіктестік 2009 жылы құрылды, ал зауыт 2013 жылы іске қосылды. Кәсіпорынның акционерлері — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (50%) және «CITIC Kazakhstan» ЖШС (50%, CITIC Group қытай компаниялар тобының еншілес компаниясы).
«Қаражанбасмұнай» АҚ — мұнай өндіруші компания, Ақтау қаласынан 230 км қашықтықта Бозащы түбегінде орналасқан Қаражанбас кен орнында мұнай өндірумен айналысады. Компанияның акционерлері — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және CITIC Resources Holdings Limited, олардың әрқайсысы 50% акцияға ие.
CITIC Group (China International Trust and Investment Corporation) — Қытайдағы ең ірі мемлекеттік инвестициялық корпорациялардың бірі. Штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан. CITIC Group қаржылық қызметтермен, инвестиция салумен, құрылыспен, мұнай мен газ өндірумен және металл өндірумен айналысады.
CITIC Construction Co., Ltd. және CITIC Resources Holdings Limited — CITIC Group еншілес компаниялары. CITIC Construction Қытайда және шетелде ірі құрылыс жобаларын жүзеге асыруға маманданған. CITIC Resources Holdings Limited, өз кезегінде, мұнай мен көмірді барлау, өндіру және өндірумен, сондай-ақ боксит өндіру, глинозем өңдеу және алюминий өндіру салаларына инвестиция салумен айналысады. Екі кәсіпорын түрлі салаларда жұмыс істейді, бірақ оларды ортақ бас холдинг біріктіреді.15:42