Ильхам Әлиев «ҚазМұнайГаз», «Татнефть» және «Өзбекнефтегаз» компанияларының басшыларын қабылдады
04.03.2025
Баку қаласында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновті, «Татнефть» бас директоры Наиль Магановты және «Өзбекнефтегаз» Басқарма төрағасы Баходиржон Сидиковті қабылдады.
Президент бүгінгі таңда көпжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Әзербайжан, Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның мұнай компаниялары арасында тығыз өндіріс қатынастары жолға қойылып, екіжақты форматта бірқатар жоба іске асырылып келеді. Ол бұл бағытта күш біріктірудің маңызына тоқталды.
И.Әлиев сондай-ақ бірлескен өндіріс тұрғысынан төртжақты ынтымақтастықтың рөліне тоқталды.
Әңгімелесу барысында қатысушылар ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша пікір алмасты, оның елдер арасында экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді. Бұл формат төтенше жағдайларды алдын алу кезінде компаниялардың өзара іс-қимылын анықтап, аталған жағдайларға жедел назар аударатын бірлескен топтар құруды, цифрлық технологиялар мен бағдарламалық қамтамасыз ету салаларында жұмысты оңтайландыруды, сондай-ақ өнеркәсіптің түрлі салаларын дамытуды көздейтіні атап айтылды.
Асхат Хасенов мұнай өндіру процестерін цифрландыруды тездетуге, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жасанды интеллект негізінде жасалған ҚазМұнайГаздың өз шешімдері туралы айтып берді. 17 модульден тұратын ABAI жобасы операциялық тиімділікті арттырып, маңызды өндірістік міндеттерді орындауға мүмкіндік береді. Ақпараттық жүйе ҚМГ басты активтерінде енгізілді және оны басқа еншілес кәсіпорындарға тарату жұмыстары жалғасуда.
«TUMAR» автоматтандырылған интеллектуалды жүйе қауіпті технологиялық операцияларды жүргізу, соның ішінде ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.