Атырау мұнай өңдеу зауыты биылғы 10 айда 4,7 млн тонна мұнай өңдеді
18.11.2026
Атырау облысына жұмыс сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытында болды.
Өндірістік жиын барысында кәсіпорын қызметінің нәтижелері мен инвестициялық жобалардың іске асу барысы талқыланды.
Биылғы он айдың қорытындысы бойынша кәсіпорында шамамен 4,7 млн тонна мұнай өңделіп, 1,6 млн тоннадан астам автобензин, 1,7 млн тоннадан астам дизель отыны және 190 мың тоннаға жуық авиаотын өндірілді. Бүгінде жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 80,5%-дан, ал шикізат өңдеу тереңдігі 91%-дан артты. Дизель отынын өндірудің орташа тәуліктік көрсеткіші 6,6 мың тоннаны құрайды.
Атырау МӨЗ-де 17 стратегиялық және инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ұзартылған жөндеуаралық кезеңге көшу аясында 47 іс-шара қарастырылған. Қазіргі уақытта жұмыстардың 36% орындалды. Жоба технологиялық қондырғыларды үш жылдық үздіксіз циклге көшіруге, сондай-ақ мұнайды терең өңдеу өндірісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін арттыруға бағытталған. Жөндеуаралық кезеңді ұзарту және тікелей айдалған нафта мен керосин-газойль фракциясын қабылдау үшін жеңіл мұнай өнімдерін құю эстакадасын техникалық қайта жарақтандыру жобалары мұнай өңдеудің жылдық көлемін 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сыртқы электр желілерін реконструкциялау, электр беру желісі мен резервтік газтурбиналық электр станциясын салып, автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесін іске қосу нәтижесінде кәсіпорынды электрмен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, шикізат қабылдау үшін теміржол инфрақұрылымын кеңейту қарастырылған.
Атырау МӨЗ экология мәселелеріне де ерекше көңіл бөлуде. Кәсіпорында шығарындыларды азайту үшін факел газдарын қайтару блогын салу жобасы жүзеге асырылуда. Резервуарларды понтонмен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін 75 резервуардың 71-не понтон орнату жоспарланған. Бұл шаралар әр резервуардан бөлінетін көмірсутек шығарындыларын 90% дейін азайтады.
Сондай-ақ төрт экологиялық мониторинг бекетінде қосымша газ талдағыш құрылғылар орнатылуда. Олар атмосфералық ауа сапасының барлық белгіленген көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Еске сала кетсек, 2026 жылдың қазан айынан бастап бекеттердегі деректер Атырау МӨЗ-дің ресми сайтында жарияланып келеді. Сонымен қатар экопосттардағы көрсеткіштерді әр 20 минут сайын тікелей «Қазгидрометке» жіберу жүйесі жолға қойылған.
Кәсіпорын мұнай өңдеу саласына қажетті мамандарды даярлауға да өз үлесін қосып келеді. Бұл мақсатта колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған «Атырау МӨЗ-нің тағылымгері» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша А.Хасенов зауыт басшылығына инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін қатаң сақтауды, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған жобалар мен кәсіпорынның сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету шараларын жалғастыруды, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейтуді тапсырды.