ҚМГ мен Sinopec бірлескен жобалардың іске асу барысын талқылады
01.09.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Бейжің қаласына (ҚХР) жұмыс сапары барысында Sinopec Group Директорлар кеңесінің төрағасы Хоу Цицзюньмен кездесу өткізді.
Тараптар геологиялық барлау және мұнай-газ химиясы жобаларын іске асыруды қоса алғанда, түрлі бағыт бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Sinopec компаниясы — Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Березовский» барлау жобасы бойынша ҚМГ-ның стратегиялық серіктесі.
Айта кетсек, ҚМГ мен Sinopec арасында аталмыш жоба бойынша бірлескен қызметтер мен қаржыландыру туралы келісімдерге қол қойылған болатын. Компаниялар жобаны 50/50 тең талаптармен жүзеге асыруға келісті. Барлау кезеңін Sinopec компаниясы қаржыландырады. Бүгінгі таңда «Березовский» жобасын одан әрі іске асыру аясында көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа қол қойылды. Құжат — Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетика саласында өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды кезеңді айқындайды.
«Березовский» жобасының әлеуеті зор — алдын ала бағалаулар бойынша оның геологиялық қоры 500 млн тонна шартты отын деңгейіне жетуі мүмкін. Жобаның табысты іске асуы елімізде ресурстық базаның дамуына ықпал етпек. Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану операцияларын атқаратын жобаның Операторын құру бойынша іс-шаралар қолға алынды. Минималды жұмыс бағдарламасы аясында 300 бойлық км 2D және 300 шаршы км 3D сейсмикалық барлау, сондай-ақ тереңдігі 7 000 м болатын іздеу ұңғымасын бұрғылау жоспарлануда.
Сонымен қатар Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ірі жобалардың бірі — жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт салу жобасының іске асырылу барысы қаралды. Пиролиз қондырғысының құрылыс алаңында қада қағу (50% астам) және іргетасын құю жұмыстары жалғасуда. Екінші негізгі қондырғы — полимерлеу және жалпы зауыттық шаруашылық нысандарын салу үшін Maire Tecnimont (Италия) және Sinopec Shanghai Engineering (ҚХР) компанияларының консорциумымен EPC-келісімшартқа қол қойылды.
Екінші қондырғы бойынша негізгі құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айына жоспарланған.