«ҚазМұнайГаз» еншілес компаниялар қызметкерлерінің арасында ESG мәдениетін арттырады
09.11.2023
2023 жылдың күз айларында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес және тәуелді ұйымдар (бұдан әрі – ЕТҰ) қызметкерлері үшін бірқатар практикалық тренинг өткізді.
Қараша айында 8 ірі ЕТҰ жобаларының басшылары үшін Green Project Management Global әдіснамасына негізделген жобаларды тұрақты басқару бойынша бейіндік оқыту жүргізілді.
Тренингке қатысушылар жобаларда, бағдарламаларда және портфельдерде тұрақты даму тұжырымдамасын қолданудың үздік тәжірибелерін зерделеп, бағалау, тәуекелдерді азайтудың және жобалардың табыстылығын арттырудың практикалық құралдарын игерді. Тестілеу қорытындысы бойынша ЕТҰ-дағы 13 жоба жетекшісі GPM-b жобаларды тұрақты басқару бойынша халықаралық сертификат алады.
Сондай-ақ, «ESGQ рейтинг агенттігі» ЖШС сарапшылары ҚМГ корпоративтік орталығының қызметкерлерімен бірлесіп «Компанияның тұрақты даму жүйесінде ESG орны» тақырыбында практикалық тренинг өткізді.
Оқыту барысында ҚМГ мен ЕТҰ-ның 50 қызметкері тұрақты даму саласындағы жаһандық трендтермен, ESG практикаларын енгізумен және ESG рейтингтерінің компания қызметіне әсерімен танысты. Тренингке қатысушылар теориядан басқа стейкхолдерлердің компанияның беделін қалыптастырудағы рөлін практикада игерді.
11 қарашада атап өтілетін «Халықаралық энергия үнемдеу күні» кәсіби мерекесінің қарсаңында ҚМГ «Energy Partner» компаниясымен бірлесіп «Энергия үнемдеу, ЖЭК және төмен көміртекті даму» тақырыбында онлайн-семинар ұйымдастырды.
Семинар бағдарламасында тікелей эфирде шақырылған дәріскерлер энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы даму перспективаларына байланысты бүгінгі таңда ең өзекті тақырыптарды қаузады. Семинар лауазымы мен кәсіби қызметіне қарамастан, ҚМГ-нің барлық қызметкеріне энергия үнемдеу мен төмен көміртекті дамыту, энергия үнемдеу әдеттерін қалыптастыру саласындағы өзекті бағыттар туралы талқылауға арналған алаңға айналды.
Энергия тиімділігі мен энергия үнемдеу – ҚМГ-нің Төмен көміртекті даму бағдарламасын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл көміртегі ізін азайтуға және өндірісті оңтайландыруға, жаңа технологияларды енгізуге және отын-энергетикалық ресурстарды тұтынуды қысқарту арқылы қоршаған ортаға әсерге ықпал етеді.