Батуми мұнай терминалы мен Батуми теңіз порты Қазақстанның экспорттық бағыттарын әртараптандыруды дамытуға зор үлесін қосуда
03.07.2026
Батуми мұнай терминалы (БМТ) мен Батуми теңіз портының (БТП) аумағында алғаш рет Грузияның бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің өкілдері де қатысты.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы – «ҚазТрансОйл» АҚ-ның стратегиялық басқаруындағы активтер Қазақстан мен Каспий өңірі елдерінің экспорттық бағыттарын әртараптандыруға ықпал ететін бірыңғай мультимодальды көлік-логистикалық кешен ретінде жүйелі түрде дамып келеді.
Кешен мұнай терминалы мен әмбебап теңіз портының мүмкіндіктерін біріктіріп, Орталық Азия және Каспий өңірінен Қара теңіз алабымен Еуропа нарықтарына жүк ағындарының үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. БМТ мұнайды, мұнай өнімдерін және газды ауыстырып тиеуге маманданған болса, БТП құрғақ жүктерді өңдеп, портқа келетін барлық санаттағы кемелерге кешенді қызмет көрсетеді.
2026 жылғы қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша Батуми теңіз портының жалпы жүк айналымы 3,4 млн тоннаны құрап, өндірістік жоспар 111%-ға орындалды. Осындай кезеңде Батуми мұнай терминалы арқылы 619 мың тонна жүк ауыстырып тиеліп, өткен жылдың деңгейі сақталды.
Батуми теңіз портының инфрақұрылымына 11 айлақ, заманауи айлақсыз құю кешені, порт флотындағы 12 кеме және 11 порталды кран кіреді. Бұл әртүрлі жүктерді үздіксіз өңдеуге мүмкіндік береді.
Батуми мұнай терминалы – Қара теңіз өңіріндегі ең ірі мамандандырылған мұнай-газ терминалдарының бірі. Оның жылдық өткізу қуаты 11 млн тоннаға дейін жетеді. Терминалда жалпы сыйымдылығы 585 мың текше метрден асатын 132 резервуар, алты теміржол эстакадасы және ұзындығы 86,5 шақырымнан асатын технологиялық құбырлар жүйесі бар. Айлақсыз құю кешені жүк көтергіштігі 100 мың тоннаға дейінгі танкерлерді қабылдай алады. Сонымен қатар БМТ Қара теңіздің Кавказ жағалауындағы сұйытылған көмірсутек газын ауыстырып тиеумен айналысатын жалғыз терминал және өңірлік энергетикалық логистикада маңызды орынға ие.
Бүгінде бұл кәсіпорындарда 1 200-ден астам адам еңбек етеді.