Әлеуметтік тұрақтылық

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі: жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы ішкі коммуникациялардың бірыңғай жүйесінің Регламенті қабылданды, оған сәйкес еншілес және тәуелді ұйымдардың басшылары міндетті түрде жылына екі рет еңбек ұжымдарымен кездеседі. Осы кездесулерде жұмыскерлерге кәсіпорынның қызметі туралы ақпарат ұсынылып, барлық сұрақтарына жауап беріледі; ҚМГ-ның өндірістік кәсіпорындарының аумағында жиналыс (конференция) өткізу жөніндегі Ережелер қабылданды. Оған сәйкес жұмыскерлер жиналыс (конференция) өткізілетін орны мен күні туралы жұмыс берушіге алдын ала хабар береді, ал жұмыс беруші өз кезегінде жұмыскерлердің осындай жиналысын өткізуге үй-жай бөліп, жағдай жасауға міндетті.

ҚМГ кәсіпорындарының ұжымдық шарттарында қызметкерлерге көрсетілген әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілген, олардың мөлшері мен саны компанияның қаржылық мүмкіндігіне және кәсіподақтармен келіссөз жүргізу процесіне байланысты.

Ұжымдық шарттың типтік үлгісі бекітілген. Бұл құжатта еңбек қатынастарының басқа да бірыңғай шарттарымен қатар туындаған еңбек даулары мен қақтығыстарды шешудің талаптары да қарастырылады. ҚМГ тобының еңбек ұжымдарын топтастыру үшін «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы, Спартакида сияқты корпоративтік іс-шаралар ұйымдастырылады және өткізіледі. Бұл шаралар бірнеше жыл бойы дәстүрлі өткізіліп келеді.

Жыл сайын ҚМГ компаниялар тобы бойынша Әлеуметтік тұрақтылықтың индексіне зерттеу жүргізіледі. Оның нәтижелері бойынша кәсіпорындарда еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты жоғарылату және еңбек жағдайларын жақсартудың Іс-шаралар жоспары әзірленеді.

ҚМГ өндірісінің аумақтарында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ нысандарында қызметін жүргізетін мердігерлік ұйымдармен өзара іс-қимыл регламенті қабылданды. Регламенттің басты мақсаты мердігерлік ұйымдардың жұмыскерлері үшін еңбек қатынастары саласында бекітілген кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.