ҚМГ басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық жобаларының іске асу барысымен танысты
15.10.2026
Атырау облысына жұмыс сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытында (Атырау МӨЗ) болып, кәсіпорынның негізгі өндірістік нысандарды аралап, экологиялық қызметіне қатысты жиын өткізді.
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша зауыт 4,17 млн тонна шикізат өңдеді. Өңдеу тереңдігі 91,1%, ал жеңіл мұнай өнімдерін шығару көрсеткіші 80,3% құрады.
Атырау МӨЗ экология мәселесіне ерекше көңіл бөледі. 2021-2025 жылдар аралығында зауытта жалпы құны 51,3 млрд теңге болатын сегіз табиғатты қорғау шарасы жүзеге асырылды. Tazalyq жобасы аясында механикалық тазарту құрылыстары мен нормативті тазартылған ағынды сулар каналы реконструкцияланып, зауыт аумағындағы ашық бассейндер жойылды. Сонымен қатар булану алаңдарының зауытқа тиесілі бөлігіндегі екі сектор қалпына келтірілді. Жобаны іске асыру нәтижесінде ағынды сулар құрамындағы мұнай өнімдерінің концентрациясы 1,3 есеге азайды.
Зауыт өндірістің қоршаған ортаға әсерін төмендетуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруда. Кәсіпорынның экологиялық тиімділігін арттыру бағдарламасы жалпы құны шамамен 174 млрд теңгені құрайтын 18 табиғатты қорғау шарасынан тұрады. Бағдарлама аясында зауыт технологиялық пештердің жанарғыларын ауыстыру, газды фракциялау қондырғысын жаңғырту, жаңа сорғы станциясы мен алау газдарын қайтару блогын, сондай-ақ баяу кокстеу қондырғысында буларды ұстау блогын салуды жоспарлап отыр.
Қолға алынған жобалар ластаушы заттар шығарындыларының лимитін кезең-кезеңімен 2020 жылғы шамамен 20,1 мың тоннадан 2030 жылға қарай 12,6 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Осы кезең ішінде Жайық өзенінен алынатын тұщы су көлемін жылына
4,5 млн м³ дейін қысқарту жоспарланған.
Резервуарларға понтон орнату жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2026 жылдың соңына қарай понтондармен жабдықталуы тиіс 75 резервуардың 71-не қалқымалы құрылым орнатылады. Әр понтон резервуардан бөлінетін көмірсутек шығарындыларын 90% азайтады. 2024 жылы ЭЛТҚ АТ-2 қондырғысында басталған жанарғыларды ауыстыру жұмыстары жалғасады. Қараша айында № 10 қазандықтағы жанарғылар ауыстырылса, кейін бұл жұмыстар басқа қондырғыларда да жүргізіледі.
Атырау МӨЗ-де атмосфералық ауаны бақылаудың автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағының шекарасында «Перетаска», «Химпоселок», «Мирный» және «Пропарка» экологиялық посттары орналасқан.
Мониторинг деректері әр сағат сайын «Қазгидромет» РМК-ге жіберіліп, одан кейін «AIR KZ» платформасына түседі. 8 қазаннан бастап экологиялық посттардағы ақпарат зауыттың ресми сайтында да жариялануда.
Жыл соңына дейін экологиялық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру аясында автоматтандырылған бекеттер жаңғыртылады.
Жиын барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және цифрландыруға қатысты мәселелер, сондай-ақ операциялық тиімділік пен сенімділікті арттыруға бағытталған жобалар да қаралды.
ҚМГ басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығына табиғатты қорғау шараларының іске асырылу мерзімдерін қатаң сақтауды, сондай-ақ кәсіпорынның тұрақты, қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.