ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен ҚМГ басшысы Асхат Хасенов Қытайдың ірі мұнай-газ компанияларының басшыларымен кездесті
28.03.2025
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация Хайнань аралында өтіп жатқан Боао Азия форумының (БАФ) алаңында ҚХР жетекші мұнай-газ компаниялары басшыларымен кездесті. Тараптар геологиялық барлау және мұнай-газ химиясы саласына инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ CNOOC компаниясының атқарушы вице-президенті Сунь Далумен кездесу барысында Атырау облысында «Жылыой» бірлескен жобасын іске асыру барысы қаралды. Учаскені барлау инвестор үшін бірқатар жеңілдікті қарастыратын Жақсартылған модельдік келісімшарт (ЖМК) талаптары бойынша жүргізілетіні атап өтілді.
Сонымен қатар ҚМГ-ның Қытайдағы теңіз мұнай кен орындарына қызмет көрсетуде мол тәжірибесі бар CNOOC еншілес компаниясы COSL-мен (China Oilfield Services) инжиниринг саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды.
«Sinopec» корпорациясының Директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен әңгіме барысында Қазақстанда құны $7,6 млрд болатын мұнай-газ-химия кластерін дамытуға бағытталған «Полиэтилен» бірлескен жобасын іске асырудың ағымдағы мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысындағы (Қарашығанақ кен орны маңында) «Березовский» геологиялық барлау жобасындағы инвестициялық әріптестік мәселелері қарастырылды.
CNPC компаниясының президенті Хоу Цицзюньмен кездесуде ҚМГ мен Қытай корпорациясының мұнай өндіру саласындағы көпжылдық табысты ынтымақтастығы атап өтілді. Барлық бағыт бойынша өзара іс-қимылды кеңейту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Атап айтқанда, ҚМГ мен CNPC компанияларының мұнай-газ химиясы бағытындағы жаңа ортақ бастамасы — «Карбамид» жобасы, оның құны $1,2 млрд құрайды.
Кездесу қорытындысы бойынша KMG PetroChem және CNPC компаниялары арасында «Карбамид» жобасын бұдан әрі жүзеге асырудың қадамдарына қатысты хаттамаға қол қойылды.