ҚМГ локализациялау үшін 351 млрд теңге сомасына 5000 тауардан тұратын тізім жасақтады
10.10.2025
Ақтау қаласында Мұнай-газ машина жасау форумы аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қатысуымен отандық өндірушілер үшін b2b сессиясын (дөңгелек үстел) ұйымдастырды.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ірі мұнай-газ операторлары – «Теңізшевройл» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.», «Kalamkas Khazar Operating» ЖШС, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен жиналған 200-ге жуық тауар өндірушілердің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында сатып алу рәсімдері түсіндірілді, отандық өндірісті және импортты алмастыруды қолдау шаралары таныстырылды. Сонымен қатар қазіргі кезде және болашақта ҚМГ-ға қандай тауарлар, жұмыстар мен қызметтер қажет екені айтылды. Жергілікті өндірісті дамыту, бизнес қауымдастықтың ұсыныстарын талқылау және мұнай-газ жобаларында қазақстандық үлесті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ҚМГ-ның жалпы сатып алу көлемінің 92% отандық жеткізушілерге берілген, ал елішілік құндылықтың үлесі СТ-KZ сертификаттарына сай 75% құрады.
2025 жылы ҚМГ шамамен 16 млрд теңгеге есептелген 109 оффтейк-келісімшарт жасасты. Сонымен қатар 2025–2029 жылдарға арналған сатып алу жоспарларына талдау жүргізіліп, жергілікті өндіріске ұсынылатын 5000 тауар позициясынан тұратын тізім жасақталды. Олардың жалпы құны – 351 млрд теңге. Ең үлкен сұраныс химия өнеркәсібіне (192 млрд теңге), машина жасау саласына (112 млрд теңге), сондай-ақ бақылау-өлшеу құралдары мен кеңсе техникасына (33 млрд теңге) тиесілі.