«Әділет» партиясының іскерлік кеңесі: ҚМГ мұнай-газ саласын дамыту бойынша негізгі жобаларды таныстырды
08.07.2026
Астанада «Әділет» партиясының іскерлік кеңесінің отырысы өтіп, онда мұнай-газ саласын дамытудың өзекті мәселелері, мемлекеттік қолдау және салалық саясатты жетілдіру шаралары талқыланды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов ұлттық компанияның қызметі туралы айтып берді және негізгі даму бағыттарына тоқталды.
— Мемлекет тарапынан қабылдаған геологиялық барлауды ынталандыру шаралары, атап айтқанда күрделі жобалар бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшартын енгізу және экологиялық рұқсаттарды алу рәсімдерін жеделдету ҚМГ-ға геологиялық барлау жұмыстарының ауқымды бағдарламасын бастауға мүмкіндік берді., — деді ол.
Бүгінгі таңда ҚМГ портфелі 4,7 млрд тоннаға жуық шартты отынның жиынтық геологиялық қоры бар 23 жобаны қамтиды. Алдағы уақытта 26 іздеу-барлау ұңғымасын бұрғылау және ірі сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу көзделген.
А.Хасенов атап өткендей, ұлттық компанияның басым бағыттарының бірі мұнай өңдеуді дамыту болып қала береді. Бүгінде ҚМГ отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту, оның ішінде жөндеуаралық кезеңді ұзарту есебінен МӨЗ тиімділігін арттыру, сондай-ақ Шымкент және Павлодар зауыттарының қуатын ұлғайту бойынша бірқатар стратегиялық жобаны іске асыруда. Нәтижесінде 2031 жылға қарай бензин өндірісі 3 млн тоннаға, дизель отыны 5 млн тоннаға, авиациялық керосин шығару көлемі 1 млн тоннаға ұлғайтылмақ.
Соңғы жылдары ҚМГ мұнай-газ химиясы саласын дамытуға ерекше ден қойды. Бүгінгі таңда ішкі нарықтағы сұраныс деңгейі тұрақты артып келеді – соңғы бес жылда полиэтилен тұтыну көлемі 57%, ал полипропиленді тұтыну 30% өсті. Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. зауыты іске қосылғаннан кейін полипропилен импортының үлесі 2022 жылғы 65%-дан 2025 жылы 8% дейін қысқарды.
— ҚазМұнайГаз Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында энергетика нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұнай-газ саласындағы стратегиялық жобаларды іске асыруды жалғастырады, — деп түйіндеді А.Хасенов.