Су ресурстарын пайдалану

Су ҚМГ-нің барлық өндірістік процестерінің ажырамас бөлігі болып табылады. Компания өз қызметінде су тұтыну көлемін қысқартуға, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға, суды қайталап және айналымда пайдалануды өсіруге, ағынды сулардың сапасын арттыруға және табиғи су объектілеріне тиетін әсерді барынша азайтуға ұмтылады.

ҚМГ компаниялар тобының су ресурстарын пайдалану бөлігіндегі қызметі корпоративтік орталықта шоғырландырылады, онда компанияның елдің су ресурстарына жиынтық әсері талданады. Сонымен қатар, корпоративтік орталық жетістіктерді, проблемаларды, тәуекелдерді талдайды және жақсартуға арналған салаларды, болашақ қызмет үшін мақсаттар мен міндеттерді белгілейді, су тұтыну серпініне және оның кеңістікте таралуына салыстырмалы талдау жүргізеді.

2018 жылы Компанияда су ресурстарын басқару бойынша корпоративтік стандарт қабылданды, ол компаниялар тобында біртіндеп енгізілуде. Стандарт ҚМГ-нің су ресурстарын пайдалану бөлігіндегі басты қағидаттары – 8 «Су» қағидатын негіз етіп алады, ҚМГ-нің еншілес және тәуелді компанияларындағы су ресурстарын басқару тәсілін жүйелейді, сондай-ақ Компанияның басшылары мен қызметкерлерінің тұщы суды сақтау мәселесіне бейілділігін арттыруға көмектеседі.

2019 жылы «Мұнай өндіру» бағыты бойынша су тұтынудың үлестік коэффициенті өндірілген мұнайдың 1 мың тоннасына шаққанда, 2.27 м3 суды құрады;

2019 жылы «Мұнай өңдеу» бағыты бойынша су тұтынудың үлестік коэффициенті өңделген мұнайдың 1 мың тоннасына шаққанда, 1.03 м3 суды құрады;

ҚМГ көмірсутектерді өндірумен, тасымалдаумен және өңдеумен айналысатын тігінен интеграцияланған компания болып табылады. Барлық процестер судың едәуір көлемін пайдалануды талап етеді. ҚМГ жерүсті, жерасты су көздерінен, муниципалдық сумен жабдықтау жүйелерінен және Каспий теңізінен су алуды жүзеге асырады.

Әртүрлі мамандандырылған қабылдағыштар ҚМГ кәсіпорындарының ағынды суларының негізгі қабылдағышы (және соңғы пункті) болып табылады: жинағыш тоғандар, булану алаңдары және сүзу алаңдары. Бұл объектілер ағынды суларды табиғи тазартуға және қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге арналған техникалық құрылыстар болып табылады. Өз жинақтағыштары жоқ кәсіпорындар тазарту және кәдеге жарату үшін ағындарды мамандандырылған компанияларға береді. Экологиялық заңнамада белгіленген ағызылатын су сапасының нормативтеріне ағынды суларды тазартудың механикалық және биологиялық әдістерін пайдалану есебінен қол жеткізіледі.

Бірақ жерүсті табиғи су қоймаларына ағынды суларды ағызылмайды. Сондай-ақ, ҚР заңнамасында ағынды суларды жерүсті табиғи су қоймаларына ағызуға тыйым салынады.

Қайта тазартылған су көлікті жуу, шаңды басу және өртке қарсы жүйелерді қоректендіру үшін қайта пайдаланылады. Бұл ретте, тазартылған ағынды судың елеулі көлемі мұнай өңдеу зауыттарында екінші рет пайдаланылады, онда 2019 жылы 3,2 млн.м3 тазартылған ағынды су қайта пайдаланылады, негізінен, бұл су айналымдағы сумен жабдықтау блоктарын қоректендіру үшін пайдаланылады. ҚМГ зауыттарында суды қайта пайдалану проценті 19%-ті құрады.

Су ресурстарын басқару жөніндегі деректер алғаш рет 2019 жылдың қорытындысы бойынша Су қауіпсіздігі жөніндегі сауалнама шеңберінде CDP алаңында жарияланды.

Ағынды суды қысқартуға және табиғи су көздерінен су тартуды азайтуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Жоспарлар туралы толық ақпаратпен ҚМГ-нің 2019 жылға арналған орнықты дамуы туралы есептің 69-70-беттерінде танысуға болады, сондай-ақ Су қауіпсіздігі бойынша CDP сауалнамасында.