Қаріп өлшемі:
+A
-A
Режим:
Қалыпты режимге оралу
Көру қабілеті нашар адамдар үшін

Авиацияның қан тамыры: отын құю кешенінің көрінбейтін әлемі

17.09.2025

Әрбір әуе рейсінің қауіпсіздігі мен тиімділігі — жолаушы назарынан тыс қалатын, бірақ барынша күрделі жерүсті инфрақұрылымға тікелей тәуелді. Сол жүйенің өзегінде – авиаотынмен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ететін, әуежайдың «қан тамырына» айналған жанармай құю кешені (ОҚК) тұр.

Көзге көрінбегенімен, дәл осы жер — отын құю кешені — ұшудың ең күрделі және жауапты технологиялық үдерістері жүзеге асатын алаң. Мұнда авиациялық отын қабылданып, сапасы мұқият зертханалық бақылаудан өтеді, бірнеше кезеңдік сүзгіден тазартылады және әуе кемесінің қанатына дәл әрі қауіпсіз түрде құйылады. Бұл жүйе мінсіз жұмыс істемейінше, бірде-бір ұшақ әуеге көтеріле алмайды.

Авиаотын сапасы: стандарттармен басталатын сапар

Авиациялық отынның жолы ұшақтағы бактан немесе мұнай өңдеу зауытынан шыққан сәттен басталмайды. Ол сапасы қатал нормативтік құжаттар — стандарттарға сәйкес мұқият тексерілген кезде ғана өз жолын алады.

Қазақстанда, басқа да бірқатар елдердегідей, мұндай стандарт ретінде бұрын ГОСТ (Мемлекеттік стандарт) жүйесі қолданылған. Бұл жүйе 1925 жылы енгізіліп, КСРО-ның ғылыми және өндірістік өмірінің іргетасын қалаған. ГОСТ стандарттарын әзірлеу — күрделі әрі ұзаққа созылатын процесс болды: оған жетекші ғылыми-зерттеу институттары, жобалау-конструкторлық ұйымдар және профильді министрліктер қатысқан. Мемлекеттік стандартты келісу және бекіту процедурасы бірнеше жылға дейін созылып, әрбір стандарт өз уақытының алдыңғы қатарлы ғылыми жетістіктерін толық көрсете білді. Әуе қатынастары дамып, халықаралық тасымал көлемі артқан сайын, әуекомпаниялар, ұшақ өндірушілер мен әуежайлар үшін жалпыға бірдей түсінікті сапа түрінде қажеттілік туындады. Бұл міндетті ASTM стандарты (American Society for Testing and Materials — АҚШ Сынақтар және Материалдар Қоғамы) өз мойнына алып, бүгінгі таңда Jet A-1 маркасы авиаотынының жаһандық эталонына айналды.

Ең бастысы, бұл стандарттар тұтас жүйеден бөлініп, өз алдына қалып қоймаған. Химия мен физиканың негізгі қағидалары, ұшу қауіпсіздігінің талаптары барлық жерде әмбебап болып табылады. КСРО ғылыми мектебінде әзірленген әдістер мен бақылау тәсілдері, ГОСТ стандарттарында бекітілген нормалар халықаралық тәжірибелерге, оның ішінде ASTM стандартына да елеулі ықпал етті — керісінше де жағдайлар кездеседі.

Сондықтан бүгінгі басты мәселе — қай жүйе «жақсы» дегенде емес, қайсысы халықаралық авиация индустриясында жалпыға қабылданған ортақ тілге айналғанында. Әуежай кез-келген халықаралық авиакомпанияның ұшағын шектеусіз қабылдап, сапалы қызмет көрсете алуы үшін оның инфрақұрылымы мен отыны нақты халықаралық стандарттарға сай болуы қажет.

Резервуарлар паркі – ОҚК-нің қуат көзі

Лаборатория рұқсат бергеннен кейін, авиациялық отын резервуарлар паркіне жол тартады — бұл стратегиялық маңызы бар сақтау орны, әуежайдың болат өкпелеріне баламалы. Мұнда, көлемі бірнеше мың текше метрге жететін вертикалды немесе горизонталды жабық ыдыстарда авиаотын «демалып», өз кезегін күтеді. Алайда бұл – жай ғана сақтау көлемдері емес: әр резервуар — заманауи бақылау мен қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған, күрделі инженерлік құрылым. Деңгей, температура, қысым датчиктері — оның «сезім мүшелері», диспетчерлік орталыққа телеметрияны үздіксіз жіберіп отырады. Буды немесе газды өрт сөндіру автоматты жүйелері қауіптің ең ұсақ ошақтарын бір сәтте бейтараптандыруға дайын тұрады, ал апатты жағдайда резервуарды шұғыл босату жүйелері іске қосылады. Ірі болат резервуарлар найзағайдың тікелей соққысына осал келеді, ал жанармайдың құбыр бойымен қозғалысы кезінде туындайтын статикалық электр қауіптің бетін одан әрі күшейтеді. Сондықтан сенімді жерге тұйықтау мен найзағайдан қорғау жүйелері — қауіпсіздіктің басты кепілі.

Бұл жерде басты қағида — бөлу және қатаң бақылау. ТС-1 және Jet A-1 маркалы авиаотындар ешқашан ұшақ қанатына дейін араластырылмайды. Өйткені олардың қосылуы физика-химиялық қасиеттердің өзгеруіне әкеліп, авиациялық стандарттарға сәйкес келмейтін нәтижелер тудыруы мүмкін. Бұл — екі түрлі дәріні араластырып, уытты әсерге тап болумен тең.

Сондықтан әр отын маркасы үшін толықтай дербес жүйе қарастырылған: жеке резервуарлар, оқшау құбыр және насос жүйелері, сондай-ақ арнайы таңбаланған жанармай тасымалдау машиналары қолданылады.

Сүзу: көзге көрінбейтін қауіпке қарсы қорғаныс

Ұшақтың отын багына жеткенге дейін жанармай бірнеше сатылы «тазарту дәлізінен» өтеді. Бұл процесте авиациялық қозғалтқыштардың басты екі жауы — механикалық бөлшектер мен су — мұқият жойылады. Алғашқы кезеңде  көзге көрінетін бөлшектер арнайы сүзгілер арқылы алынып тасталады.

Алайда нағыз күрес — жұқа сүзгі деңгейінде жүреді: бұл сүзгілердің тор көздері небәрі 1–2 микронды құрайды, яғни көзге көрінбейтін ең ұсақ бөлшектерді де ұстап қалады. Салыстырар болсақ, адам шашының жуандығы шамамен 70 микрон.

Ең қауіпті жау — су. Ол отынның құрамында еріген күйінде байқалмай жүруі мүмкін. Алайда биікте, –50 °C температурада бұл микротамшылар мұз кристалдарына айналып, жанармай құбырлары мен ұшақ сүзгілерін бітеп тастау қаупін тудырады.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ОҚК фильтр-сепараторларды қолданады. Олар коалесценция принципі бойынша жұмыс істейді: гидрофобты талшықтардан жасалған арнайы картридждер судың микротамшыларын біріктіріп, ірі әрі ауыр тамшыларға айналдырады. Содан кейін бұл тамшылар гравитация әсерінен тұнбаға шөгіп, жүйеден қауіпсіз түрде шығарылып тасталады.

Қорытынды кезеңде отын антистатикалық өңдеуден өтеді. Керосиннің құбыр бойымен жылдам қозғалысы үлкен статикалық электр зарядын тудырады, ол искра пайда болып, буларының тұтанып кету қаупін арттырады.

Арнайы қоспалар мен жабдықтар осы зарядты бейтараптап, толық электр қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Құю: ұшаққа отын берудің соңғы қадамы

Алдыңғы және ең жауапты кезең — отынды ұшақтың қанатына құю. Әуежай инфрақұрылымына байланысты бұл екі жолмен жүзеге асады. Классикалық және ең әмбебап жол — жанармай тасымалдаушы машина қолдану. Бұл «дөңгелек бочка» ғана емес, өз ішінде насос жүйелері, жұқа сүзу, дәл есептегіштер, басқару жүйесі бар мобильді станция. Орташа трафикті әуежайларда икемді қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

Үлкен хаб-әуежайларда, минуттың өзі алтынға тең болған жағдайда, гидрантты жүйе қолданылады. Аты ежелгі гректің «hydor» — «су» деген сөзінен шыққан бұл жүйе өрт гидранттарына ұқсас. Жер асты құбыр желісі жоғары қысыммен отынды тікелей ұшақ тұрағына жеткізеді. Арнайы диспенсер машинасы гидрантты ұшақ қанатына қосып, кейде 100 тоннадан астам жанармай қажет ететін кең денелі лайнерлерге минутына 3 000 литрге дейінгі жылдамдықпен отын құюға мүмкіндік береді.

Құю басталмай тұруып, алдымен қауіпсіздіктің ең маңызды кезеңі жүзеге асуы керек. Ол — жерге тұйықтаудың жүргізілуі. Ұшақ пен жанармай құю машинасы арнайы троспен қосылады да, олардың электр өткізгіш потенциалдары теңестіріледі. Осылайша, қауіпті статикалық ұшқын пайда болу мүмкіндігі жойылады.

Оператордың экранында барлық маңызды мәліметтер көрініп тұрады: қысым, температура, құйылған көлем және, ең бастысы, жанармай партиясының нөмірі. Бұл — жай ғана құю емес, толық бақылаудағы, сертификатталған технологиялық процесс. Әрбір қимыл жазылып, қауіпсіздік пен сенімділік ең жоғары деңгейде қамтамасыз етіледі.

Цифрлық жүйе: ОҚК үздіксіз бақылауда

Авиаотынмен жұмыс — қателіктің бағасы тек ақшада емес, жүздеген адамның өмірі мен қауіпсіздігінде өлшенеді. Сондықтан адами фактор мүмкіндігінше азайтылуы шарт. Сол себепті заманауи отын құю кешендері күрделі автоматтандырылған басқару жүйелерімен (АБЖ) жабдықталады — бұл цифрлық «ми» мен «жүйке жүйесі», кешеннің жұмысын нақты уақыт режимінде бақылайтын басты механизм.

Осы жүйелер тәулігіне жүздеген параметрді үнемі қадағалайды. Олар отынның кешен ішіндегі қозғалысын бақылап, әр клапан мен насосқа дәл басшылық жасап, жанармайды сенімді және қауіпсіз сақтау мен тасымалдауды қамтамасыз етеді. Резервуардағы датчиктер жабдықтың жай-күйін — насос қысымынан бастап, температура мен деңгейге дейін — үздіксіз жіберіп отырады, болашақтағы ақауларды алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі мен қызметкерлерді идентификациялау функцияларын біріктірген интеграцияланған жүйелер кіруге қатаң бақылау орнатып, кез келген қауіпті жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Кез-келген операция — цистернаны қабылдаудан бастап нақты ұшаққа жанармай құюға дейін — мұқият құжатталып, бірыңғай деректер базасына енгізіледі. Нәтижесінде толық цифрлық із қалыптасады: кез-келген уақытта қанша отын құйылғаны, қай партиядан алынғаны, қандай лаборант тексергені және қай оператор қызмет еткенін нақты білуге болады. Мұндай абсолютті ашықтық пен есеп беру — халықаралық стандарттардың міндетті талабы.

Ақтөбе: «КазМунайГаз‑Аэро» жобасымен болашаққа сенімді қадам

Қазақстанда осы қағидалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын «КазМунайГаз‑Аэро» компаниясының Ақтөбеде жүзеге асырып жатқан жобасынан көруге болады. Мұнда құрылып жатқан — жай жанармай құю кешені емес, жаңа буындағы инфрақұрылымдық нысан, халықаралық стандарттар — JIG 1, 2 және EI/JIG Standard 1530 талаптарына толық сай келетін жоба.

Кешеннің жүрегі — жалпы сыйымдылығы 20,2 мың текше метр болатын резервуарлық парк (мұнай база). Ең маңыздысы — ол бастапқыдан түрлі жанармай түрлерін бөлек сақтау үшін арнайы жобаланған: авиациялық отынға (ТС‑1, РТ және Jet A‑1) арналған 12,2 мың текше метрлік сыйымдылық, сондай-ақ АИ‑95, АИ‑92 бензиндер және жаз бен қысқы дизель үшін әрқайсысына 2 мың текше метр резервуарлар бар. Бұл отын құю кешені бүкіл аймаққа мультиотындық хаб ретінде қызмет ететін болады.

Үзіліссіз жабдықтау үшін заманауи екі жақты теміржол құю эстакадасы салынады. Перрондағы оперативтік жұмыс мобильді жанармай құю кешені арқылы ұйымдастырылады, ал техника паркi екі жаңа жанармай тасымалдаушы машиналармен толықтырылады.

Барлық күрделі процестер әкімшілік ғимараттағы диспетчерлік орталықтан басқарылады: резервуарлардағы отын деңгейі үнемі бақыланып, оның тасымалы үйлестіріледі. Сапа стандарттарын сақтау заманауи зертхана жауапкершілігінде, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жаңа өрт бөлімі мен арнайы көлік жұмылдырылған.

Бұл жоба тек жергілікті құрылыс емес. Ол — Қазақстанның ірі әуежайларын халықаралық деңгейдегі хабтарға айналдыруға, кез келген әуе кемесін қабылдауға дайын болуға және ең жоғары сапада қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік міндеттің нақты қадамы.Әуе қатынастары жерден басталады

Ұшақ тасалық жолға шықпас бұрын, ұшу процесі әлдеқашан басталған болады. Лабораториялардың тыныштығында, болаттан жасалған резервуарларда, насос-сүзгілердің үздіксіз жұмысында және жанармайдың сапасын қатаң бақылауында — жолаушылар ешқашан көрмейтін, бірақ олардың қауіпсіздігін темірдей қамтамасыз ететін мамандар бар.

Жанармай — бұл тек жанғыш зат қана емес. Ол — химия мен дәлдіктің, рұқсаттар мен инженерлік шешімдердің нәзік тоғысы. Қауіпсіздік мұнда микрондар мен миллиграммдермен өлшенеді. Көптонналы лайнер жерден жеңіл көтерілген сәтте, ол өзімен бірге жолаушылар мен жүгі ғана емес, ұшуына қажетті энергияны қамтамасыз еткен, көрінбейтін еңбекті де ала кетеді.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ