Жаңалықтар

07.10.2016

"Үздік маман-2016"

Қыркүйек айының 3-7 аралығында "Қазмұнайгаз" Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Маңғыстау, Атырау облысындағы өндіріс ошақтарында "Қазмұнайгаз" тобына қарайтын компания жұмысшыларының арасында "Үздік маман-2016" кәсіби шеберлік байқауының ақтық кезеңі өтті. Байқау "Қазмұнайгаз" ҰҚ АҚ-ның еншілес кәсіпорындарының алты өндіріс аумағында соның ішінде "Маңғыстаумұнайгаз", "ҚазТрансОйл", "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС, «Oil Services Company» ЖШС, «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-де өтті. Аталған байқау биылғы жылы екі кезеңді біріктіріп, кең көлемде жыл сайын өткізілетін дәстүрге айналды. Мұнай-газ кешенінің 36 кәсіп түрі бойынша 3000-ға жуық еншілес кәсіпорындардың жұмысшылары қатысты. Байқаудың қорытынды бөлігінде 126 қатысушы негізгі және жанама кәсіптің 20 түрінен атап айтар болсақ, химиялық анализдеу зертханашысы, жүк операторы, электрогазбен дәнекерлеуші, электромонтер, мұнай және газ өндіру операторы, қабат қысымын ұстау операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, техникалық жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету операторы, көлік кранының машинисі, көлік жүргізушісі, цементтеу агрегатының моторист-машинисі, токарь, техникалық қондырғы операторы, техникалық сорап машинисі, ПРС бригадасы, КРС бригадасы, бұрғылау бригадасы, компрессорлық техника машинисінің майталмандары өз шеберлерліктерін сынға салды. Теориялық және практикалық тапсырмаларды орындау барысында өндірістік нысандарда арнайы жабдықталған жұмыс алаңдары, бөлмелер, құрал саймандар мен жабдықтар дйындалды. Аталған байқауға жоғары кәсіби шеберлігі мен адал еңбегін дәлелдеген мамандар ғана қатысты. 2016 жылғы байқаудың ерекшелігі байқаудың тарихында бірінші рет "Қазмұнайгаздың" арнайы веб-сайтынан сайыстың өту барысы туралы жаңалықтарды бақылап отыруға болады. Байқау өтіп жатқан алаңдарда фотографтар мен тілшілер жұмыс жасады. Әр аймақтағы корпоративтік порталдың қолданушылары байқауды онлайн режимінде көруіне мүмкіндігі бар. Барлық жеңімпаздарды Қазмұнайгазға қарасты кәсіпорын сарапшыларынан тұратын қазылар алқасы анықтайды.

7 қазан күні Абай демалыс кешенінде "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ басқармасының қатысуымен жеңімпаздарды марапаттау, сайысты қорытындылау салтанатты жиыны өтті. "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті С.С.Әбденов жоғары нәтиже көрсеткен барлық қатысушыларды құттықтай келе:
-Ел Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай ұйымдастырылған кәсіби "Үздік маман" байқауында жеңіске жету үлкен жетістік деп білемін. Сіздер 80 000 мың жұмысшының ішінен іріктеліп, үздік деп танылдыңыздар. Жоғары кәсіби шеберлік пен білімдеріңізді көрсету арқылы ел экономикасының маңызды саласы боп табылатын "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ –ның дамуы үшін өлшеусіз үлестеріңізді қосып жатырсыздар,-деді.

Сондай-ақ, басқарма басшыларының айтуынша шеберлік байқауы әріптестік қарым-қатынасты нығайту, еңбек адамдарының біліктілігін көтеруге мейлінше ықпал етеді.

Қосымша:
"Үздік маман-2016" кәсіби байқауының жеңімпаздар тізімі.