ҚМГ мен Хорватияның көмірсутек мәселелері жөніндегі агенттігі ынтымақтастық мәселелерін талқылады
02.08.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Загреб қаласында Хорватияның көмірсутек мәселелері жөніндегі агенттігінің (CHA) басшысы Мариян Крпанмен кездесті.
Тараптар геологиялық барлау және кен орындарын игеру бағыттарындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайын талқылады. Атап айтқанда, ҚМГ мен CHA жер қойнауын пайдалану жобаларын бірлесіп іске асыру мақсатында геологиялық ақпаратпен алмасуда. Бұған дейін ҚМГ перспективті учаскелерді ұсынған болатын.
Бірлескен жұмыс топтары құрылды. Деректерді өңдеу және сейсмикалық барлау жүргізу бойынша практикалық жұмысқа көшу күтілуде.
— ҚазМұнайГаз Хорватияның көмірсутек мәселелері жөніндегі агенттігімен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын. ҚМГ мен CHA-ның орнықты, өзара тиімді және стратегиялық серіктестігі Қазақстан мен Хорватияның экономикалық байланыстарын дамытуға айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін, — деді А.Хасенов.