ҚМГ басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы алдын алу жұмыстарының барысымен танысты
09.07.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына сапары аясында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы алдын алу жұмыстарының (ЖАЖ) барысымен, сондай-ақ кәсіпорынның биылғы бірінші жартыжылдықтағы өндірістік қызметінің қорытындыларымен танысты.
Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімовтің айтуынша, жоспарлы алдын алу жұмыстары барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес 20 реактор, 213 сыйымдылық, 32 колонна мен 231 жылу алмастырғыш жабдыққа техникалық куәландыру, тексеру және сараптама жүргізілді. Сонымен қатар құбыр желілерінің жекелеген учаскелері жаңартылып, бірқатар технологиялық қондырғыда 335 тоннадан астам катализатор ауыстырылды. Автобензин, дизель отыны және авиаотын секілді жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыру мақсатында ЭЛТҚ АВТ-3 қондырғысындағы вакуумдық колоннаның ішкі құрылғылары жаңартылды.
Жұмыстарға шамамен 1700 маман және 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
8 шілдеден бастап ЖАЖ-дан кейін алғашқы мұнай қабылдануда, сондай-ақ технологиялық қондырғыларды ҚР Энергетика министрлігі бекіткен кестедегі мерзімнен 1,5 күн бұрын кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Өндірістік жиын барысында кәсіпорынның бірінші жартыжылдықтағы қызметінің нәтижесі қаралды.
Алты айда зауыт 2,8 млн тоннадан астам шикі мұнай өңдеп, жоспарды 20 мың тоннаға асыра орындады. Тауарлық өнім шығару көлемі 2,6 млн тоннаға жетіп, жоспардан шамамен 22 мың тоннаға асты.
Негізгі өнім түрлері бойынша да өндірістік бағдарлама артығымен орындалды:
- автобензиндер өндірісі 1 млн тоннадан асты (жоспар – 983,5 мың тонна);
- дизель отынын өндіру көлемі де 1 млн тоннадан асып, жоспарлы көрсеткіштен 120 мың тоннаға жоғары болды;
- авиаотын өндірісі 120,3 мың тоннаны құрап, жоспардан 14 мың тоннаға жоғары болды;
- сұйытылған мұнай газының өндірісі 115 мың тоннаға жетіп, 9 мың тоннаға артық орындалды.
Есептік кезеңде мұнай өңдеу тереңдігі рекордтық 91% жетсе, жалпы өндірістегі жеңіл мұнай өнімдерінің үлесі 81% құрады.
Бұдан бөлек жиын барысында өндірістік тиімділік пен экологиялық қауіпсіздікті арттыру жобалары да талқыланды. Зауытта мұнай және мұнай өнімдеріне арналған резервуарларды понтондармен жабдықтау жалғасуда. Бұл әр резервуардан бөлінетін көмірсутек шығарындыларын 90% дейін азайтуға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері алты резервуарға понтон орнатылса, жыл соңына дейін тағы үш резервуарды жабдықтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар кәсіпорында қосымша резервтік қуат көзін құруға мүмкіндік беретін сыртқы энергетикалық инфрақұрылымды реконструкциялау және үш жылдық жөндеуаралық циклге көшу жөніндегі стратегиялық жобаларды іске асыру жалғасуда.
Жиын соңында Асхат Хасенов ЖАЖ-дан кейін технологиялық қондырғыларды өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, іске қосудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ Атырау МӨЗ басшылығына өндірістік тиімділікті одан әрі арттыру, зауыттың тұрақты, қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және цифрлық шешімдерді өндірістік процестерге белсенді енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.