ҚМГ мен ВH басшылары сервис пен өндірісті локализациялау мәселелерін талқылады
02.07.2026
Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Baker Hughes» (BH) компаниясының президенті Лоренцо Симонеллимен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстанда сервистік қызметтер мен өндірісті локализациялау үшін отандық машина жасау кәсіпорындарын тарту бағытындағы ортақ шараларды талқылады.
А.Хасенов атап өткендей, елішілік құндылық үлесін ұлғайту мақсатында ҚМГ мен ұлттық компанияның ірі мұнай-газ жобаларындағы серіктестері сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығару салаларында отандық машина жасау кәсіпорындары мен тауар өндірушілердің үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Кездесуде Baker Hughes компаниясының Қазақстанда жүзеге асырып жатқан жобалары аясында сервистік қызметтер мен тауарлардың басым бөлігін локализациялау жоспарларын кеңінен іске асыруының маңызы ерекше атап айтылды. Америкалық компания «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Атырауэнергоремонт», KIOS және басқа да отандық кәсіпорындармен ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
Анықтама:
Baker Hughes – Американың трансұлттық мұнай сервисі компаниясы. Ол Қазақстанда 30 жылдан бері Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарына сервистік қызмет көрсетіп, компрессорлар, генераторлар, газ турбиналары және қосалқы бөлшектерді жеткізіп келеді. Аталған кезең ішінде жеткізілген өнімнің жалпы құны $4 млрд асты.