ҚМГ JanAru бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтарда еңбек ететін әйелдерді қолдауды күшейтуде
13.06.2025
Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында және еліміздегі гендерлік саясатты қолдау мақсатында ҚазМұнайГаз мұнай-газ саласында еңбек ететін жұмысшы әйелдерді дамытуға бағытталған «JanAru» (Жаңару) білім беру бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда.
Almaty Management University базасында оқытудың екінші модулі өтіп, оған ҚМГ-ның Өзенмұнайгаз, Маңғыстаумұнайгаз, Ембімұнайгаз, Қаражанбасмұнай, ҚазТрансОйл, Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, Қазақойл Ақтөбе, CASPI BITUM, ӨзенМұнайСервис, KMG EP-Catering — еншілес және тәуелді ұйымдарының жұмысшы мамандықтарының 40 өкілі қатысты.
Қатысушылар арасында сорғы станцияларының машинистері, қабат қысымын ұстап тұру, мұнай-газ өндіру, ұңғымаларды зерттеу және пульттерді басқару жөніндегі операторлар, химиялық талдау зертханашылары, электромонтерлер, тауар операторлары мен аспаздар бар.
Бағдарламаның екінші модулі эко-ойлауға — қалдықтарды азайту және энергия тиімділігін арттыруға, цифрлық және қаржылық сауатты арттыруға арналған бағыттарды қамтыды. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды нығайтуға және салт-дәстүрлерді сақтауға ерекше көңіл бөлінді.