Басқарма
төрағасының үндеуі

Құрметпен,Айдарбаев Алик Серікұлы
Басқарма төрағасы

Құрметті оқырмандар,

Өткен жыл бәріміз үшін өте қиын болды. COVID-19 пандемиясы және карантиндік шаралар планетамыздың барлық тұрғындарына әсер етіп, жаһандық салдарға әкеп соқтырды.

Мұнай-газ саласы экономиканың ең көп зардап шеккен секторларының бірі болды. Көмірсутектерге сұраныстың төмендеуі және ОПЕК+ келісімі шеңберінде өндіруді шектеу бүкіл әлемдегі мұнай-газ компанияларының өндірістік және қаржылық көрсеткіштеріне теріс әсер етті. «ҚазМұнайГаз» да бұдан тыс қалған жоқ.

Дегенмен, барлық осы сын-қатерлерді біз лайықты қарсы алдық. Дағдарысқа қарсы жоспар уақтылы қабылданды, бұл пандемияның әсерін барынша азайтуға, өндірістік процестерді тоқтатуға жол бермеуге және компанияның қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Бұл ретте басым инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғас­тырылды.

Дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында «ҚазМұнайГаздың» қаржылық көрсеткіштері күтілгеннен жақсы қалыптасты. Компания оң еркін ақша ағынын жасады, шоғырландырылған борышты 488 миллион долларға төмендетті, акционерлер алдында «ҚазМұнайГаз» тарихындағы ең ірі – 82 миллиард теңге болған дивидендтер төлеу бойынша міндеттемелерді орындады. Салық және басқа да міндетті төлемдер сомасы 1,2 триллион теңгені құрады. Сондай-ақ, өңірлердегі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 3 миллиардтан астам теңге бөлінді.

Біз ұжымдық шарттар шеңберіндегі барлық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз еттік. Жыл сайынғы әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша өткен жылы әлеуметтік тұрақтылықтың интегралдық көрсеткіші 86 пайызды құрады. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялары арасындағы жоғары көрсеткіштердің бірі.

Дағдарыстың әсеріне қарамастан, біз өндірістік персонал үшін жұмыс орындарын сақтап қалдық және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша жұмысты жалғастырдық. Осылайша, Ақтөбе облысындағы Қаражанбас және Асар кен орындарында жаңа жатақханалар, вахталық кент салынды, Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлеріне 100 пәтердің кілті табыс етілді.

Сонымен қатар, компания алғашқы күннен бастап COVID-19 пандемиясымен жалпы күреске белсенді түрде қатысты. Қайырымдылық көмек аясында өңірлерге 6,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа жедел жәрдем машиналары, өкпені жасанды желдету аппараттары, жеке қорғаныс құралдары және т.б. сатып алынды.

Есепті кезеңде еңбек қызметіне байланысты өліммен аяқталған жазатайым оқиғалардың болмауы маңызды жетістік болғанын атап өту қажет. Мұндай көрсеткішке компания алғаш рет қол жеткізіп отыр.

Озық тәжірибелерді ескере отырып, біз үнемі корпоративтік стандарттарды жақсартуға ұмтылудамыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар саясат бекітіліп, Іскерлік этика кодексі жаңартылды. Өткен жылы осындай құжаттар 35 еншілес және тәуелді ұйымдарда қабылданды. Кешенді шараларды іске асыру 2020 жылды компаниялар тобы бойынша сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық фактісінсіз аяқтауға мүмкіндік берді.

Өзінің қағидаттарын басшылыққа ала отырып, «ҚазМұнайГаз» экологиялық іс-шараларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударады, бұл қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, ілеспе мұнай газының пайдалы түрде пайдалану көрсеткіші 98 пайызды құрады. Біз сондай-ақ атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарылуын қысқарта алдық. Қалдықтарды, оның ішінде тарихи қалдықтарды кәдеге жарату және ластанған жерлерді қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар орындалуда.

The Carbon Disclosure Project (CDP) халықаралық бастамасы аясында екінші жыл қатарынан біздегі көміртегі ізі есептеледі. 2020 жылғы тамызда «ҚазМұнайГаз» CDP климаттық сауалнамасы шеңберінде 2019 жылға парниктік газдар шығарындылары бойынша есеп жариялады. Сондай-ақ, CDP есептілігі кеңейтілді – су ресурстарын басқару жөніндегі деректер алғаш рет 2019 жылдың қорытындысы бойынша Су қауіпсіздігі жөніндегі сауалнама шеңберінде жарияланды.

Компания алғаш рет Sustainalytics халықаралық рейтингтік агенттігінің ESG-рейтингінен өтті және ықтимал 100 балдан 69 балл алды. Бұл тәуелсіз бағалау біздің орнықты даму саласындағы жыл сайынғы мақсатты жұмысымызды көрсетеді. Біздің қызметкерлеріміздің әрқайсысының үлкен үлесі.

SOCAR және басқа да мұнай-газ компанияларымен бірге Каспий өңірінің қоршаған ортасын қорғау жөніндегі бастамаға қосылдық. Бұл климаттың өзгеру проблемаларын шешуге және парниктік газдар шығарындыларын болдырмауға бағытталған белсенді бірлескен күш-жігерді көздейтін тағы бір маңызды қадам.

Біз қызметтің декарбонизациясы және жасыл технологияларға көшудің жаһандық трендін көріп отырмыз. «ҚазМұнайГаз» осы бағытта да дамитын болады және жаңартылатын энергия көздерін қалыпты, пәрменді, дәйекті дамытуға және қызметті декарбонизациялауға шоғырланатын болады. Қазірдің өзінде Төмен көміртекті даму бағдарламасын әзірлеу бойынша жобалық офис құрылды.

Тұтастай алғанда, корпоративтік басқаруды, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды жақсарту мәселелері біз үшін басты басымдықтар болып қала береді. Біз ортақ күш-жігерімізбен компанияның орнықты дамуы үшін барлық міндеттемелерімізді орындайтынымызға сенімдімін.