KZ
БІЗДІҢ ПРОГРЕСС

Өзінің негізгі қызметін іске асыра отырып, ҚМГ жыл сайын елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және Компания қатысатын өңірлерді дамытуға елеулі үлес қосады.

Өзінің негізгі қызметін іске асыра отырып, ҚМГ жыл сайын елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және Компания қатысатын өңірлерді дамытуға елеулі үлес қосады.

Сонымен қатар, қатысу өңірлеріндегі ірі салық төлеушілердің бірі бола отырып, ҚМГ ел бюджетіне салықтар және басқа да төлемдер бойынша өз үлесін қосады. 2019 жылы бюджетке 1 522 млрд теңге (4 млрд АҚШ доллары) салық және басқа да міндетті төлемдер төленді.

Сондай-ақ Компания елдегі 70 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, қызметкерлер мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетіп отыр. 2019 жылы қызметкерлер үшін Компанияның әлеуметтік аударымдарға және зейнетақы жарналарына жіберген қаражаты 52 млрд теңгені құрады.

Отандық өндірушілерді қолдау бойынша бағдарламаларға қатысу және сатып алудағы жергілікті қамтуды ұлғайту ҚМГ басымды міндеті болып табылады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық компаниялардан ҚМГ компаниялар тобы бойынша тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алудың жалпы көлемі 2 004,7 млрд теңгені құрады, бұл сатып алудың жалпы сомасының 94 %-ын құрайды. Сатып алудағы жергілікті қамтудың үлесі 81 % құрады.

Компанияның экономикалық нәтижелілігінің төменде көрсетілген көрсеткіштері ел экономикасына осы салымды бағалауға мүмкіндік береді.

10-қағидат Іскерлік топтар бопсалаушылық пен парақорлықты қоса алғанда, сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлеріне қарсы тұруға тиіс

ҚҰРЫЛҒАН ЖӘНЕ БӨЛІНГЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚҰН
Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау

Ұлттық заңнамаға сәйкес азаматтардың зейнетақы жинақталымдары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында болады. Зейнетақы мемлекет кепілдік берген ең төменгі зейнетақы ставкасынан, жеке зейнетақы жинақтарынан (жалақының 10%-ы мөлшеріндегі ай сайынғы жарна) және қосымша өңірлік үстемеақылардан тұрады.

Әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламасына қосымша ҚМГ тобында жұмыс істемейтін зейнеткерлерге арналған зейнетақы бағдарламасы іске асырылуда, оған сәйкес қызметкерлер зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін белгілі бір материалдық қолдау алады.

ҚМГ компаниялары тобының кейбір мұнай сервистік ұйымдарында тараптардың келісімі бойынша еңбек қатынастарын бұзу кезінде өтемақы төлеумен, зейнеткерлік жасқа толған қызметкерлермен еңбек қатынастарын бұзу кезінде өтемақы төлей отырып, зейнеткерлік жас алдындағы қызметкерлерге зейнеткерлікке ерте шығу мүмкіндігін беру жөніндегі жоба іске асырылуда. 2019 жылы ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға арналған шығыстар жұмыс істемейтін зейнеткерлерге әлеуметтік көмекті қоса алғанда, өткен жылға ұқсас 22 млрд теңгені құрады.

ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, млрд теңге
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ

Ел инфрақұрылымына негізгі маңызды инвестицияларды ҚМГ өзінің еншілес ұйымы «ҚазТрансГаз» АҚ (ҚТГ) арқылы жүзеге асырады. ҚТГ отандық та, шетелдік те газ нарығында мемлекеттің мүддесін білдіретін ҚР негізгі газ энергетикалық және газ тасымалдау компаниясы болып табылады. Өңірлерді газдандыру бағдарламасы шеңберінде ҚТГ ҚР елді мекендерін газдандыру және жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда.

2019 жылы келесі инвестициялық жобаларды іске асыру табысты аяқталды:

1. «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салу. I-кезең. «Қызылорда-Астана» учаскесі

Қызылорда облысында бастау алатын газ құбыры Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының тұрғындарына және магистральдық газ құбыры трассасының бойымен отандық табиғи газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін жылына 2,2 млрд м3 дейінгі көлемде газ тасымалдауға мүмкіндік береді. Болжамға сәйкес, 171 елді мекеннің 2,7 млн-ға жуық адамын газға қосу күтілуде.

Дәстүрлі отын көздерінен табиғи газға көшу атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын төмендетіп, жер мен су ресурстарының сақталуына, және елді мекендер аумақтарындағы экологиялық жағдайға оң әсерін тигізеді.

2. Маңғыстау облысы елді мекендерінің газ тарату желілерін жаңғырту, реконструкциялау және жаңасын салу

Жоба қызмет көрсету сапасын арттыру және сенімділігін жақсарту, тұтынушылар үшін газдың жетіспеушілігін жою мақсатында Маңғыстау облысының газ желілерін жаңғыртуға және реконструкциялауға, сондай-ақ салуға бағытталған.

Жоба аясында 5 елді мекен газдандырылды: Мұнайлы ауданының Батыр тұрғын алабы, Маңғыстау ауданының Жарма және Басқұдық ауылы, Бейнеу ауданының Боранкөл ауылы, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында 18 көше, Бейнеу ауданының Боранкөл ауылында 2 ауыл.

2019 жылы 24,863 км газ құбырларын тарту бойынша жұмыстар орындалды, 4 бірлік БГП орнатылды, Ақтау – Форт-Шевченко жоғары қысымды кентаралық газ құбырының коррозияға қарсы жабынын күрделі жөндеу бойынша жұмыстар орындалды. Жоба барлығы 1 347 км газ құбырын салуға және жаңғыртуға мүмкіндік берді (оның ішінде 647 км жаңалары салынды), 6 автоматты газ тарату станциясы, 34 шкафты газ реттеу пункті және 45 блокты газ реттеу пункті орнатылды. Жоба 2,5 мың жаңа абонентке артты.

3. Тараз қ. газ бөлу желілерін жаңғырту. Жобаның мақсаты – газ тарату желілерін пайдаланудың техникалық сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында Тараз қаласының газ тарату желілерін жаңғырту.

Жобаны іске асыру нәтижесінде газбен жабдықтау жүйесінің өткізу қабілетін 1,5 есе арттыра отырып, тұтынушылардағы газдың жеткіліксіз қысымы проблемасы жойылды. Қаланың жеке секторында ұзындығы 899 км газ құбырлары салынды, 19 409 жеке шкафтық пункт, 149 газ реттегіш шкафтық пункт, 1 газ реттегіш блоктық пункт орнатылды. Газбен жабдықтаудың жаңа жүйесіне жеке сектордың 34,6 мың абоненті, коммуналдық пәтерлердің 50 мың абоненті қайта қосылды. Жеке секторда газдың нақты есебін жүргізуге мүмкіндік беретін смарт-карталары және термокорректорлары бар есептеуіштер енгізілген.

4. «БГР-ТБА» МГ және «Қазақстан-Қытай» МГ арасында TIP-02 бөгетінде сығу компрессорлық станциясын (СКС) салу

СКС өткізу қабілеті жылына 2-ден 3,5 млрд м3 дейін артты. Жобаның стратегиялық маңызы бар, оны іске асыру ҚХР-ға экспорттау үшін «БГР-ТБА» магистральдық газ құбыры арқылы «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырына газ беруге және Алматы қаласын «БГР-ТБА» МГ қырғыз учаскесін айналып өтетін газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 2019 жылы ҚМГ елді мекендердегі газ тарату желілерін жаңғыртумен қатар МӨЗ жаңғырту бойынша қалған жұмыстарды аяқтады. Қазақстанның жетекші мұнай өңдеу кәсіпорындары – Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының аяқталған жаңғыртуының арқасында шикі мұнайды өңдеу қуаты мен тереңдігі артты, К-4 пен К-5 (Евро-4, Евро-5) стандарттары бойынша мұнай өнімдерінің жоғары сапасы қамтамасыз етілді, бұл елдегі олардың тапшылығын жоюға ғана емес, сондай-ақ экспортқа жіберуге де мүмкіндік берді.

2019 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы ілгерілеу және жаңа жобалар

1.Серіктестермен бірлесіп ТЭН нәтижелері бойынша Бейнеу – Бозой – Шымкент МГ қуатын жылына 15 млрд м3 дейін кеңейту туралы шешім қабылданды.

2.Алматы қ. газдандыру, Алматы қ. газ тарату жүйелерін жаңғырту, реконструкциялау. 2019 жылы газдандыру шеңберінде 265 км жаңа газ құбырлары салынып, жұмыс істеп тұрған 76 км газ құбырлары қайта жөнделді, 21 шкафтық пункт орнатылды.

Жобада Алматы қаласының (Медеу, Алатау, Жетісу, Бостандық, Алмалы, Түрксіб, Наурызбай аудандары) жеке үйлері бар тұрғын аудандарды/учаскелерді газдандыру көзделген, бұл қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға, орташа жылдық 15,8 млн м3 тұтынумен 4,1 мың жаңа абонентті газбен жабдықтауға қосуға мүмкіндік береді.

3.«Кеңқияқ – Атырау» мұнай құбыры учаскесінің өнімділігі жылына 6 млн тоннаға дейін реверсінің бірінші кезеңі. Жоба ПМХЗ, ПҚОП-қа жылына 6 млн тоннаға дейінгі көлемде Батыс Қазақстан мұнайын тасымалдауды және ҚХР-ға мұнай экспортын ұлғайтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба шеңберінде 2019 жылы 1-ші іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды және 2-ші іске қосу кешені объектілерінің құрылысы бойынша жұмыстар басталды.

4.«ПМХЗ» ЖШС-да «Ертіс» жобасы бойынша ТЭН әзірлеу туралы шешім қабылданды, ол ылғалдану температурасы –32 С және одан төмен дизель отынының қысқы сорттарын өңдеуге бағытталған.

5.Еңбекті, қоршаған ортаны және қауіпсіздікті қорғауды басқару (HSE) мәселелерінің үздік практикаларға бейілділігін растай отырып, 2019 жылы АМӨЗ «Tazalyk» жобасы шеңберінде зауыт үшін жаңа тазарту құрылыстарын жобалауға және салуға кірісті. Тазарту құрылыстарын жаңғырту 2-кезеңде жүргізілетін болады: механикалық тазартудың бірінші желісін жаңғырту және реконструкциялау – 2019–2021 жылдары және ағынды суларды биологиялық тазартуды реконструкциялау және толық тазалау блогын салу – 2019–2023 жылдар.

Экспорт әлеуетін кеңейту мақсатында мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстарды жалғастыру жоспарланып отыр:

1. Өткізу қабілеті жылына 15 млрд м3 дейін «Бейнеу - Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырын салу.

Ағымдағы сәтте магистральдық газ құбырының қол жеткізілген қуаты жылына 13 млрд м3 құрайды. 2020 жылы «Бейнеу» ҰҒЗ, «Ақбұлақ» ҰГЖ және «Бозой» КС кеңейту жөніндегі іс-шараларды аяқтау жоспарлануда, бұл газ құбырының қуатын жылына 15 млрд м3 дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

2. 4 компрессорлық станция (КС) салу.

2019 жылғы ақпанда «Бозой-Шымкент» МГ учаскесінде «Арал», «Қорқыт ата» және «Түркістан» компрессорлық станциялары пайдалануға енгізілді. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГ газ құбырының қуаты жылына 13 млрд м3 дейін жетті.

2020 жылы «1А» КС құрылысын аяқтау және пайдалануға беру жоспарлануда.

САТЫП АЛУ ПРАКТИКАСЫ

Барлық әлеуетті өнім берушілерге сатып алу процесіне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру сатып алу қағидаттарының бірі болып табылады.

2019 жылы ҚМГ сатып алу рәсімдері «Самұрық-Қазына» АҚ-тың веб-сайтына орналастырылған «Самұрық-Қазына» АҚ-тың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу қағидаларымен реттелді.

Бұл ретте тауарларды сатып алудың қолданыстағы жүйесі ашық тендер немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды, оның ішінде Холдингтің тауар өндірушілері тізілімінде тұрған сатып алынатын тауардың тауар өндірушілері арасында ғана, сондай-ақ Холдингтің мүгедектер ұйымдарының тізілімінде тұрған сатып алынатын тауарды өндіретін мүгедек ұйымдар арасында ғана өткізуді көздейді.

Бұдан басқа, ҚМГ ұйымдарының сатып алу рәсімдерін реттейтін «Самұрық-Қазына» АҚ-тың сатып алу әдіснамасында 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар жасасқан Холдингтің жер қойнауын пайдаланушылары осындай келісімшарттардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін немесе бұдан бұрын басталғанына қарай 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданатын тауарларды сатып алуды жүзеге асыру бөлігінде ерекше шарттар көзделген. Бұл ерекше шарттар жер қойнауын пайдаланушылар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 78-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес олар жобалық құжаттың және техникалық реттеу саласындағы ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда, тауарларды қазақстандық өндірушілерден сатып алуға міндетті екендігін көздейді.

Сатып алу процесі мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды:

• сатып алудың жылдық (ұзақ мерзімді) жоспарын әзірлеу және бекіту;

• өнім берушіні таңдау;

• сатып алу туралы шарттарды жасасу және орындау.

ҚМГ және оның ЕТҰ жеткізушілерін таңдау ашық тендер өткізу тәсілімен, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу әдіснамасына сәйкес бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылады.

Барлық сатып алу Электрондық сатып алуды жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес Электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.

Тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтердің өнім берушісін таңдау кезінде қорытындыларға әсер ететін бұзушылықтарға жол бермей, Қордың сатып алу әдіснамасына нақты сәйкестікте сатып алу рәсімдерін жүргізу маңызды аспект болып табылады. Бұл көрсеткіш ҚМГ және оның ЕТҰ басшы қызметкерлерінің ҚНК картасына енгізілді.

«Самұрық-Қазына» АҚ тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу қағидаларында әлеуетті өнім берушілерді алдын ала білікті іріктеуді жүргізуді және алдын ала біліктіліктен өткен әлеуетті өнім берушілердің дерекқорын қалыптастыруды көздейтін білікті әлеуетті өнім берушілердің арасында сатып алуды жүзеге асыру тәртібі көзделген.

Әлеуметтік өлшемшарттар бөлігінде әлеуетті өнім берушілерге қойылатын талаптарды белгілеу мүмкіндігі «Самұрық-Қазына» АҚ-тың сатып алу әдіснамасында көзделмегенін атап өткен жөн. Осыған байланысты өнім берушіні таңдау кезінде ҚМГ әлеуметтік өлшемшарттарын анықтау бәсекелестікті шектеу ретінде «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан бағалануы мүмкін.

Сонымен бір уақытта адам құқықтары мен әлеуметтік өлшемшарттарды сақтау ережелері ҚМГ тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға арналған үлгі шарттарында, сондай-ақ бекітілген Іскерлік этика кодексінде көрсетілген.

Жалпы алғанда, ҚР резидент компанияларынан тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемі (олардың қызметкерлерінің азаматтығына және «СТ-КZ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаттардың болуына қарамастан) мынаны құрады: (млрд теңге)

Осылайша, 2019 жылы ҚР резидент компанияларынан тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу 2 004,7 млрд теңгені құрады, бұл сатып алудың жалпы сомасының 94 %-ын құрайды.



Сонымен қатар тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамту үлесін есептеу ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 260 бұйрығымен бекітілген Ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесі негізінде жүргізіледі.

Жоғарыда көрсетілген көрсеткіштер дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп проценті меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында ҚМГ-ге тікелей немесе жанама түрде тиесілі және «Самұрық-Қазына» АҚ Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу қағидаларының субъектілері болып табылатын ҚМГ-дың барлық еншілес ұйымдары бойынша шоғырландырылған деректерді көрсетеді.

* «Жергілікті» деп, тауар өндіретін және жергілікті қамту үлесінің проценті көрсетілетін «СТ-КZ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаты бар отандық кәсіпорындар түсіндіріледі. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде сатып алынатын жұмысты орындауға (жұмысты орындауға (қызметті көрсетуге) арналған шартты қоспағанда, қызметті көрсетуге) арналған шартта жергілікті қамтуды есептеу кезінде қызметкерлердің жалпы еңбекақы төлеу қорындағы қазақстандық кадрлардың еңбекақы төлеу қорының үлесі ескеріледі.

Тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің жалпы сомасы және жергілікті қамту үлесі (млрд тенге)

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің әрекеттегі және әлеуетті жеткізушілері, отандық тауарлар өндірушілер, Маңғыстау облысы әкімдігінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері шақырылған Ашық есіктер күні өткізілді.

Сатып алулар кезінде қазақстандық тауарлар өндірушілеріне қолдау көрсету бойынша шаралары ретінде отандық тауарлар өндірушілеріне және холдингтің тауарлар өндірушілеріне басымдық беріледі, ал шарттарды жасасу кезінде — «Жаңа өндірістерге қолдау көрсету» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларына басымдық беріледі.

Практикадан алынған мысал
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау компанияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қабылдау және жүзеге асыру үшін негіз болып табылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тиімді және пәрменді төмендету үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы рәсімдер компанияның ерекше қажеттіліктеріне бейімделуі тиіс, өйткені олар қызмет жүргізудің көлемі, құрылымы, географиясы сияқты осындай айрықша сипаттамаларға тікелей байланысты.

Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне сәйкес Қазақстан Республикасы 100 балдың – 34 балын жинады. ҚМГ өз қызметінің түрі бойынша ҚР бірқатар министрліктері мен ведомстволарымен, сондай-ақ ҚМГ басқа елдердің (Ресей, Румыния, Грузия, БАӘ, Нидерланд, Болгария және өзгелері) аумағында болуына байланысты шетелдік лауазымды тұлғалармен белсенді өзара іс-қимыл жасайды, бұл демеушілік көрсету, саяси жарналар, лицензиялар, рұқсаттар, басқа да келісімдер, мемлекеттік органдардан мақұлдау алу, сондай-ақ экология саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұлдар сияқты қызмет түрлерін қамтитын операциялық тәуекелді қабылдауды білдіреді.

ҚМГ ЕТҰ құрылымына олардың жергілікті реттеуші органдарының, сондай-ақ басқа елдердің аумағында тіркелген және орналасқан ЕТҰ талаптарын ескере отырып, бизнес жүргізетін шетелдік серіктестері бар бірқатар бірлесіп-бақыланатын және бірлескен компаниялар кіреді. ҚР шегінен тыс жерлерде бизнес жүргізетін кейбір ЕТҰ-да шетел мемлекеті ҚМГ-мен бірлесіп ЕТҰ-ға ие немесе ЕТҰ-ның осы өңірде бизнес жүргізу мүмкіндігіне ықпал етуі мүмкін, ал бұл өз кезегінде серіктестермен сыбайлас жемқорлық қарым-қатынас тәуекеліне әкеп соғады.

2019 жылы UN Global Compact әдіснамасының талаптарына сәйкес ҚМГ және жекелеген ЕТҰ қызметінің тәуекелдеріне сыртқы тәуелсіз бағалау жүргізілді, оның шеңберінде елеулі бұзушылықтар салаларын анықтау үшін ҚМГ бизнес-бөлімшелерінің 130-дан астам қызметкерлерімен, сондай-ақ жобаның периметріне енгізілген ЕТҰ («Ембімұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС) бизнес-бөлімшелерімен, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ЖШС, «Жамбыл Петролеум» ЖШС, KMG International N. V. өкілдерімен/жетекшілерімен сұхбат жүргізілді.

Ұлыбританияның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын қолдану бойынша Ұлыбритания Әділет министрлігінің Әдістемелік басшылығының 3-қағидатына сәйкес ҚМГ үшін сыбайлас жемқорлықтың сыртқы тәуекелдері 5 санатқа бөлінген және сыртқы компанияда жоғары деп бағаланған.

Сонымен, бағалау нәтижелері бойынша Тәуекелдер комплаенс картасы қалыптастырылды (негізгі тәуекелдер компанияның мемлекеттік органдар өкілдерімен өзара іс-қимылымен, сатып алу саласындағы қызметпен, мүдделер қақтығысы болған кезде контрагенттерді таңдау процесімен және кадр тәуекелдерімен байланысты болды) және ҚМГ қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді, оған белгілі бір шаралар енгізілген, атап айтқанда:

• Директорлар кеңесін, жоғары басшылықты, орта буын басшылығын және басқа да қызметкерлерді қоса алғанда, КО мен ЕТҰ-ның барлық қызметкерлері үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тұрақты оқытуды жүргізу және осындай оқытуды жүргізу;

• cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы саясат, Бастамашылық ақпараттандыру саясаты, Мүдделер қақтығысын реттеу жөніндегі саясат және Мінез-құлық кодексі сияқты рәсімдер мен саясаттардың негізгі комплаенсін енгізу;

• сыртқы компания басқаратын орталықтандырылған «Жедел байланыс желісін» енгізу;

• контрагенттерге кешенді талдау жүргізу тәуекелін бағалауға нысандандырылған, құжатталған және негізделген тәсілдемені енгізу;

• қызметкерлер мен лауазымды тұлғалардың мүдделер қақтығысын декларациялау рәсімін енгізу.

Тәуекелдердің комплаенсін мейлінше азайту жөніндегі бақылау іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде Директорлар кеңесін, жоғары басшылықты, орта буын басшылығын және басқа да қызметкерлерді қоса алғанда, КО мен ЕТҰ-ның барлық қызметкерлері үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тұрақты оқытуды өткізу және осындай оқытуды өткізу бағдарламасы әзірленуде.

Мәселен, 2019 жылдың 4-тоқсанында Іскерлік этика кодексі және мүдделер қақтығысын реттеу мәселелері бойынша орта буын басшылығының 180-ге жуық өкілі оқудан өтті.

Қазіргі уақытта жұмысқа қабылдау кезінде әрбір қызметкер міндетті түрде Іскерлік этика кодексімен танысу рәсімінен өтетінін атап көрсетеміз, осы практиканы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы саясатпен танысуға қатысты қолдану жоспарланып отыр. Бұл компанияның бизнес-серіктестеріне де қатысты, сондықтан компания контрагенттермен жасасатын барлық үлгі шарттарда контрагенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ҚР заңнамасын сақтау міндеттемелерін көздейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпені, сондай-ақ Тапсырыс берушіні сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және жедел желі арқылы сатып алу қағидаларының кез келген болжамды және нақты бұзушылықтары туралы хабардар етуді қамтиды.

Компанияның және оның қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа, алаяқтыққа және кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалық және этикалық нормаларды ҚМГ-де бастамашылық хабардар ету саясатына сәйкес бақылау іс-шаралары жоспарын орындау шеңберінде сақтау сапасын бақылаудың тиімді құралдарының бірі тәуелсіз компания әкімшілік ететін бірыңғай орталықтандырылған «Жедел байланыс желісінің» жұмыс істеуі болып табылады, ол ҚМГ жауапты бөлімшелерінің, оның ішінде Комплаенс қызметінің барлық келіп түсетін хабарламаларды қарауын қамтамасыз етеді («Жедел байланыс желісі» байланыстары мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ҚМГ корпоративтік сайтында орналастырылған. Ұқсас мәліметтер ЕТҰ сайттарында бар). Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша «Жедел байланыс желісіне» 42 өтініш жіберілді (мынадай санаттар бойынша: парақорлық, сыбайлас жемқорлық немесе қаражатты тиімсіз пайдалану (сатып алу және жабдықтау саласын қоса алғанда, ұрлық немесе талан-таражға салу, қызметкердің сыйлықтарды немесе өзге де игіліктерді заңсыз алуы), соның ішінде 6 өтініш (сатып алу және жабдықтау саласы) расталды. Кінәлі тұлғаларға жазалау шаралары қабылданып, түзету іс-қимылдарының жоспары әзірленді.

2019 жылы «Жедел байланыс желісіне» келіп түскен өтініштердің нәтижелерін қарауды талдау барысында үш жағдай бойынша кінәлі қызметкерлер жазаға тартылды, «KMG EP-Catering» ЖШС екі қызметкеріне қатысты бір қылмыстық іс қозғалды және аяқталды. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты бұзушылықтар салдарынан іскерлік серіктестермен келісімшарттарды бұзу жағдайлары тіркелген жоқ.

Компаниядағы мүдделер қақтығысын басқару мәселесіне келетін болсақ, бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінеді, өйткені мүдделер қақтығысына байланысты бұзушылықтар ҚМГ тобы үшін бедел шығынына және қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін. Қазіргі уақытта ҚР заңнамасының талаптарын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, ҚМГ және оның ЕТҰ қызметкерлері мен лауазымды тұлғаларының мүдделер қақтығысын реттеу бойынша саясат әзірленді және бекітілді. Осы Саясат юрисдикцияға қарамастан кез келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаның қажетті базалық элементі болып табылады және мүдделер қақтығысын реттеудің жалпы қағидаттарын, мүдделер қақтығысын реттеу және алдын алу тетіктерін, мүдделер қақтығысы жағдайларының мысалдарын, мүдделер қақтығысын және т. б. декларациялауды көздейді.

Саясатты оның ішінде еншілес пен тәуелді ұйымдарға тарату болжанып отыр.

Бұған қоса, тәуекелдердің комплаенсін мейлінше азайту бойынша бақылау іс-шараларының жоспарын орындау шеңберінде қызметкерлер мен лауазымды тұлғалардың мүдделер қақтығыстарын декларациялау рәсімі енгізіледі және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңдарға сәйкес Қор компаниялары тобының лауазымды тұлғаларын жұмысқа кандидаттар ретінде қаралатын, сондай-ақ Қор компаниялары тобындағы басшы лауазымдарға тағайындалатын тұлғалармен үлестес екендігін тексеру рәсімін көздейтін қызметкерлерді іріктеу және жалдау мәселелері бойынша қағидалар бекітілді.

Компанияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тақырыбын жария ете отырып, демеушілік және донорлық қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету мәселесін айналып өтуге болмайды. Сонымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы Саясатқа сәйкес ҚМГ мемлекеттік органдарға, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға, олардың өкілдеріне, сондай-ақ өзге де тұлғаларға тікелей қайырымдылық және демеушілік көмек көрсетпейді. Қайырымдылық және демеушілік көмекті ҚМГ Комплаенс қызметінің келісімі бойынша және тек қана:

• «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына ақша қаражатын аудару;

• қайырымдылық мақсаттарға ескірген активтерді есептен шығару;

• жергілікті атқарушы органдардың өтініштері бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек көрсету.

Мажоритарлық акционер болып табылатын «Самұрық-Қазына» АҚ-тың қаражатты мақсатты жұмсау туралы кейіннен егжей-тегжейлі есеппен бірге нақты мақсаттарға бағытталған көмек көрсету туралы тиісті тапсырмасы ерекшелік бола алады.

Қорытындылай келе, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында жасалған сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілік ахуалын құру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандум туралы атап өту қажет, бұл компаниядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі барлық шаралардың тиісті және тиімді орындалуының кепілі болып табылады.