ҚМГ цифрлы технологияларды табысты енгізу үшін жобалау менеджментін зерттейді
13.09.2024
«ҚазМұнайГаз» бизнесі үшін цифрландыру технологиялары бәсекелес болуда жаңа артықшылықтарға жол ашады. Инновациялық жобаларды іске асыру кезінде цифрлы технологияларды табысты енгізу үшін қызметкерлерге жобалық басқарудың практикалық әдістерін үйретуге ден қою керек. Осы факторды ескеріп, ҚМГ-ның цифрлық даму департаменті Стратегия және инвестиция портфелін басқару департаментімен бірге ұлттық компанияның корпоративтік орталығының кеңсесінде еншілес және тәуелді ұйымдардың (ЕТҰ) қызметкерлеріне арнап ақпараттық технологиялар және цифрландыру жобаларын басқару тақырыбы бойынша оқу ұйымдастырды.
Екі күнге созылған оқу курсына мұнай мен газды барлау, өндіру, мұнай сервисі, мұнай өңдеу және мұнай химиясы, тасымалдау бағыттарына жауапты еншілес ұйымдардың 60 маманы қатысты. Олар офлайн және онлайн форматтарда жобаларды басқарудағы тәсілдер, жобаларды басқару ісіндегі озық стандарттар мен қазіргі тенденциялар туралы ақпарат алды. Оқытудың басты практикалық мақсаты – ҚМГ-ның ақпараттық технологиялар мен цифрландыру жобаларын басқару ережелерін түсіндіру және алдағы уақытта осыған ұқсас ережелерді ЕТҰ жұмысына енгізу.
Іс-шара қорытындысы бойынша еншілес компаниялардың қызметкерлері өз пікірлерін ортаға салды. Олардың айтуынша, тренинг барысында алған білім мен дағдыларды өздерінің жұмыстарында тиімді пайдалануға болады. Курс сондай-ақ жобалау менеджерлерінің біліктілігін дамытуға, ЕТҰ қызметкерлерінің күрделі міндеттерді шешуде сенімділігін нығайтуға және кәсіби құндылығын арттыруға ықпал етеді.
ҚМГ цифрлық даму департаменті «ҚазМұнайГаз» тобының әріптестері үшін осындай оқытуды ұйымдастыру тәжірибесін дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.