А. Хасенов ӨМГ ұжымына компанияның жаңа басшысын таныстырды
31.05.2024
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымына компанияның жаңа бас директоры Жанболат Саймағанбетовті таныстырды.
Жанболат Саймағанбетов осыған дейін «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары болып еңбек етті.
«Өзенмұнайгазда» өндірісті қолдау бойынша шаралар қабылданып, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бағытында біршама жұмыс атқарылды. Компания алдында биыл да өндірісті дамытып, кәсіпорынды алға жетелейтін маңызды міндеттер тұр. 2024 жылға арналған өндірістік жоспардың және оңалту жобасы бойынша барлық іс-шараның орындалуын қамтамасыз ету маңызды», - деп атап өтті А. Хасенов.
ҚМГ басшысы сондай-ақ компанияның бұрынғы жетекшісі, Мемлекет басшысының Жарлығымен Маңғыстау облысының әкімі лауазымына тағайындалған Нұрдәулет Қилыбайға атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметте табыс тіледі.
А. Хасенов одан әрі қуаты тәулігіне 50 мың текше метрді құрайтын су тұщыту зауытының құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын тексерді. Жоба Жаңаөзен қаласының тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Құрылысты 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда, ал зауыттың жобалық қуатқа шығуы 2025 жылдың көктеміне жоспарланған.
ҚМГ басшысы жұмыс сапарын «Өзенмұнайгаз» қызметіне қатысты өндірістік мәселелерге арналған жиынмен аяқтады. Компания басшылығының алдына өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өндірудің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу, Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасы шеңберінде іс-шараларды іске асыру, сондай-ақ ұжымдардағы әлеуметтік мәселелерді бақылау бойынша нақты міндеттер қойылды.
Еске салсақ, ӨМГ 2023 жылы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасын қолға алған болатын. Жоба кәсіпорын экономикасын жақсартуға және өндіру деңгейінің күрт төмендеуін болдырмауға мүмкіндік береді. Кен орындарын оңалту жөніндегі іс-шаралар «Өзенмұнайгаздың» мұнай өндіру көлемін бірнеше жыл ішінде кезең-кезеңімен жылына ~5,2-5,5 млн тоннаға дейін арттыруға ықпал етеді деп болжануда.