М.Мырзағалиев: битумға тапсырыстың уақтылы берілуі зауыттарымыздың тиімділігін арттырады
04.08.2023
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев конференцбайланыс арқылы Ақтау битум зауытының өңдеу қуатын жылына 1 млн-нан 1,5 млн тоннаға дейін арттыру жөнінде кеңес өткізді.
«CASPI BITUM» БК ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Талғат Мұқанов соңғы жарты жылда жүргізілген жұмыс туралы баяндады. Нанкин мұнай-химия жобалау институтымен (NJPEC) бірлесіп алдын ала техникалық-экономикалық зерттеу жүргізілді. Битум өндірісін арттыру бойынша екі сценарий қарастырылды: жұмыс істеп тұрған зауыттың қуатын арттыру және жаңа кешен салу. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, бірқатар экономикалық және өндірістік себептерге байланысты зауыт жұмысын кеңейтуге басымдық берілді.
Қазіргі уақытта NJPEC-пен жасалған келісімшартқа сәйкес «Қолданыстағы өндірісті кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша техникалық-экономикалық есептерді қоса алғанда техникалық аудит жүргізу» жұмысы басталды.
Сондай-ақ, зауыт жоспарға сай 2024 жылдың тамызында іске қосу мен реттеу жұмыстарына кірісетіні атап өтілді.
Зауыттың қуатын арттыру жобасымен қатар, жол битумын сақтауға арналған көлемі 20 мың м3 резервуарлар салу бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Одан бөлек, Т.Мұқанов кәсіпорын шығаратын мұнай өнімінің түрлерін арттыру мақсатында авиакеросин өндіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті.
Жиында сондай-ақ елде битумға деген сұраныстың өсуіне байланысты қалыптасқан жағдай талқыланды. Қазіргі уақытта «CASPI BITUM» біріккен кәсіпорны мен Павлодар мұнай-химия зауытында жол битумы жоспарға сай өндіріліп жатыр. Алайда, кәсіпорындар 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында бірқатар себепке байланысты толық жүктелмеген.
«Caspi Bitum» БК ЖШС басшылығы атап өткендей, өндірушілер битумды қыста және көктемде дайындап қою қажеттілігі туралы бірнеше рет ұсыныс білдірген. Атап айтқанда, 2022 жылдың соңында олар жол құрылысы компанияларына 240-300 мың тонна битумды қыста өндіріп қою туралы ұсыныс жасады.
«2023 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында жол құрылысымен айналысатын компаниялардан уақтылы тапсырыс алмау, сондай-ақ оларды жүйелі түзету битум өндірісіне ықпал еткен жоқ. Нәтижесінде, 2022 жылдың 7 айында кәсіпорын 247 мың тонна өнім өндірсе, 2023 жылдың осы кезеңінде тек 194 мың тонна өндірді. Сонымен қатар, битум өндіруші зауыттар мен вагон-цистерналарды беретін теміржол операторлары жол құрылысы компаниялары тарапынан өтінім мен төлемді уақытында алған жоқ», — деп түсіндірді Т.Мұқанов.
Сонымен қатар, тапсырыс берушілер мұнай өңдеу зауыттарынан битумды уақтылы әкету жөніндегі міндеттемелерін (битумды өндіру мен сақтаудың технологиялық ерекшеліктері оны зауыт резервуарларында жинауға жол бермейді) толық орындамаған, бұл да өндіріс көлемінің төмендеуіне әсер етті.
М.Мырзағалиев бүгінгі таңда жол-құрылыс жұмыстары маусымының басында қажетті битум қорын қалыптастыру үшін жол құрылысымен айналысатын мекемелерді жыл бойы қаржыландыруды (аванс беру) жедел ұйымдастыру бойынша Үкімет тарапынан қолдау бар екенін атап өтті.
«Серіктестермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жағдайды өзгерту жөнінде үйлестірілген шаралар қабылдау қажет. Битумға тапсырыстың уақтылы берілуі зауыттар тиімділігін айтарлықтай арттыр еді», — деп қорытындылады ҚМГ басшысы.